Күздегі өлең көңілді болмайды екен...

Күзгі жаңбыр
Маған қымбат бар еді ізгі жан бір,
Сынаудай-ақ, сынады бізді тағдыр..
.
Көз алдымнан өткізіп өткен күнді,
Тереземді қағады күзгі жаңбыр.
Кеберісте кептіріп кенеземді,
Күзгі жаңбыр қағады тереземді.
Бұзықтығым басылмай жүрген кезде,
Бұздым ба екен, ей, өмір, ережеңді?
Құтылардай тағдырдың айласынан,
Кімнен, неден...
Білмеймін, қайда асығам?
Қайтаруға келмейтін кезеңдерге,
Қарап тұрмын уақыттың айнасынан.
Бақыт құсы басыңа қонбай бекем,
Ақсап жатса арманың – сол қайғы екен.
Біздегі өмір секілді баяны жоқ,
Күздегі өлең көңілді болмайды екен.
Әрбір атқан арайлы таңым – белес,
Шарасыз да, шабытсыз шағым емес.
Көңілімнің басады пернелерін,
Күзгі жаңбыр,
Мұңды жыр,
Сағым, елес!
Көңілді өлең сұрайсың...
Талғамдысың, тереңсің, телегейсің,
Сезіміңнің сәулесін себелейсің.
Көзіңдегі жасырып мұнар-мұңды:
«Көңілді өлең жазбайсыз, неге?» – дейсің.
Өткелінде өзектің – өмір деген,
Қалқам, менен сұрайсың, көңілді өлең.
Жанартаудай жыр едім жазылмаған,
Күмбір-күмбір күй едім төгілмеген.
Кім біледі, таусылған төзім бе екен,
Сыр да басқа, бұл күнде сезім бөтен.
Күллі дүние мөлдіреп көрінетін,
Көңілді өлең – көктемнің көзінде екен.
Ауылыңа аттансам тарпаңменен,
Сонда ғана бұл сезім тарқар ма екен?
Қарғыбаулы халімді біле тұрып,
Көңілді өлең сұрайсың, қалқам, менен.
Шырмауынан босатса шырғалаң күн,
Ауылыңа ақын боп бір барармын.
Өмірімде – іздері өкініштің,
Көңілімде – тізбегі тырналардың!
Күз және біз
Күздегідей,
Ол жақта да өмір бар біздегідей.
Сағыныштан сарғайған жапырақтың,
Жанарынан мұң көрдім сіздегідей.
Қоңыр салқын,
Құрметтейді олар да өмір салтын.
Қарап тұрып тырналар тізбегіне...
Тартады екен, дариға-ай, көңіл салқын.
Шұғылалы,
Менен басқа өзіңді кім ұғады?
Көңіліңнің күнсая көбелегі,
Күздің күні секілді құбылады.
Сары ала бақ,
Жүрмейікші жүректі жаралап-ап.
Тоңғанына қарамай тәніміздің,
Жұлдыздарды отырсақ санамалап.
Күз және біз,
Түн құшағы тыңдасаң тұнған лебіз.
Тіршіліктің айналып тұтқынына,
Жасамайық, аяулым, мұңнан – теңіз!
Жалғыздық
Өлең дейтін отырғанмен тағымда,
Көңіл құсым көрінбейді бағында.
Ағыл-тегіл ақ сезімін ақтарып,
Сырласатын жан қалмады жанымда.
Десек-дағы жат жылуын бермейді,
Жақсы сөз де адам жанын емдейді.
Қаттылықтың қуатынан қашқақтап,
Ешкімменен кездескім де келмейді.
Сондай кезде таңын аңсап даланың,
Сағыныштың жамыламын жамалын.
Күйкі тірлік күйбеңіне кездессем,
Күйім қашып, тым әлсіреп қаламын.
Санамнан кеп сығаласа кіл қайғым,
Кенезесі кепкен жердей құрғаймын.
Жұбата алмай жабырқаған жанымды,
Біржан салдың «Теміртасын» тыңдаймын.
Тіршілікте жасап кейде қамсыздық,
Сенім менен сертімізді сан бұздық.
Жарым түнде жаныма кеп отырар,
Жалғыз ғана жұбанышым – жалғыздық.
