Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 12 Қараша 2024

Құспандар теориясы: Әскердегі былықтарға Айгүлдің «подружкалары» кінәлі

Абзал Құспан мен Айгүл Құспан
Фото: Абзал Құспан мен Айгүл Құспан\ Жас Алаш коллаж

Қазақ армиясында соңғы болып жатқан оқыс оқиғаларды, суицид жағдайларын, әдейі жасалған қастық, әлімжеттік оқиғаларды газетіміздің бетінде ұдайы жазып келеміз.

«Мемлекетке сап-сау бала беріп, сүйегін алдым». Баласы армияда қаза болған ананың әңгімесі», «Баламды үкіметке сеніп тапсыра алмаймын!». Қазақстан армиясы – Барсакелмес пе?» атты газет бетінде жария көрген мақалаларымызда әскердегі оқиғаларды барынша қамтып, мамандармен сөйлесіп, мәселені жиі қозғаймыз. Әскерге барып, қаза болған балалардың ата-аналарының да жанайқайын сөз еттік. Бір ғана Ербаянның басына түскен ауыртпашылық бәріміздің жанымызға батты.

Бірақ әдетке айналған бұндай шетін оқиғалар азайған жоқ. Тіпті қыркүйектегі президенттің жолдауынан кейін де әскери қызметкерлер мен сарбаздардың арасындағы оқыс оқиғалар үдеп кетті.7-қараша күні Түркістан облысы Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында әскерде қаза болған сарбазды жер қойнына тапсырды. 18 жастағы Мұхамедияр Тастан Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданындағы ҰҚК шекара қызметіне қарасты әскери бөлімде азаматтық борышын өтеп жүрген. Ресми ақпарат бойынша «сарбаз өзіне екі рет оқ атып, қаза болған». Ал баланың ата-анасы ұлдарының мәйітін көріп, тіпті танымай қалған. Шекаралық бөлімге арнайы медициналық тексерістерден кейін, іріктеп жіберетіні белгілі. Сол себепті Мұхамедиярдың әке-шешесі мен туыстары, баланың өзін-өзі атып өлтіргеніне сенбейді. Сарбазды осындай өлімге апарғандарды ұстап беруді сұраған ата-ананың арызы орындала ма? Жауап беру де қиын.

Хош делік. Адам жанын шошытып, денесін түршіктіретін оқиғаларды күн сайын демесек те, айына бірнешеуін кезіктіреміз. Ақпараттық ағынның ықпалы да, жетуі де – күшті. Астанада Қорғаныс министрлігінің алдында қаза болған балаларының өтеуін сұрап, әділдік іздеп жүрген аналардың зарын да естіп жатырмыз. Бірақ оған мыңқ етер Руслан Жақсылықов көрінбейді. Парламент те – үнсіз.

Осындай жағдайлардан кейін қазақ жастарының арасында әскерге бару деген өлімге бару дегенмен бірдей көріне бастағаны жасырын емес. Бұрын «әскери билет» үшін әйтеуір барып-келуді ойласа, қазір тіпті оның үшін де басын қатерге тіккісі келмейді. Ал бұл мәселені парламент депутаттары мүлде басқаша көреді екен. Жастардың әскери-патриоттық сезімі төмен болғандықтан, қазақ жастары сарбаз атанғысы келмейді деп, білдей бір заң жобасын әзірлеп тастапты.

Күні кеше парламент мәжілісінің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әскери-патриоттық тәрбие мәселелері бойынша толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы заңының жобасын таныстырды.

Баяндамасының алдында Тоқаев сөзінен мысал келтіруді ұмытпаған Айгүл Құспан басқа емес, президенттің 2022 жылғы 11-қаңтарда айтқан сөзін келтірді. Ол кезде президент: «Көптеген жас азаматтарымыз Қарулы күштер қатарында әскери борышын өтеуден қашады. Әскери билетке ие болу жастардың мақтанышын тудырмайды және Отанға қызмет етудің белгісі саналмайтын болды» деген. Осы сөзін басшылыққа алған депутаттық топ жастардың патриоттық сезімін қалай көтереміз деп ұзақ бас қатырғанға ұқсайды. Сөйтіп, үш жылға жуық уақыт ойланып-толғанып, арнайы заң қабылдап, ол заңды орындауды Қорғаныс министрлігі жанынан құрылатын патриоттық тәрбие жөніндегі үйлестіру кеңесіне жүктемек.

