Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:00

Күйлерінде домбыраны жетілдіре түсті

Нұрғиса Тілендиев
Фото: ашық дереккөз

Нұрғиса Тілендиев феномені дегенде алдымен тілге тиек ететініміз оның білімі. Өйткені ол төрт-бес жасынан әкесінен күй тартуды үйренді. Одан кейін Алматыға келіп Чайковский атындағы музыка колледжінде оқыды, ұстазы Ахмет Жұбановтан сабақ алды, Мәскеуде Аносов мырзаның шеберханасында дерижерлікті бітірді. Тілендиев шығармаларының осындай терең, ауқымды һәм сапалы болуының себебі осы – академиялық білімінде жатыр деп ойлаймын.

 Академиялық білімнің астын сызып айтып отырған себебім, өткен ғасырда академиялық білімді екінің бірі ала алмайтын еді. Мәскеуден білім алып, Алматыға келіп, ары қарай сол білімін ұштастырып, оны қазаққа сіңіре білгендердің бірі және бірегейі – Тілендиев еді. Ол уақытта Мәскеуден білім алу қазіргі Гарвардта оқығанмен тең. Сол себепті оның білімін айрықша атап өткім келеді. Соның арқасында Тілендиевтің репертуары жанрлық жағынан кең болды. Егер Тілендиев музыка ордасында оқымай, Жұбановқа бармағанда немесе Мәскеуде қиналып білім алмағанда оның музыкалық қоржыны мұншама кең де терең болмас еді. Тілендиевте соншама білім болмағанда ол симфониялық поэма, симфониялық күй дейтін жанрларға жоламас та еді. Әнін шығарып, күйін орындап отыра беретін. 

 Тілендиевтің тағы бір қыры – ұлттық музыка мен академиялық музыканы ұштастыра алуында. Оның шығармаларындағы ұлттық рух КСРО-ның қылышынан қан тамып тұрған уақытында болды. Сол кезде ол «мынадай күйіміз бар, оны ұлттық оркестрмен сүйемелдесең мынадай музыка пайда болады» деп халыққа таныстырды. КСРО империясы дүрілдеп тұрған кезде бүкіл шығармаларының атауын қазақша қойды. Егер шетелге шығайын, билікке жағынайын десе бес-алты күйіне орысша ат беруге болатын еді. Ол заманда бұл қалыпты жағдай еді. Бірақ Тілендиев ондай қадамға бармады. Оның академиялық шығармаларында да ұлттық рух жалындап тұрды. 

 Тілендиев қырының тағы бірі – күй. Жалпы күй жанымызға жақын, құлағымызға майдай жағатын әдемі форма ғой. Осыны жандандырып, жаңа формаға енгізіп, әдемі драматургиямен халыққа ұсына білді. Оның күйге деген сезімі мен махаббаты ерекше еді.

  Нұрғиса феномені дегенде еске түсетіні оның 400-ден аса шығарма қалдыруында. Оның осыншама шығарма жазуының өзін елестету қиын. Тағы бір айта кетерлігі – 400 шығарманың 300-і ән, 100-і күй емес. Ол жерде опера, балет, күй, балет-поэма, эстрадалық ән, күйді әртүрлі интерпретацияда заманауи етіп шығару да бар. ХХ ғасырда ондай әдіс болмаса да күйді ерекше заманауи етіп шығарудың алғашқылардың бірі болды. Сондықтан Тілендиевтің академиялық музыка мен ұлттық музыкаға қосқан үлесін алып тастасақ қандай орын бос боп қалатынын көреміз.  