Депрессия
Шаршадым ба,
Шағылдым ба,
Білмеймін,
Белгісіз бір басып алды зілдей мұң.
Қара түннің күзетшісі секілді,
Таң атқанша кірпігімді ілмеймін.
Ашылмаған дәйегі де, дерегі,
Құпиялар неге сонша көп еді?
Жазиралы жайма-шуақ жалғаннан,
Жаным менің жай таба алмай келеді.
Ақиқатты айналдырып ойынға,
Қанша күнә ілдім екен мойынға?
Жүрегімді жүрелете билеген,
Қорқыныш пен үрей де бар бойымда.
Өмір деген – керуенді бір тізбек,
Кім айтады тірі адамды мұңсыз деп?
Сақаршамда санамменен сабылам,
Құдайыммен қауышатын күнді іздеп.
Құлшыныс пен қуатым да бар дәтке,
Бар және де ынтызарым, әлбетте!
Бұлдыраған бейнесінен бақыттың,
Адасып-ақ қала берем әп сәтте.
Уай, не деген келеңсіздік көп тегі,
Көрінбейді көңілімнің көктемі.
Абыр-сабыр сабылған жұрт ішінен
Өзімді-өзім алып кеттім шеткері.
Шетелдерде болмадым
« – Шетелдерде болдың ба? – Болғамын жоқ. Олар маған тұрған да жоқ қол бұлғап»
М.Мақатаев
Талай таңды өлеңменен атырдым,
Мендегі мұң, емес сірә, тақыр мұң.
Жасындайын жырлап өткен кешегі,
Жасындамын Мұқағали ақынның.
Шабытымның шарықтауын қолдап түн,
Сөз шиырып, шайыр болып толғаттым.
Мұқаң қайта Мәскеу көрген ақын ғой,
Ал мен ешбір шетелдерде болмаппын.
Дүниенің сұлулығы – ардағым,
Елді көру, жерді көру – арманым.
Еуропа, Америка түгілі,
Мына тұрған Түркияға бармадым.
Жапония, Корея да, Тайван да,
Барар едім маған құшақ жайғанда.
Сантияго, Манила мен Арвада,
Әлі күнге білмейді екем, қай маңда?
Тағдырының тартуына көнбек кім?
Талай рет арманымды жерлеппін,
Осы жасқа келгенімше сенсеңіз,
Көрші жатқан Қырғызстанды көрмеппін.
Қалаларды, көңілімді көтерген,
Қиялыммен кейде аралап кетем мен.
Шалғай сапар бұйырмай тұр әзірге,
Шақырту да түскен емес шетелден.
Мінбесем де ұшақтарға таңдап бір,
Жүректерге жетсе болды самғап жыр.
… Шыңғыстаудан ұзамаған Абай да,
Жарты әлемді жырларымен шарлап жүр.
Келіншектау аңызы
Сұлулықтың шомылып нұрына тек,
Бұлт байланып жататын шыңына кеп.
Аңыздар мен әпсана әлемінен,
Қаратаудың шертетін сыры да көп.
Салтанаты сәніне сай болыпты,
Күн жайылып, басына Ай қоныпты.
Сонау ерте заманда теріскейде,
Дүниесі тасыған бай болыпты.
Бір кем дүние, жанына бата ма екен,
Тағдырына әлгі бай қапалы екен.
Мүкәмәлі – мыңғырған малдарына,
Жердің өзі қайысып жатады екен.
Шұғыласын шашқанмен таң көрікті,
Кейде мына дүние тар болыпты.
Әулиеден аралап әулиені,
Бір перзент сүюге зар болыпты.
Үмітін де үзбепті, ізденіпті,
Қоңыраулы күрең бел күз келіпті.
Жайған қолын Жаратқан қабыл алып,
Ай дидарлы әсем бір қыз беріпті.
Жүйрік па екен, жоқ әлде жорға ма екен,
Сайын дала тұлпарға толған екен.
Ай туғанда туылған нәрестенің,
Айсұлу деп есімін қойған екен.
Байды кейде батырып ой мекені,
Қырық күндік қызықпен той да өтеді.
Үлде менен бүлденің арасында,
Атына сай сұлу боп бойжетеді.
Табиғатты тербетіп лағыл әні,
Сыңғырлаған шолпысын тағынады.