Музыка жазылса, бәрі шешіледі...

Айгүл Құспан
Фото: ашық дереккөз

Әскери-патриоттық тәрбие мәселелерінде үйлестірілген және келісілген жұмысты жүзеге асыру үшін орталық және жергілікті атқарушы органдардың функцияларына тиісті толықтырулар енгізу ұсынған депутат Айгүл Құспан:

«Қазақстан армиясының жағымды бейнесін қалыптастыру үшін көркем және деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шынайы ақпарат беру; Әскери-патриоттық тәрбиені дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу; Бағдарламалық іс-шараларды ұйымдастыру барысында азаматтарды әскери-патриоттық тәрбиелеуде барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың және қоғамдық бірлестіктердің күш-жігері мен мүмкіндіктерін біріктіру керек», – дейді.

Сондай-ақ енді 16 жасқа толған жасөспірімдер туралы базалық дерек жинақталмақшы. Онда азаматтардың біліміне, денсаулығына, қабілетіне байланысты барлық ақпарат болады. Әскерге соған қарап шақырмақ. Депутаттың бұл ұсынысы күмән тудырады. Өйткені еліміздегі телеарналардың саясатында, БАҚ ұстанымдарында онсыз да ұлттық сана-сезімді, патриоттықты қалыптастыру бағыты бар. Оған арнайы қаражат бөлініп, мақалалар жазылып, сериалдар да түсіріледі. Ұлттық киноны қолдау қоры арқылы да патриоттыққа тәрбиелейтін фильмдер түсіріліп жатыр, оған миллиондап ақша бөлінеді. Енді Қорғаныс министрлігі жанынан контент үшін тағы қаражат қарастырылатын болса, бояуды тым қалыңдатып жібермей ме? Және ең бастысы, бұл қадам мәселені шеше ме?

Аманжол Әлтай
Фото: ашық дереккөз

Тағы бір депутат, айтыс ақыны Аманжол Әлтай:

«Отанын қорғауға сап-сау кеткен бала кемтар болып оралып жатады, кейде табытпен келіп жатады. Жасөспірімнің жүрегін шайлықтыратын, ынтасын төмендететін ақпараттар жастардың әскерге баруға деген талабын төмендетіп бара жатқаны ақиқат. Осы тұста біздің әскердің бүгінгі қару күштердің айбынын көрсететін, келбетін көрсететін контенттердің жетіспейтіні анық аңғарылады. Бүгінгі таңда ақпараттық кеңістікте коммуникацияның жетімсіздігі көрінеді. Осы объективті контенттердің болмауының себебі неде?» деп, мәселе көтергендей сөз бастап, соңында Айгүл Құспанның «деректі фильмдер жасау, музыка және әдеби шығармалар тудыру, баспа өнімдерін шығару, телеарналарда әскерлер туралы циклды хабарлар жүргізу және әлеуметтік желілерде шынайы ақпарат беру» деген сөзін қолдап шықты.

Әжептәуір басталған сөзінен еліміздегі әскерде болып жатқан былықтарды айта ма десек, өйтпеді.

Патриот болу әскерге барумен өлшене ме?

 Ермек Сейітбатталов
Фото: ашық дереккөз

Әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов: «Мемлекет халық, этнос кезінде құралмайды. Мемлекет ұлт болғанда құрылады. Ұлтты біріктіретін – ұлттық мүдде. Ұлттық мүддені ұстап тұратын – идеология. Тарихымыз, әдебиетіміз елге жетпей жатса, оны қорғаныс саласының мамандары жеткізе ме? Әр азаматтың өзінің ынтасы, құштарлығы – Отанды қорғау деген. Ол балабақшадан, жанұядан басталады. Азаматтар әскерге бару үшін алдымен туғанынан бастап көңіл бөлейік. Оның азаматтық қадірі барын жастайынан сезіну керек. Орта жолдан неге патриот бола қалмадың деп, бас салатын робот емес қой. Миын ашып, бар программаны құя салатын. Жүйе болуы керек. Жастар ел алдында қадірі барын білсе, өздері де құлшынады. Сол кезде патриотизм болады», – дейді.