Ол композитор ретінде ұлттық және әлемдік музыкалық үрдістерді ұштастыра білді. Мысалы, оркестрлік күй. Оның формасы рондальды болды. Бір жағынан Тілендиев мұндай туындыларында симфониялық полотноны барынша сақтауға тырысты. Ұлттық жағынан қарасаң, мұндай туындылардың негізгі тақырыбы – күй. Күйдің даму драматургиясын толыққанды сақтады. Оған қоса өлшем еркіндігін де сақтады. Біздің музыкада өлшем еркін, ал Еуропада стандартты болып келеді. Оларда музыка өлшемі 3-4-такттен кейін ғана өзгереді. Ал бізде ол стандарт сақталмайды. Мысалы, «Япурайдың» өзінде өлшем қаншама рет өзгереді. Сол жағынан Тілендиев музыкадағы еркін өлшемді сақтай білді. Сондай туындылармен қазақтың еркін халық екенін білдіргісі келген сияқты. Әйтпесе ол «Еуропаша өлшемді сақтайық, шетелге шыққым келеді. Өлшемнің мұншама ауыспалылығын Еуропа түсінбей қалуы мүмкін» деп өзгертсе де болатын еді. Бірақ ол өйтпеді. Мұның бәрін өзінің біліміне сәйкес ұстай алды да, еркіндік, тақырыптық, драматургиялық жағын ұлттық құндылықтармен ұштастырды. Тағы бір айта кетерлігі, оның шығармашылығында домбыраның орны ерекше еді. Домбыраны көп қолданды. Әйтпесе кейбір шығармаларында академиялық музыкаға, Еуропаға жақындай берейік деген «пиар-ходпен» негізгі аспапқа скрипканы да алса болатын еді. Бірақ оның домбыраға деген сүйіспеншілігі ерекше болды, оны сұхбаттарында да айтады. Сол жағынан ол домбырамен оркестрді әдемі ұштастыра білді, домбырамен Еуропалық стандарттарды әдемі біріктіре алды. Сондай-ақ Тілендиевтің тағы бір қыры – ұрмалы аспаптарға да назар салды. Соның арқасында ұрмалы аспаптардың түрлері кеңейді. Мұны көп адам біле бермейді. Ұстазым Тойжан Егінбаева аға-қарындас болып Тілендиевпен араласқан кісі. Үйінде талай болып, дәм татқан екен. Сол кісі дәрістерінде Тілендиевтің ұрмалы аспаптарға көңіл бөлгенін жиі айтып отырушы еді.

Енді Нұрғиса Тілендиевтің күйшілігіне, музыкасының күрделілігіне тоқталғанда атасы Тіленді Атабайұлын айтпай кетпеуге болмайды. Ол кісі Жетісу өңіріне белгілі күйші болған. Нұрғиса 5 жасынан бастап домбыра үйренді. Демек Тілендиевті Жетісу күй өнерінің жалғастырушысы ретінде де атасақ болады. Бір жағынан шертпе күйге де жаңа леп сыйлады. Тек шертпе емес, арасында кей сағасына төкпе күйді де сыйдырып жіберді. ХХ ғасырда еуропалықтар біз академиялық музыкадан шаршадық, бізге жаңа авангардтық музыка керек деп өткен ғасырдың 70–80 жылдары композиторлары жаңа дыбыс іздей бастайды. Сөйтіп фортепиананы ойнап отырып арасында ұрып қоятын немесе орнынан тұрып біртүрлі жағымсыз аккордтарды ұрып ойнап, сосын роял ашық тұрған кезде пернелерін «дыр-дыр» еткізіп тартып, қайтадан орнына отырып түсініксіз аккордтарды ұрып-ұрып жіберетін. Осылай жалпыға түсініксіз жанрлар пайда бола бастады. Бұл қалыпты нәрсе. Себебі адам күнделікті естіп жүрген дыбыстарынан жалыға бастаған кезде композиторлар жаңашылдық іздейді. Жаңашылдықты әркім өз бетінше іздейді және табады. Еуропа авангардтық музыкаға кетті. Қазір олар атональді музыкаға келіп жатыр. Ол көпшілікке түсініксіз, тіпті тұрпайы болуы мүмкін. Бірақ оның да өз тыңдармандары бар. Дәл сол секілді біздің ұлттық аспап – домбыра да өзінің өсу, өркендеу және даму жолынан өтті. Домбыраның жетілгенінің бір сипаты Тілендиев күйлерінде көрініс тапты. Мысалы, оның «Аққу», «Бала Мишка» күйлері орындаушылық шеберлікті талап етеді. Домбыра кезінде ішекпен тартылса, кейін «лескаға» ауысты. Сол секілді Ахмет Жұбанов жаңа дыбыс іздегенде прима қобыз өмірге келді. Негізінде прима қобыз біздің ұлттық аспапқа жатпайды. Ол тура скрипканың дыбысын шығаратын ХХ ғасырда пайда болған жаңа аспап. Жаңа дыбыс іздеп жатқан ортада бұл қалыпты жағдай еді. Сол өзгешеліктен домбыра да өтті. Сондықтан Тілендиевтің «Аққу», «Бозінген», «Бала Мишка» күйлерін орындаушыны шеберлік жағынан жаңа бір белеске алып келген секілді. Өйткені бұл туындыларға дейін ондай нәрселер қолданбаған. Бәрі біледі, «Бала Мишка» күйі кезінде орындаушы сол қолымен күй ойнап тұрып, оң қолымен домбыра шанағын ұрып, дыбыс шығарады. Мұның бәрі домбыраның жетілуінің арқасы. Бір жағынан бұл Н.Тілендиевтің жаңашылдығы мен сенімділігінің де жемісі. Әйтпесе, консервативті қоғамда өмір сүріп жатқанда «домбыраны ұрдың деп жүрер, артық әрекетке бармай-ақ қояйын» деуге де болатын еді. Бірақ адуынды Тілендиев олай істемеді.

