Күзгі блюз. Сол жағалау, сол жолдау...
Күз – саяси жаңа науқан. Науқан президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жолдауымен басталады.
Жылда болатын жолдауды жұрт жылда күтеді. Әрине, ел жолдау, үндеуден кенде емес болатын, бұған соңғы жылдары құрылтай қосылды. Бұрын экс-президенттің бағдарламалық мақалалары шығып тұратын. Оның соңы, әлбетте, жаппай талқылау, тынбай насихаттауға ұласатын. Тоқаевтың жолдаулары мен үндеулері, құрылтайдағы сөздерінің насихаты да одан аспаса, кем түспейді.
Күз, жолдау жақындаған сайын ел ішінде болжамдар көбейе түседі. Анау келеді, анау кетеді деген интрига. Парламенттің жаңа сессиясы қызу жұмысқа кіріседі, артынша біраз ауыс-түйіс болады. Былтырғы күз үкіметтің жаңа құрамы жасақталуымен есте қалған, Қаңтар оқиғасынан кейін асығыс жасақталған министрлердің көбі «жап-жаңа» күйі орнынан кеткен. Биыл да біраз өзгеріс болатын түрі бар, қазірдің өзінде спорт және туризм министрі бір жыл отырар-отырмастан орнын босатып берді. Жұрт осыған қарап-ақ біраз өзгеріс болады деп, алақанын ысқылап, жаңа интригаларды күтіп отыр.
Жолдау – халық пен билік арасында ашық саяси диалог жоқ, халықтың хал-жайын билік білмейтін, биліктің не істеп жатқанын халық білмейтін елде үкіметтің алдағы жоспары жарияланатын жалғыз құрал. Бірақ жолдауда айтылған сөз – атылған оқ, сөзсіз орындалады деуге тағы келмейді.
Биылғы жолдаудың ерекшелігі – Жаңа Қазақстан туралы ештеңе айтылмады. Тіпті Қаңтар оқиғасынан бері халықтың көңілін аулаудың амалы болған шетел асқан активтерді қайтару немесе экс-президенттің айналасындағы заңсыз байыған «туысқандарды» тексеру туралы да сөз болған жоқ. Бұл жолы «ел байлығының 55 пайызы 162 адамның қолында» деген сияқты «сенсацияға» толы мәліметті де естімедік.
Жолдау жарияланады дегеннен бері әлдебір жаңалықтан, ауыс-түйістен үміттеніп жүрген жұрт аздап қоңылтақсып қалғандай көңіл күй байқалады. Күткені болмаған кей ағайын «әлеуметтік желіде күнде айтылып жүрген мәселелер айтылды» деген пікір көп. Иә, бұл Ақорданың әлеуметтік желілерді қаншалықты қадағалайтынын байқатқан жолдау болды.
Алдымен, президент жолдауында айтылған негізгі мәселелерге тоқталайық:
· Былтырдан бері қоғамдық талқыға түскен АЭС құрылысына қатысты референдум 6-қазан күні өтетін болды;
· Президент бұдан былай қарыз сомасының үлесіне тең соманы ғана бұғаттауды ұсынды. Тоқаевтың сөзінше, салықтық әкімшілендіру кезінде жазалау тәсілінен бас тарту қажет;
· «Ірі салық берешегі болған жағдайда кепілсіз төлемді бөліп төлеу керек. Жоспар бойынша салықтық тексерулерден толық бас тартуға ұмтылу керек», – деді президент;
· Тоқаев жаңа салық кодексін тағы бір жыл талқылауды ұсынды. «Үкімет пен Парламентке жаңа Салық кодексінің жобасына қатысты жан-жақты талқылау жүргізуді тапсырамын. Қиын болса да, дұрыс шешім қабылдау қажет. Бұл жерде асығыстыққа жол беруге болмайды. Жаңа Салық кодексін сапалы әзірлеу үшін оны қабылдау мерзімін келесі жылға ауыстыруға болады деп санаймын», – деді ол;
· 2025 жыл – Жұмысшы мамандықтары жылы деп жарияланады;
· 2025 жылы Астанада жасанды интеллектіге арналған Ұлттық орталық құрылады, т.б.
Байлар көбірек төлейді
Биыл да, былтыр да президент жолдауында экономикалық проблемаларға баса мән берілді. Сол үшін де саяси интрига аздау көрінсе керек. Оның үстіне, Қаңтардан бері ел Ақордадан ескіқазақстандықтарға қатысты қатқылдау саясат жүргізсе деп күтеді. Бірақ биыл элитаға қатысты бір ғана нәрсе айтылды – байлар салықты көбірек төлесін!
Экономист Әнуар Нұртазин президенттің көп табыс тапқандар көп салық төлесін деген ұстанымын қолдайды.