Қорғаныс министрінің орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаевтың мәліметінше, қыркүйекке дейін әлімжеттіктің 13 фактісі тіркелген. Былтыр – 23, 2021 жылы – 32 жағдай болған. Бұл ресми дерек. «Әскерге дейінгі жастардың әскери тәрбие жұмысын құрып, сержанттардың, офицерлердің әскери-патриоттық тәрбиесінің сапасын көтереміз» деген Жазықбаев қалыптасып қалған офицерлерді енді қалай түзейін деп жүргенін Құдай білсін. Сарбаз түгілі әскери қызметкерлердің бірін-бірі соққыға жыққан видеосы тарап, президенттің өзі араласқан соң, Қазақ армиясындағы жағдайды елестетудің өзі қиын. Бірақ біздің Айгүл Құспан ханым әскерде ондай былықтың барына сенбейтін көрінеді. Тіпті армияда бәрі жақсы деп есептейтін болса керек. Парламент мінберінде тұрып: «Әскери қызмет туралы жағымсыз, тіпті анайы ақпараттар мәжілістің жұмыс тобында да, арнайы ұйымдастырған дөңгелек үстелімізде, комитетімізде де әбден талқыланды. Дегенмен статистикамыз бойынша осыдан 25 жыл, 30 жыл бұрын болған жағдайлармен салыстырсақ, қазіргі армияда құқықбұзушылықтың саны айтарлықтай азайды. Ақпараттық кеңістікте таратылып жатқан әскери қызметшілер арасындағы жаппай жарғылық емес қатынас туралы алып-қашпа сөздер шындық ауылынан алыс деп сендіремін сіздерді», – деп, ант су ішті.

Сонда балаларының өлімін жоқтап жүрген аналардың зары, Ербаянның еміне ақша жинап, шыр-пыр болған халықтың, оны шетелге дейін тасып емдетіп жүрген ата-анасының зары – алып-қашпа сөз болғаны ма? Әскерде әлімжеттік барын мойындамаған Жақсылықов бірде армияға аман барған сарбаздың аман қайтуына кепілдік бере алмайтынын айтқан болатын. Бұл сөзінің астарында ашық болмаса да, мойындау бар еді. Журналистердің сұрақтарына қиқаңдап әртүрлі жауап беретін сол Жақсылықов ата-аналардың алдына келіп, бір жауап беруге де жараған жоқ. «Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады» деген сөзді Жақсылықов пен Құспан кім айтқанын біле ме екен? Жақсылықов білмесе де, президенттен мысал келтіретін Айгүл Құспан жақсы білуге тиіс. Бұл Тоқаевтың биылғы жолдауында айтқан сөзі. Бұл сөздің де астарында әскерге барған сарбаздың өміріне мемлекет жауапты деген сөз жатқан жоқ па?! Сау барып, сау қайтсын, өлтіріп алмаңдар деген ескерту ғой. Басқа емес, саясатты жақсы білетін ханымдар мен мырзалар осы сөздің астарын неге заң жобаларына енгізбеді? Әскер жақсы, жасөспірім жаман болып шыға келді.

Әскери борыш – таңертең жүгіріп, кешке ұйықтау емес

Ермек Сейітбатталов: «Жүйе болмаса, бағдарламалар ештеңе шешпейді. Ұлттық масштабтағы жүйе керек. Бұрын әскерге барып келген жігіттер өмірді түсініп қайтатын. Әскери өмір азаматтық өмірден жоғары тұратын. Білім үйреніп, тіршілікке икемделіп келетін. Қазір ондай емес. Азаматтық өмір әскерден тың. Әскер бұрынғы қалпында қалды. Жастар емес, әскердің өзі өзгеруі керек. Балабақшадағыдай таңертең тұрғызып, тамақ беріп, жүгіртіп, ұйықтатады. Не ол? Даярлық оқулары жүру керек. Әскерден келгенде жоғары деңгейлі азамат болып қалыптасу керек. Қазір әскерге бармасаң, ештеңе жоғалтпайсың. Бұл деректі фильм, музыкалық шығармамен өзгеретін дүние ме?» – дейді.