Сол дәуірлерде жастардан Нұрғиса Тілендиевті сұрасаң, бірден «Махамбет» сынды күйін айтпайтын еді, алдымен әндерін айтатын. Оның әндері сол заманның бір әдемі кезінің айнасы секілді. «Қайран менің жүрегім», «Құстар» әні сол уақыттың хитмені еді. Қазір де қоғамнан Тілендиевтің қандай шығармасын білесіз десе, күйін айтпауы мүмкін. Меніңше, бірінші әнін айтады. Жалпы қоғамның Тілендиевтің әнін көбірек білуі – эстрада жанрының халыққа тез сіңуінде деп білемін. Сондықтан жұрт «Құстар» әнін біледі. Содан кейін барып күйлерін айта бастауы мүмкін. Ал оркестрге барып немесе музыкалық білімі бар адамдар «Махамбетті» айтады. Бірақ «Махамбет» сияқты күрделі шығармаларды қоғам көп біле бермейтіні Тілендиевтің кінәсі емес, эстраданың өтімділігінде болып тұр. Жоғарыда да айтып өттім, осы жерде де қайталаймын, оның соншама күрделі туынды шығара білгені –білімінің арқасы. Егер Тілендиев білімнің соңына түсіп қумағанда, бәлкім, тек күйші болып, күйден басқа шығарма жазбаған болар ма еді. Кейде Шәмші Қалдаяқов та солай білім қуып оқығанда, бәлкім, бұдан да ғажап әндер өмірге келер ме еді деп армандаймын. Бұл жағынан Тілендиев озды. Оның композиторлығы бір төбе, күйшілігі бір төбе. Ара-жігін ашып қарайтын болсақ, 400-ден астам шығармасы бар. Оның ішінде операсы да бар. Ол да білімділігінің арқасы. Операны білімсіз адам жаза алмайды. «Достық жолында» деген балет те, балет-поэма да жазды. Бұдан бөлек, әндер, симфониялық күйлер шығарды. Одан кейін «Бала Мишка», «Аққу», «Көш Керуен» күйлерін тудырды. Көбісі бұл күйлерді тыңдаған кезде біледі де, бірақ авторы Нұрғиса Тілендиев екенін біле бермейді. Тілендиев күйлерін өзі шығарды, өзі орындады. Оның да өз ерекшелігі бар. Мысалы, көп күйшілердің күйлерін енді күй үйреніп жүргендер орындай береді ғой. Түсінікті қылып айтар болсам, сіз алғаш күй үйренуге барғанда «Балбырауынды» үйренуіңізге болады. Күйді екі-үш айда жаттап алып, орындап шығасыз. Бірақ темпіне ілесе алмауыңыз мүмкін. Ал өміріңізде қолыңызға домбыра ұстамаған болып, бірден Тілендиевтің «Бала Мишка» күйінен бастап үйренемін десеңіз, ол мүмкін емес. Себебі қорыңызда бес-алты күй болмаса «Аққу», «Бала Мишка» күйлерін үйрену қиын. Сондықтан музыка мектептерінде емтихан кезіндегі үзілісте жас домбырашылардың «Бала Мишка», «Аққу», «Көш керуенді» толассыз ойнап жатқанын көрмейсіз. Өйткені оны тек күй мектебінің жоғарғы сыныптарында ғана ойнайды. Сол жағынан Тілендиевтің күйлері өте күрделі. Кәдімгідей техникалық деңгейді талап етеді. 

Балнұр Сардарбек,

музыкатанушы