«Біздің елде салық төлеу жүйесі дұрыс емес. Біз мұны үнемі айтып жүрміз. Салықтық түсімдер жыл сайын азайып барады. Өйткені елде экономикалық теңсіздік бар. Салдарынан көп қаржы табатындар аз салық төлеп, аз табатындар көп төлейді. Сол үшін салық жүйесі Еуропадағыдай болу керек. Мысалы, АҚШ, Германия, Швеция, Франция, Жапония сияқты дамыған елдерде байлар көбірек төлейді. Өйткені әділі де, ақылға қонымдысы да – осы.
Осы жолғы жолдауында президент алғаш рет прогрессивті деп аталатын жеке табыс салығын енгізу туралы айтты. Яғни аса көп пайда тауып отырған ұйымдар салықты табысына қарай төлеу керек. Бұл өте дұрыс шешім деп есептейміз. Бірақ тапсырманың қалай жүзеге асатыны алдағы уақытта белгілі болады.
Билікке жақын экономистер мен қаржыгерлер бюджет тапшылығын теңгені құнсыздандыру арқылы, яғни девальвация арқылы шешуді ұсынады. Бірақ біз девальвациямен мүлдем келіспейміз, өйткені бұдан бірінші кезекте халық зардап шегеді. Мәселені кешенді фискалдық саясат заңнамасына сай шешу қажет. Түптеп келгенде, бюджет жағдайы мәз емес, бірақ аса қорқынышты да емес. Қазіргі ситуациядан шығудың бірнеше жолы бар», – дейді маман.
Президент жолдауында саяси мәселелер неге айтылмады? Әлде билік елде саяси реформаны аяқтадық деп санай ма? Бұл сұрақты белгілі саясаттанушыларға қойдық.
Дос Көшім, саясаттанушы: Бұл механизм билікке керек
«Президенттің жолдауы біздің елде кем дегенде бір жылға жарайтын стратегиялық бағыт немесе доктрина сияқты болады. Президенттік елдердің конституциясы бойынша мемлекет басшысы жолдау жасауға құқылы. Біздің конституцияда бір жылда екі рет жолдау жасауға болады деп жазылған. Бірақ көптеген елде президент жыл сайын жолдау жасай бермейді. Әсіресе плюралистік елдерде ел үшін маңызды үлкен проблема болған кезде жолдау жасайды. Мысалы, соғыс болса, кризис болса, мемлекет басшысы ел алдына шығып, халыққа үндеу жасауы мүмкін. Тіпті президент 10-15 жыл бойы жолдау жасамайтын елдер бар. Біз білетіндей, кейбір елде билік премьер-министрдің қолында, ал премьер жолдау жасай алмайды. Ал жыл сайын кезек-кезегімен жасай берсе, жолдаудың да қадірі кетіп қалады. Мұндай жолдаудың халықтың көзін ашатын, халықты біріктіретін пайдасын көріп тұрған жоқпын.
Билік 2019 жылдан кейін терең саяси реформа жасауға уәде еткен. Бірақ сайлау туралы заң мен саяси партиялар туралы заңға қарап, ауқымды реформа болатынына сенім азайды. Заңға енген өзгерістер жүйеге еш әсер ете алмайды. Мысалы, дауыс беру парағына «бәріне қарсымын» деген тармақ қосты. Оның не пайдасы бар? Сайлауға 2-3 адам барып, осы тармақты таңдаса да сайлау өткен болып саналады.
Бұған дейінгі жолдауларда жергілікті өзін-өзі басқару органдары туралы көп айтылды. 2024 жылы жергілікті кеңестерді сайлау өтеді деген, бірақ ол кейінге қалған сияқты. Әкім сайлауды мұнымен салыстыруға келмейді. Жергілікті өзін-өзі басқарудың бірден-бір көрінісі – кеңестерді сайлау еді. Осыған үміт артқан едік, бірақ бұл кейінге қалып отыр. Демек қазіргі билік жаңа саяси өзгеріске барғысы келмейді. Себебі саяси өзгеріс жүйені өзгертеді. Ал бізде билікке келгендер жүйені өзгерткісі келмейді. Билік басындағылар бәрін құрбандыққа шалуы мүмкін, бірақ билікті өзгертпейді. Сол үшін билік саяси реформаны аяқтап, елде экономикалық мәселелер ғана қалды дегенге сенбеймін
Жолдауда «Аманат» партиясының аты неге жиі аталды? Өйткені билік «Аманатты» әлі де үстем партия ретінде қабылдайды әрі әлі де басты партия осы болуы керек деп есептейді. Бұл партия билік жүйесін сақтап қалудың бір жолы. Ол – қазіргі биліктің сайлау арқылы жеңіске жетіп, жұмыс істеп жатқанын дәлелдейтін көрсеткіш. Халықаралық ұйымдарға елдегі көп партиялы жүйені дәлелдейтін басты тетік те осы партия. Сондықтан бұл механизм билікке керек».
