Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 31 Мамыр 2024

Күйеуін айдаудан құтқарған Сақыш

1

«Шаш ал десе, бас алатын» заманда өмір сүрген аға ұрпақ өкілдерінің тағдыры туралы біз көп біле бермейміз.

 Олардың сорына қарай елді қуғын-сүргінге ұшыратқан «ұлы көсем» Сталин басқарып тұрды. Өмірі өз ауылынан, өз аудан аумағынан сыртқа шығып көрмеген, саясаттың не екенін білмейтін қарапайым қазақтың аяқастынан халық жауы болып шыға келуі ол заман үшін түк емес еді. Мұндай адамдардың көпшілігінің тағдыры біз үшін құпия.

Қылышынан қан тамып тұрған 37-жылы бүгінде Қостанай облысына жақсы белгілі Шолақсай шаруашылығының директоры Ихтиляпов Өмірзақтың әкесі Бекділдә 21 жаста болатын. Ол Семиозер банкінде бухгалтер болып қызмет істеп жүрді. Өмірін енді бастап келе жатқан осындай албырт шағында аяқастынан халық жауы болып шыға келді. Не үшін? «Алашордамен» байланысы бар екен. Солай деп бір қазақ көрсеткен. Оның өзі де «жау» болып шығыпты. Сосын жалғыз кетпей, біреуді ала кетпек болған. Бекділдә Тоқсан болыстың жиені болғандықтан күдіктілердің қатарында еді.

Билік басындағылардың көлеңкесінен қорқып, жеке бастарын үрей билеген заманда қанша адал болсаң да, өзіңді-өзің ақтап алу мүмкін емес болатын. Жазықсыз Бекділдә комсомолдан шығарылып, тұтқындалады.

Сот Бекділдәні 10 жылға соттап, Свердловск облысындағы НКВД-ның Таберлинск лагеріне жібереді. Оны алғаш карцерде ұстайды. Жалаңаш аяғымен мұздың үстіне тұрғызады. Бұлай екі сағат тұрған адам есінен айырылады екен.

Бекділдә сауатты адам болатын. Әйелі Сақышқа «адвокат жалдап, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетіне арыздан» деп, таныс күзетшіден записка жібереді. Жарты жылдан кейін жауап келеді. Онда күйеуінің қай лагерьде жатқандығы көрсетілген еді.

Бұрынғы одақтық орталық газеттердің бірінен патшалық Ресей заманын-

да Сібірге жер аударылған декабристерді әйелдері соңынан іздеп баруын үлкен ерлікке бағалаған мақала оқығаным бар еді. Аудан аумағынан шығып көрмеген 21 жасар қазақ әйелі Сақыш та сол декабристердің әйелдерінен кем түспейді. Ол да күйеуін көріп, жағдайын білу үшін азық-түлігін, қажетті заттарын артынып-тартынып, бірде жаяу, бірде кездескен өгіз-арбамен жолға аттанады. Ол кезде қазіргідей техника жоқ. Қостанай қаласында теміржол да болмаған еді. Ұзақ күндер жол азабын тартып, алғаш Троицкіге келіп, содан Челябі арқылы Свердловскі облысындағы лагерьге жетеді. Сақыш Уралда егде башқұрт әйелдерімен танысады. Олар мұның қазақ екенін білген соң туысқан халық ретінде құшақ жайып, бауырмалдық танытады. Ағаш шабу ісінде жүрген күйеуін шалғайдағы ауылдан іздеп келгендігін ерлікке балап, бұған қамқорлық жасайды. Лагерьдегі бастықтардың бірі Сақыштың күйеуімен жолығуына көмектеседі. Башқұрт бауырлардың қамқорлығын жақсы сезінген Сақыш өз туыстарын тапқандай болады.

Кейін лагерьге тағы екі рет келгенде де башқұрт бауырлар жанашырлық танытып, қамқорлық көрсетеді. Әйелінің соңынан іздеп келуі Бекділдәні өлімнен құтқарғандай болады. Ауыр жұмыста әрі ашқұрсақ жүргендіктен денесі ісініп кеткен еді. Лагерьде түрлі жағдайларды бастан өткереді. Ағаш құлатып, оны өзенмен ағызып жүргенінде аяғы тайғанап кетіп, мұздай суға құлап, өкпе қабынуы ауруына ұшырайды.