Он бес жасқа келгенде Айсұлуды
Айттыруға тұс-тұстан ағылады.
Үміткерлер күн сайын артып жатты,
Мерген біткен садағын тартып жатты.
Қыз сынағы үстінде сағы сынып,
Бағы жанбай біреулер қайтып жатты.
Кезегімен ай мен күн айналыпты,
Үміт беріп, кей жандар қайғы алыпты.
Ел ішінен қалайша Ер шықпасын,
Бір батырға Айсұлу байланыпты.
Сауық-сайран ендеше қызар тағы,
Қаратаудан асыпты қыз атағы.
Қырық түйе жасауын жарқыратып,
Жалғыз қызын әкесі ұзатады.
Май тамызып ырыммен отқа тағы,
Аттанады, алған соң ақ батаны.
Жеткен кезде Балдысу өзеніне,
Керуенді бай қызы тоқтатады.
Не болды екен?
Беймәлім, көксегені,
Сандығы мен ашылып текшелері.
«Әкем бәрін түгендеп салды ма?» – деп,
Жасауы мен жабдығын тексереді.
Болған екен шеберлер аса мықты,
Өрнектері керемет қашалыпты.
Бар бұйымы алтыннан,
Тек ғана бір,
Итаяғы ағаштан жасалыпты.
Маталары барқыт пен жібек еді,
Қыз қабағы әйтсе де түнереді.
«Итаяқты алтыннан жасатсын»,– деп,
Әкесіне хабаршы жібереді.
Әкесіне жеткенде қыз хабары,
Қатуланып қабағы мұзданады.
Қолындағы қамшының сабы сынып,
Дастарханда шашылып тұз қалады.
Жүзін тосып ызғырық желге бекем,
Арбауына ашудың ерген екен.
«Көшіңменен тас болып қатып қал», – деп,
Теріс бата қызына берген екен.
Әдіре қап күткен шақ бақытты алдан,
Баса алмастан солығын жатыпты арман.
Ашуланған әкенің қарғысынан,
Қыздың көші тас болып қатып қалған.
Ақиқаты жерде ме, көкте ме екен?
Осылайша бұл аңыз жеткен екен.
Содан бері осы тау ел ішінде,
«Келіншектау» аталып кеткен екен!
Қайрау
Бозөкпе күндер боздаған,
Сенен де кімдер озбаған?
Шемен де шемен қатпарлы
Шерімді қалай қозғаман?
Көздері кеткен талайдың
Сөздері қалды тозбаған.
Бозаң да, бозаң боз далам,
Мен де бір ботаң боздаған.
Тегіме кетсем тереңдеп
Теңселіп кейде қозғалам.
Айырар ақ пен қараны
Ай менен күнім көз болған.
Айныса дағы азбаған,
Майшамдай жанып маздаған.
Тартпада жатқан тарихпын
Жоғалып кете жаздаған.
Жорық та жорық күндердің
Жырлары қанша жазбаған?
Ғайып та, ғайып, ғайып күн,
Жыр болып қанат жайыппын.
Діліме дендеп жайылған
Дертімнен аздап айықтым.
Толқынға берген тағдырын
Ескексіз мен бір қайықпын.
Еркіндеу әрі ерке едім,
Не болар екен ертеңім?
Сағы да сынып көрмеген
Сақтардан қалған серт едім.
Екі де, талай дүниеде
Елімнің мұңы – шертерім.
Қорқыту
Жаратқанға жұрт едік жайған қолды,
Басымызға бұл үрей қайдан қонды?
Соңғы кезде, байқасаң, біздің елді,
Қорқытудың түр-түрі пайда болды.
Өзгенікін өзінен зор тұтатын,
Халықпыз ғой тағдыры толқытатын.
Бала күнде біздерді жылап жатсақ,
«Орыс келе жатыр», – деп қорқытатын.
Жүректе бір діріл бар сол тыныстан,
Тіл де кейде күрмелер толқыныстан.
Орыс көрсек әлі де қымсынамыз,
Бала күнгі қап қойған қорқыныштан.
Тектілікпен тәпсірлеп терең арды,
Өткен күннен өсиет, өлең қалды.
Құдай деген жұрт едік,
Осы күні,
Қытайменен қорқыту белең алды.