Досым Сәтбаев, саясаттанушы: Елде саяси реформа жүреді деп айту қиын
«Былтырғы жолдауда да саяси реформалар туралы аз айтылған. Яғни президент былтыр да, биыл да әлеуметтік-экономикалық блокты басты назарда ұстап отыр. Биыл саяси жүріс ретінде ауыл, аудан әкімдерін сайлау жүйесі біржола бекігенін айтып отыр. Соған қарағанда президент пен оның айналасы саяси реформаның басым бөлігі жүзеге асып болды деген тұжырымға келген сияқты.
Жаңа Қазақстан бұрынғы биліктің ізбасары ретінде авторитарлық жүйені көп өзгертуге ниетті емес. Белгілі бір косметикалық өзгеріс жасағаны рас, бірақ саяси саланы толық өзгерткісі келмейді. Билік оппозиция өкілдерін, тәуелсіз саяси көзқарасы бар адамдарды қоғам тұрақтылығын бұзады деп санайды. Оларды популистер деп атайды. Бірақ тәжірибе көрсеткендей, қоғам тұрақтылығын белсенділер емес, көбіне мемлекеттік аппараттың тиімсіз жұмысы бұзады.
Шенділер азаматтардан билікті сынамауды сұрайды. Бұл плюрализм немесе демократия құндылығына қайшы талап. Халық үніне құлақ асатын мемлекет және әділ Қазақстан туралы айта отырып, сөз еркіндігін шектеу дұрыс емес. Билік «тәртіп» дегенді өздері істеп жатқан істерімен толық келісу деп қабылдайды. 2022 жылдан бері саяси даму саласында айтарлықтай өзгерісті байқаған жоқпыз. Жаңа саяси партиялар құрылған жоқ. Осыған қарап, елде түбегейлі саяси реформа жүреді деп айту қиын. Қазіргі билік Қаңтар оқиғасынан кейін қолдарынан келгеннің бәрін жасадық деп есептейді.
Бізге ескі Қазақстан да, жаңа Қазақстан да керек емес, бізге заң үстемдік құратын дамыған Қазақстан керек. Өйткені саяси жүйе дұрыс жұмыс істейтін елде ғана экономика дамиды. Ескі немесе жаңа Қазақстан деген ұранның өзі ақылға қонбайды, өйткені қазір билікте отырғандардың барлығы ескі Қазақстанның өкілдері.
Президент былтырғы және биылғы жолдауында әлеуметтік-экономикалық блокқа неге үлкен мән берді? Өйткені осы салаларда үлкен проблемалар бар екені анық әрі ол көзге көрініп тұр. Елде кедейлер көбейіп, инфляция артып барады, бюджет кірісі де төмен. Мұның бәрі әлеуметтік шиеленістің күшеюіне әсер етеді. Билік мұны түсініп отыр, сол үшін оған басымдық береді. Бірақ билік экономиканы дамытудың тиімді шарасын әлі ұсына алған жоқ».
Астанадағы көңіл күй
Биылғы жиын БАҚ өкілдері үшін бұрынғылардан өзгерек. Себебі журналистер жаңа аккредитация ережесі бойынша шенеуніктерге емін-еркін сұрақ қойып, сұхбат құра алмайды. Жиынның тақырыбынан тыс сұрақ қойған тілші алты айға дейін аккредитациядан айырылуы мүмкін.
2024 жылдың 19 тамызы күшіне енген Масс-медиа туралы жаңа заң талабы сондай. Іс жүзінде жаңа заңды тәжірибеден алғаш өткізіп жатқан БАҚ өкілдері бұл мәселе бойынша мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваны кіреберісте бөгеп, бірнеше сұрақ қойды. Балаева аккредитацияға қатысты наразылық білдірген БАҚ өкілдерін драма жасамауға шақырды. Министр журналистерден брифингтерде қосымша сұрақтар қоймай, этика ережелерін сақтауды сұрады.
«Жаңа нормаларға қатысты драманың қажеті жоқ. Ережелер сақталуы керек. Мен журналистердің құқығын шектейтін жазалау шараларының жақтаушысы емеспін. Бірақ брифингтерде тақырыпқа келмейтін, жеке басқа өтетін сұрақтар қойылатын жағдайлар бар. Сіздер мемлекеттік қызметші этикасын талап ететіндеріңіздей, этика сіздердің тараптан да сақталуы тиіс. Бұл өз әріптестерімді қорғау емес, журналистердің толық ақпарат алуына менде мүдделімін», – деді министр.