Ең қызығы, Айгүл Құспан жасөспірімдердің патриоттық сезімі төмен болуы аналардың кінәсі деп есептейді екен. «Менің таныстарымның өздері, подругаларым: «Ой, баламды бермеймін, не істеуге болады, ана кафедраға берейін, 500 мың ақшасын төлейін дейді. Біздің аналарымыз сөйтеді. Қорқады. Армияның бедел-бейнесі жоғалып, жаман бейнесі қалыптасты. Оны біз өзгертуіміз керек. Оған бәріміз кінәліміз. Мысалы, аналар үйде, кухняда не дейді? «Ой, на Западе хорошо. А у нас плохо. В нормальных государствах вот так, а у нас вот так». Өзіміз бастаймыз үйде. Жүйеміз бұзылды. Білім беру жүйесі бұзылды. Отбасы институты, ақсақалдар институты бұзылды. «Қақпас, шал» дейді. Аналардың бейнесі бұзылды. Ажырасып жатқан отбасылар қаншама. Соның бәрі содан басталады», – деп, шатып-пұтып, шала қазақшасымен әңгіменің түбін асханаға барып тіреді.

Әлтай майдалап контент жасауды қолдаса және бір депутат Абзал Құспан жастардың көбі армия өмірінен бейхабар, көбі әскерге шақырылмайы деп дабыл қақты. Арасында іргемізде соғыс тұр деп қорқытуды да ұмытқан жоқ.

«Кейінгі жағдайды бәріміз көріп отырмыз. Не болып бара жатқанын. Соғыс деген нәрсе біз қаласақ та, қаламасақ та іргемізге келіп тұр. Ал енді қараңыз, армияға шақырылатын орын – 40 мың адам. Жыл сайын. 2024 жылғы есеп бойынша біздегі 18-27 жастағы азаматтардың саны – 1 млн 221 адам. Сонда үш пайызға жетпейтін адам армияға тартылады. 97 пайыз жас азаматтар армияның тәртібінен хабары жоқ, қару ұстауды да білмейді. Заманауи құрал-жабдықтарды қолдана алмайды. Әрбірден соң, психологиялық тұрғыда дайын емес. Күндердің күнінде ел басына күн туа қалған жағдайда олар тура мағынасында «пушечное мясоға» айналады. Мен өзім әскери кафедрада оқыдым. Мен мылтықты, автоматты ұстай аламын. Ұмыта қойған жоқпын. БМП, танкіден хабарым бар. Жүргізе алмаспын, әрине, бір жерге командир бола алмаспын. Ең болмаса, бір жағдай бола қалғанда қолымызға қару алуға қауқарлымыз ғой. Мен осы мәселені көтердім», – деді парламент кулуарында.

Депутаттардың бұлайша бірінің аузынан бірі жұлып алып, бір-бірін қолдап, сонша сөз айтқанда, «армиядағы жағдайды да бір тексеріп көрсек қайтеді осы?» деген бірі жоқ. Абзал Құспанның сөзін қоғам белсендісі Ауыт Мұқибек іліп әкетіп, қандастарды әкелу керек: «Шеттен бір қазақ артық келсе, жауға бір оқ артық атады» деп салды. Айдың-күннің аманында бұлар кіммен атысайын деп жүргенін... Бұл не қылған үрей себу? Егер, соғыстан шын қауіптенсе, жауға оқ ата алатын, мылтық ұстауды ұмыта қоймаған (!) сарбаз ғана емес, заманауи қару-жарақ, заманауи әскери стратегия, т.б. қаптаған проблема барын неге айтпайды? Жүргенінен тұрғаны көп, бұзыла беретін, Ресейден алған қаңсық техниканы неге айтпайды?

Сөз жоқ, қазақ армиясы мықты болуы керек. Және көп болуға тиіс. Бірақ Ермек Сейітбатталов айтқандай, бірінші – армияның өзі өзгерсін.

Айгүл Құспан айтқандай, қоғамдық институттар қирап жатса, оған аналардың жазығы жоқ. Мемлекет идеологиясын аналар жүргізіп отыр ма еді?

Абзал Құспан айтқандай, қазақ баласы «пушечное мясо» бола қоймас. Баяғыда бір данышпан «алдымен өзіңді түзе» депті ғой. Сол сияқты қазақ армиясы түзелмек ойы болса, алдымен өзі – түзелсін. Құспандар жастармен, олардың аналарымен емес, әскерилермен алысса дұрыс болар еді.

Қасым Арықбай