Тастап кеткен әлемге таңбаларын,
Тарихыма үңіліп таңқаламын.
Орыс пенен Қытайды жөнге салған,
«Жүректері қайда», – деп жан бабамның.
Бірлігіміз – білектің күшінде еді,
Намысымыз – найзаның ұшында еді.
Байрағымыз – батырлар мысында еді,
Қаймағымыз – хандардың тұсында еді.
Қытайың да, қалмағың, жоңғарың да,
Кеткен жұрт қой тарихтың долбарында.
Менің қайсар бабамның сұсы жатыр,
Сол Қытайдың әйгілі қорғанында.
Бола ма екен өмірде ізгі майдан,
Бірлігімді бүгін кеп бұзды қайдан?
Қорқытатын біздерді қытай емес,
Қорқу керек тек қана бір Құдайдан!
Қазақтың көкжалдары
Бар еді,
Бар еді ғой, жігіттерім,
Қайраған намыс пенен үміттерін.
Олардың бар кезінде, нар кезінде,
Шайқалмай жатушы еді тұнық көлім.
Оларда рух болды, намыс болды,
Сатқындық ауылынан алыс қонды.
Қазақтың береке мен бірлігі үшін,
Қайғыда қалдыратын қағысқанды.
Жанары жалын атқан нұрдан еді,
Темірдей тәртіпті де құрған еді.
Қазақтың ертеңіне алаңдаған,
Оларда мемлекеттік мұң бар еді.
Жүйенің шашылғанда «батпақтары»,
Ел ішін есерлерден сақтап қалды.
Алғашқы тәуелсіздік жылдарында,
Ешкімге ұлт намысын таптатпады.
Көксеуі күн астынан басталатын,
Жаймаған қыраны да жас қанатын.
Ел іші есін әлі жыймаған кез,
Белбеуі биліктің де бос болатын.
Ақтарса ақиқатын асыл далам,
Біздерде құпия көп ашылмаған.
Олардың бар кезінде бұл қазақты,
Ешкім де бас көтеріп, басынбаған.
Халықты қойдай көріп қорадағы,
Жатыр ғой жер байлығын тонап әлі.
Көшемде кердеңдесе келімсектер,
Ойыма сол жігіттер оралады.
Әзірге қаламайды қозғалғанын,
Қалайша кесер дейсің өз қолдарын?
Белгісіз жағдайларда баудай қырды,
Қазақтың көкке ұлыған көкжалдарын.
Білмейміз езілгенін, есіргенін,
Уақыттың өзі айтады шешімдерін.
Ұлтына ұлтан болған сол жандардың,
Бұл қазақ ұмытқан жоқ есімдерін!
Жасандылық
Есімде жоқ, сырын кімдер аша алды,
Жасандылық қазір тіпті жасарды.
Адамдар мен уақыттарды алдайтын,
Саясат та, сахнаң да жасанды.
Біле тұра алданамыз қашанғы,
Алданудан қанша күнә жасалды.
Көңіліңнің терезесін тұмшалап,
Көзді арбаған сұлулық та жасанды.
Жүрісіміз, жұмысымыз жасанды,
Күлісіміз, тұрысымыз жасанды.
Кедейлігін күстаналап «Үсеннің»,
Бай баласы мақтаудамыз «Асанды».
Мастық пенен айыра алмай масаңды,
Қайырым мен ұмыттық біз асарды.
Ұрандатып ұлттың сөзін сөйлеген,
Ұлтшылдықтың өзі бүгін жасанды.
Тасын жинап торығандар тасаңды,
Шаш алудың орнына бас алды.
Дәрігер мен дәрілерге байланған,
Денсаулықтың өзі қазір жасанды.
Құрметіміз, көңіліміз жасанды,
Шапан менен бөрігіміз жасанды.
Таң мен кештің арасында аптығып,
Өтіп жатқан өміріміз жасанды.
Ізгілік пен иманымыз жасанды,
Тыйылған мен тыйғанымыз жасанды.
Қамшы сапты тіршілікте күйбеңдеп,
Дүниелік жиғанымыз жасанды.
Бәрі бекер уақытынан өткесін,
Біздер үшін ұрпақ жапа шекпесін.
Тегімізбен табыса алмай жүргенде,
Түбімізге жасандылық жетпесін!