Сондай-ақ ол алда заңгерлер мен БАҚ өкілдерін жинап, жаңа нормаларға арналған брифинг өткізуге уәде берді.
Сөйтіп, БАҚ өкілдері жаңа акрредитация ережесі бойынша жолдауды Үкімет үйінің екінші қабатындағы конференция залында тыңдады.
Жиыннан кейін биылғы және былтырғы жолдаудағы өзекті мәселелерге қатысты шенеуніктерден пікір сұрадық. Белгілі құқықтанушы Айман Омарова былтырғы жолдауда құқық саласындағы ең үлкен өзгеріс – зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдануы болды дейді.
«Былтырғы жолдауда айтылғандардың ішінде орындалғаны – тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңның қабылдануы. Заң күшіне енгелі шенеунік болсын, қарапайым азамат болсын, ештеңеге қарамай, сот алдында жауапқа тартылып жатыр. Ал басқа тапсырмаларға көңілім толық толады деп айта алмаймын. Мысалы, экономика және спорт саласында олқылықтар әлі қалпына келмеді. Шетелден спортшыларды бюджет қаржысына ақша төлеп әкелді, нәтижені көрдік. Басынан-ақ елге келімсек спортшылар қажет емес екені айтылды. Олар елдің даңқын көтермейді, басты мүдделері – байрағымызды желбірету емес, ақша табу. Сондықтан былтырғы жолдаудың орындалуына менің көңілім толмайды. Құқық саласының маманы ретінде саладағы атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Атқарылуы тиіс жұмыстар шаш-етектен. Құқық саласының қызметкерлері өздерінің қызметтерін жақсы орындамайды, дәрежелері төмен. Неге төмен, себебі білімдері жеткілікті деңгейде емес. Белгілі бір дәрежелері бар, бірақ ешқашан сотқа бармаған заңгерлер көбейді.
«Банк туралы жаңа заң олигархтардың күшін жояды»
Саясаттанушы Ерлан Сайыровтың пікірінше, банктер туралы жаңа заң қабылданса, 30 жыл ел қаржысын тонаған олигархтардың күшін жоюға болады.
«Банк туралы жаңа заң қажет. Ескі заң ескі Қазақстанның олигархтарын байытуға арналған еді. Халқымыздың қаржы саласындағы сауатсыздығын пайдаланған банктер байлыққа кенеліп, халықты кедейлендірді. Жаңа заң еліміздегі әлеуметтік әділеттілікті қалыптастырып, банк саласындағы олигархтардың күшін жою керек», – деп пікір білдірді мәжіліс депутаты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт банктердің экономикаға көбірек қаржы құюына жағдай жасау қажет деді.
«Халықаралық сарапшылар қазақ банктерін ресурсқа бай елдер ішіндегі ең көп пайда табатын банктер санатына қосады. Сондықтан осы саладағы салық мөлшері әділ белгіленуге тиіс. Банктердің акционерлері дивидендіне сәйкес салық төлеуі керек. Банктерге мемлекет көрсеткен көмек тұрғысынан қарасақ, бұл – өте орынды ұстаным. Цифрлық активтердің айналымын қамтамасыз ету және банк саласына инновацияларды қауіпсіздік талабына сәйкес енгізу үшін оны реттейтін тетіктердің тұрақты болуы маңызды. Бізге Банктер туралы жаңа заң қажет. Бұл құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек. Қазір қолданып жүрген заң шамамен 30 жыл бұрын қабылданған. Ол кезде заман да мүлде басқа болды», – деп атап өтті ол.
Мәжіліс депутаты Бибігүл Жексенбай кәсіпкерлер тарапынан жаңа салық кодексіне қатысты сын көп айтылған еді дейді. Бүгінгі жолдауда жаңа салық кодексін қабылдау мерзімі бір жылға шегерілді.
«Кәсіпкерлермен кездесу барысында салық кодексінің әлі шикілеу екені, парламент қарауына беру ертерек деген пікірлер жиі айтылды. Соған қатысты мемлекет басшысының шешімін естіп, қуанып тұрмын. Өйткені кәсіпкерлер үшін қуанышты жаңалық. Салық кәсіпкерлердің шоттарын бұғаттайтын емес, орта және шағын бизнестің дамуына мүмкіндік беретіндей болуы тиіс деген шешімдермен келісемін. Бір жылда қоғам болып салық кодексінің барынша сапалы, көпшілік сұранысына жауап беретіндей пісіп, даярланады деп ойлаймын», – деді депутат.
Қуаныш ҚАППАС
Алматы
Айжан ҚАЛИЕВА
Астана