Күйеуіне азық-түлік әрі моральдық қолдау қажеттігін түсінген Сақыш бұдан кейін лагерьге екі рет келеді. Бұл Бекділдәнің рухын көтеріп, үлкен күш-жігер береді. Өмірге деген құштарлығын арттырады.

Сақыш Орталық Комитетке арыз жазып жүріп, күйеуін лагерьден шығарып алады. Көп ұзамай соғыс басталады. Лагерьде отырғандықтан оны тұрақты армияға алмайды. Ол Өзбекстандағы Термез әскери-пулемет училищесін бітірген еді. Училищеден кейін өз бөлімімен Ауғанстан мен Түркия шекарасында тұрды. Бүкіл соғыс бойы жеңіске жеткенге дейін бұл жерде Кеңес армиясының дивизиясы тұрған. 1945 жылы Бекділдә аман-сау елге оралды.

Соғыстан кейін ел тұрмысы өте ауыр болды. Бекділдә мен Сақышқа да оңай соққан жоқ. Соғысқа дейін туған үш баласын жер қойнына тапсырды. Соғыстан кейін отбасы қайта толыға бастады. Бекділдә Ворошилов атындағы колхозға бухгалтер болып тағайындалды. Сосын осы мамандық бойынша жұмысшы кооперациясында істеді. Әкесі Өмірзаққа арнап сол заманның жағдайымен салыстырғанда темір шатырлы әп-әдемі үй салды. Бұл үшін банктен қарызданып, ақша алған еді. Сол үй Шолақсайда әлі тұр. Онда адамдар әлі тұрады. Тек Бекділдәнің бұл үйдегі ғұмыры ұзаққа созылмады. Денсаулығы нашарлай берді. Ал қарыз ақша болса, әлі мойнында тұр. Не істеу керек? Жағдай «олай-бұлай» болып кетсе, ол ақшаны кім төлейді? Балаларының болашағы қалай болмақ? Осыған қатты мазасызданған әке әрі ойлап, бері ойлап, ақыры өзінің мүгедек екендігін, үкіметтің беретін жәрдемақысы банктен үй салуға алған ақшасын өтеуге жетпейтіндігін, балаларын интернаттарға орналастыруға көмектесуін сұрап, Кремльге хат жазады. Конверт сыртындағы «Москва. Кремль» деген жазу поштадағылардың зәресін ұшырып, әбігерге түсіреді. Өйткені тура Кремльге бағышталып жазылған хатты олар бұрын-соңды көріп-білмеген еді. Сондықтан конвертті қабылдаудан бас тартады. Ауылдағы қарапайым адамның ең жоғарғы билік орнына хат жазғандығы ауданға да тез мәлім болады. Поштадағылар қанша қасарғанымен Бекділдә да хаттың тиісті адреске жіберілуін талап етіп, қоймайды. Ақыры хат жөнелтіледі. Біраз уақыт өткеннен кейін жауап келеді. Оны хат тасушы Ихтиляповтарға емес, алдымен парторгке әкеп береді. Парторг оның мазмұнымен танысқаннан кейін ғана Бекділдәнің қолына тиеді. Сол хаттың шапағатымен банктен алған ақша «списайть» етіледі.

Бекділдәнің аман қалуы, отбасын ойлап, бала өсіруі сол кезеңнің өлшемімен қарасаңыз, өте сирек кездесетін жағдай. Ол осы ғұмырға жетуіне себеп болған жары Сақыштың қайсарлығы. Сол кезеңдегі қазақ әйелінің сынбаған рухын көрсетеді. Тек ұлт зиялыларының емес, қарапайым қазақтың да жарлары отбасы үшін, күйеуі үшін неге болса да дайын еді.

Қазақ әйелі – қайсар әйел.

Дамир Әбішев

Қостанай

Тегтер: