Күзеті күшті Сатыбалды «Алтын адамды» қорғай алмапты

«Қазақфильм» киностудиясының қызметкерлері бір жылдан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Анимация бөлімінің мамандары келісімшарт бойынша бірнеше жоба жасаған. Бірақ келісілген жалақы берілмеген.
Еңбекақысын күте-күте қарызға белшесінен батқан өнер адамдары бұл былыққа басшылықты кінәлайды. Өткен аптада аниматорлар жиналып, әйгілі кино орталықтың алдында наразылық өткізіп, «Қазақфильм» президенті Азамат Сатыбалдының сыртқа шығуын талап етті.
Аниматорлардың айтуынша, анимацияға мемлекет ақша бөлген, бірақ қазіргі басшылық соны игермеген. Тиісті қағаздарға қол қоймай, қасақана анимацияның жұмысын жүргізбей отыр. Соның кесірінен «Алтын адам» жобасына қатысты 84 млн теңге мемлекет бюджетіне қайта аударылған. Бұл жоба ғана емес, жалпы түрлі мәселемен бес анимациялық жоба сотталып жатыр.

Азамат Сатыбалды рөл ойнап жүр,
бірақ кімнің рөлін сомдап жүргенін өзі білмейді
«Менің қасымда қанша аниматорлар тұр. Жеті айдан бері жалақы алмаған. Одан бөлек, «Алтын адам» жобасының қызметкерлері бар. Соттан көз ашпаймыз. Аниматорларға қысым жасалады, кеше қазақ анимациясында «бандиттік шмон» болды. Жұмыс істеп жатқан мамандарды сыртқа қуып шығып, Азамат Сатыбалдының адамдары анимация бөлімін жауып тастаған. «Тоқаев анимацияны дамытайық» дейді, бірақ нәтиже мынадай. Мұны бірауыз сөзбен «байкот» деп бағалаймыз. Бұл Жаңа Қазақстанға, Тоқаев саясатына жасалып жатқан байкот. Азамат Сатыбалды мен оның орынбасарларының басшылық қабілеті жоқ. «Мына қызметкерлер жеті айдан бері жалақы алмады, бала-шағасын қалай асырап отыр?» деп ойлайтын бір басшы жоқ. Олар немен күн көреді? Ал Азамат Сатыбалды рөл ойнап жүр, бірақ кімнің рөлін сомдап жүргенін өзі білмейді. «Әділетті Қазақстан» дейміз, әділет жоқ, «еститін Қазақстан» дейміз, ешкім біздің үнімізді естімейді. Жеті ай күттік. Күнде өтірік, күнде жалған», – дейді Қазақ анимация шығармашылығының редакторы Ерлан Төлеутай.
Содан кейін жиналған аниматорлар «Қазақфильмнің» президентін, онымен қоса киногерлер одағының төрағасы Адай Әбілда мен Қазақ анимациясының жетекшісі Айбике Рахымжанованың сыртқа шығуын талап етті. «Неге біздің бала-шағамыз зардап шегіп, жылауы керек?!» деген жиналған қауым Азамат Сатыбалдыны ұзақ күтті. Біз осы уақытты пайдаланып, аниматорларды сөзге тарттық. Олармен сөйлесіп-білгеніміз, қазір «Қазақфильмде» жыл сайын қысқарту жүріп жатыр. Азамат Сатыбалдыға дейін кино орталықта 170-ке жуық қызметкер болса, ол басшылық лауазымға тағайындалғалы мамандар саны 130-ға дейін қысқарған. Қазақ анимация шығармашылығының редакторы мұны «Қазақфильмді» банкрот ету үшін жасалып жатқан әрекет деп есептейді.
«Мұндай қарқынмен «Қазақфильмді» ескі Қазақстанға айналдырып жатқан сияқты. Өйткені мына кино орталық орналасқан 17 гектар жер өте қымбат. 162 олигархтың бір тобы осы жерге 2008 жылдан бері көз тігіп келеді. Бірқатар жобалары бар. Соны жүзеге асыру үшін қасақана «Қазақфильмді» қолдан құлату науқаны жүріп жатыр. Анимация берік ұжым еді. Қазір сол ұжымның өзін қаңғытты. «Қазақфильм» түрмеге айналған сынды. Пахандық режим орнаған. Кеше орталықтың сақшы-поштабайлары келіп, мына балаларды жұмысынан қуып шығыпты. Неше түрлі жала жауып, анимация орталығын жауып тастап, неше түрлі «шмондық» әрекет жасап жатыр. Бұл бандиттік шабуыл. Бұларда ешқандай адамгершілік, кісілік қалмады», – дейді Ерлан Төлеутай.
«Қазақфильм» аниматорларға 500 млн қарыз
Қазір аниматорларға «Қазақфильм» «Алтын адам» жобасы бойынша 84 млн теңге қарыз. Ал аниматорлар «Алтын адам» жобасын аяқтап, «Қазақфильмге» өткіздік» дейді. Бірақ «Қазақфильм» басшылығы мен Ұлттық киноны қолдау орталығының арасында келіспеушілік болып, қаржы мемлекет бюджетіне қайта аударылған. Осындай мәселелермен қазіргі күнде аниматорлар 500 млн теңгесін ала алмай отыр. Бір «Алтын адам» мультфильмінде 40 шақты маман жұмыс істеген. Олардың әрқайсысына «Қазақфильмнің» 3-5 млн теңге аралығында берешегі бар. Киностудия мен мамандар арасындағы туындап отырған дау бір бұл емес. Құжаттарға байланысты да шешілмей келе жатқан мәселелер бар. Мысалы, «Қазақфильмнің» басшысы өзінен құжаттарға қол қою құқығын алып тастаған. Құжаттың барлығына орынбасары Айдар Омаров жауапты. Аниматорлар жеті ай дегенде министрліктен анимацияға байланысты құжаттарға қол қойдырған, бірақ «Қазақфильмнің» вице-президенті тиісті құжаттарға созбалақтап, қол қоймай келеді. Енді аниматорлар «Азамат Сатыбалды жауапты емес, орынбасары – Айдар Омаров жауапты емес, біз сонда мұңымызды кімге барып шағамыз» деп ашынып отыр.
«Бұл жобаны бастағалы 5 жылға жуық уақыт болды. Осы мерзімде фильм бірнеше рет тоқтатылды. Содан бері жалғастырып істеп келеміз. Былтыр аяқтап, «Қазақфильмге» өткіздік. Бірақ кино орталықтың басшылығының тәжірибесіздігі, жобаларға немқұрайлығының әсерінен Ұлттық киноны қолдау орталығына есепті уақытында өткізбей, кино орталық бізге берілуге тиіс ақшаны мемлекетке қайтарып жіберген. «Қазақфильм» мен Ұлттық киноны қолдау орталығының арасындағы бұл істің қалай бітерін тостық. Естуімізше, бір рет сот өтіп, сотта «Қазақфильм» ұтылып қалған. Бізге ешкім ештеңе түсіндірмейді. Былтыр бізге фильмге біраз өзгертулер енгізуді сұрады. Біз оның бәрін ақысыз жасап бердік. Бәріміз осы фильмнің дұрыс шығуы үшін жұмыла жұмыс істеп жатырмыз. Фильм дайын, баламыздай болған туындыны жөргегінде тұншықтырып жатыр. Бірақ шыдамның да шегі бар», – дейді «Алтын адам» жобасының режиссері Тілек Төлеуғазы.

Қаржының кешіктірілу мәселесі бұрын да болған. Бірақ екі тарап өзара ортақ шешімге келетін болған. Қазір сол күнімізге зар болдық дейді аниматорлар. Соның бірі – «Алтын адам» мультфильмінің бас аниматоры Жанәділ Айдарбек. Ол: «Еңбекақымызды бермесе, әл-Фараби даңғылына шығып, жолды жабамыз. Басқа амалымыз жоқ», – дейді.
Қазақ аниматорының атасы Әмен Қайдаровпен әріптес болған сценарист, режиссер-аниматор Тамара Мұқанова да «Алтын адам» жобасында жұмыс істеген. Ол да еңбекақысын ала алмай отырған мамандардың бірі. Ол да бұл істе тікелей Азамат Сатыбалдыны кінәлайды.
«Әмен Қайдаров анимация жас ұрпақтың дүниетанымын қалыптастырады. Бұл – әрі өнер, әрі идеология. Егер ол жоқ болса мемлекет пен халықтың да құндылығы жоғалады» деп айтып отырушы еді. Қазір аниматорлар басқа салаға ауысып жатыр. Себебі «Қазақфильмнің» бізге деген қарым-қатынасы нашар. Аниматорлардың жұмысын араның еңбегіне бағалауға болады. Бұл өте үлкен маңдай терін талап ететін жұмыс. Олар шығармашылық дүниені өмірге әкелушілер. Ал Азамат Сатыбалды осындай мамандарды біртіндеп жойып жатыр. Басқаша қалай айтамыз. Қазақ анимациясына көңіл бөлу керек. Олар отбасын асырау үшін басқа салада жұмыс істеуге мәжбүр. Біздің жастар өте талантты. Мына жағдайға қарап жүрегің ауырады», – дейді ол.
«Ұлттық киноның дамуына, көркеюіне қарсы топтар бар. Олардың кім екенін ішіміз сезеді. Әмен Қайдаров құрған қазақ анимациясын бұлар осындай жағдайға алып келді. Мына жерде қазір бірде-бір режиссер, я киногер жоқ. Тек қана қарауыл мен еден жуушылар қалған. Бұл құлақ естіп, көз көрмеген сұмдық. Кешегі озбыр замандарда да бұндай болмаған. Қой да бауыздар кезде тұяқ серпеді. «Тұяқ серпейік, осылай үндемей өлеміз ба» деп наразылығымды білдіргіміз келеді», – деген киногерлер «Азамат Сатыбалды шықсын!» деп ұрандады. Бірақ «Қазақфильмнің» президенті келмеді. Осыдан кейін 30-ға жуық аниматор «Азамат Сатыбалды шықпаса, біз оның алдына барамыз» деген еді, күзетшілер кіргізбей қойды. Тіпті камераға жабысып, кіріп үлгерген журналистердің ізінен қуды.
Анимация «Қазақфильмнен» бөлініп шығу керек
Даудың арты митингіге ұласып кетеді деп қорықты ма, көп өтпей «Қазақфильм» басшылары журналистерді кіргізді. Бірақ Азамат Сатыбалды өзінің орнына қордаланған мәселеге жауап беруге орынбасары Айдар Омаровты жіберіпті. Ол айтар жауабын бірден орыс тілінде бастаған еді, келіп отырған журналистер «біз орысша түсінбейміз» деп, қазақша сөйлеуін талап етті. Ал «Қазақфильмнің» вице-президенті: «Сіздер маған келіп отырсыздар, мен сіздерге барған жоқпын. Заң бойынша орыс тілі қазақ тілімен бірдей қолданылады» деп, қазақша сөйлеуден бас тартты.

«Алтын адам» жобасының тапсырыс берушісі Ұлттық киноны қолдау орталығы. Фильмді аяқтау мерзімі екі рет кейінге шегерілді. Себебі 2020 жылы карантин болды, 2021-2022 жылдары түсірілім тобы үлгермеді, 2023 жылы аяқтап отырмыз. Осылайша, фильмді тапсырдық, тапсырыс беруші оны қабылдамай отыр. Сарапшылар кеңесі бар. Олар 2 беттік ескерту жазып берді. Қазір осы іс бойынша сот өтіп жатыр. Ал жалақыға келсек, біз төледік. Максималды төлеуге тырыстық. 36 млн аванс ретінде берілді, қалғаны 88 млн теңге. Біз сол соманы Ұлттық киноны қолдау орталығынан ала алмай отырмыз. Төленбей қалған сома бойынша да сот процесі өтіп жатыр. Ал қазақ анимацияны тексеруге келсек, бұл жағдай уақытша. Біз мемлекеттің ақшасына құралдарды сатып алып, оны жалға береміз. Солай күн көреміз. Қазір Қазақ анимация бөлімінде бізге қатысы жоқ жобалар бар ма, жоқ па, тексеріп жатырмыз. Қауіпсіздік мамандарынан қанша уақыт кететінін сұрадық. Олар 1 апта деп жауап берді. Содан кейін қазақ анимация бөлімі ашылады», – деді вице-президент.
Киностудияның басшылары мен аниматорлар арасында мәселе шешілмеді. Айтыс-тартыс ұзаққа созылды. Кейіннен Қазақ анимация бөлімінің жетекшісі Айбике Рахымжан да бұл дауға араласты. Оның айтуынша, бұл биыл ғана болып жатқан жағдай емес. Жыл сайын осындай проблемалар қайталанып жататынға ұқсайды.
«Бізге жыл сайын мемлекеттік тапсырма беріледі. Ол үздіксіз жұмыс істемейді. Арасында тоқтатып тастайды. Жыл сайын 6 айдан артық жұмыс істемейміз. «Қазақфильмнің» бізді не үшін тексеріп жатқанын білмеймін. 3 жылдан бері қазақ анимациясында жұмыс істеймін. «Күлтегін», «Мұзбалақ» сынды жобалардың продюсері болдым. Сол кезде де бірде-бір рет бізді ешкім тексермеген. Қазақ анимациясы дамуы үшін бұл бөлім «Қазақфильмнен» бөлініп шығуы керек», – дейді қазақ анимация бөлімінің жетекшісі.
«Жас Алаш» Ұлттық киноны қолдау орталығына да хабарласты. Орталықтың айтуынша, қазір бұл жоба сотта жатыр. Жоба «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығына» 2020 жылы ұсынылған. Жалпы құны 378 млн теңгені құрайды. Келісімшарт бойынша киножоба 2021 жылы аяқталуға тиіс болған. Бірақ орындаушы міндеттемелердің үдесінен шықпай, жұмысты толық аяқтамаған және фильмді белгіленген уақытта өткізбеген. Осылайша, жобаны жүзеге асыру мерзімі жоспарланған 2020-2021 емес, 2020-2023 жылдар аралығында созылған.
«Бірақ 2023 жылдың соңында да орындаушы Сараптама кеңесі енгізген 126 ескертуді елемегені анықталды. Осыған байланысты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қалыптасқан жағдайды назарға ала отырып, жобаның үш жылға дейін созбалаңға салынуы турасында бір тоқтамға келуі тиіс болды. Орындаушыға атқарылған жұмыс үшін жалпы құны 294 млн теңге төленді. Алайда қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аяқталмаған жобаларға мемлекет қаржы бөлуге қауқарсыз екенін айта кеткен жөн. Осыған байланысты қалған 84 миллион теңге республикалық бюджетке қайтарылды. Сондай-ақ 2023 жылдың соңында анимациялық жоба тапсырылмағандықтан Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы сотқа шағым түсіруге мәжбүр болды», – дейді Ұлттық киноны қолдау орталығының өкілдері.
Аталған орталықтың басқарма төрағасы Қ.Жұмағали «Қазақфильммен» бұл мәселе бойынша бір келісімге келгенін мәлімдеді. Ендігі кезекте «Қазақфильмнің» жобаға жауапты ұжымы фильмді өзара келісім арқылы аяқтап, «Алтын адам» анимациялық фильмін прокатқа шығарады. Одан түскен таза табыстың 20 пайызы Кино орталығына аударылса, қалған 80 пайызы «Қазақфильмнің» үлесінде қалады. Осылайша, «Қазақфильм» ұлттық киностудиясы аталған жобаның түсірілім тобы алдындағы берешегін өтейді. Ал аниматорлар «прокатқа шыққан өнім өзін ақтай ма, мультфильмнен ақша түсе ме, әлде тағы да біз жер сипап қаламыз ба?!» деп алаңдап отыр.
P.S. Театр актері Азамат Сатыбалды 2023 жылдың шілде айында «Қазақфильм» АҚ-ның басшылығына тағайындалды. Былтыр да «Қазақфильм» төңірегінде жанжал туып, Азамат Сатыбалды таңнан кешке дейін автокөлік жарнамалайтыны туралы ақпарат шықты. Бұған қатысты актерді бірқатар әріптестері сынады. Тіпті «Қазақфильмдегі көліктер Қытайдың көлігі, Азамат Сатыбалды бірнеше қызметкерін қысыммен жұмыстан шығарып жіберді» деген ақпараттар да тарады. Бірқатар режиссерлер «Қазақфильмнің» жағдайы қазір мүшкіл екенін айтты. Кейіннен киностудияның президенті бұған қатысты көлемді сұхбат беріп, ақталған еді. Ал аниматорларға қатысты «мақалам шығады, күтіңдер» деген, оның әзірге ешқандай ресми жауабы шықпады.
Тұрсынбек БАШАР