Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:50, 19 Қазан 2023

Күзгі марафон

марафон
Фото: из открытых источников

Елдегі желаяқ, жеңіл атлеттер Ұлытау облысының орталығы Жезқазғанға жиналды. 

Қала әкімінің ұйымдастыруымен өткен ZHEZKAZGAN ALTYN KUZ атты жартылай марафонның мақсаты – бұқараның салауатты өмір салтына қызығушылығын арттыру. Биыл дәстүрлі шара төртінші рет ұйымдастырылып отыр. Шағын шаһарда жеңіл атлетиканы дамыту мақсатында ұйымдастырылған марафон қоғамдық сипат алып, қарқынды өткізіліп келеді. Шараға еліміздің ең үздік желаяқтарымен қатар, Ресей, Украина, Моңғолиядан әуесқой спортшылар қатысқан. Қатысушылар арасында жастардан бөлек, жасы егде тартқан жандар да көп. Сонымен қатар Жезқазған қаласы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайынов қатысушыларға сәттілік тілеп, өзі де марафоншылар қатарынан табылды.

ZHEZKAZGAN ALTYN KUZ марафоны – қала аумағында дәстүрлі түрде өткізілетін шара. Биыл оған 300-ге жуық өтініш келіп түскен. Алайда жарыс күні мәре сызығын 100 спортшы аттады. Желаяқтар екі қашықтық, атап айтқанда, 10,5 және 21,5 шақырым аралағында жүгірді.

Қатысушылар арасында 1 топ мүгедегі, зейнеткер Зейнолла Сейітов те бар. Бұл тәжірибелі марафоншының 158-і жарысы.

- Қазір жасым 62-де. Осындай марафондарға қатысып жүргеніме 42 жыл болды. Өзім мектеп қабырғасын көзі көрмейтіндерге арналған интернаттан тәмамдадым. Соған қарамастан, осындай жарыстарға үнемі қатысып тұрамын. Бұл денсаулығы нашар адамдарға үлгі болар деп ойлаймын, – дейді әуесқой спортшы.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, марафонда жеңілгендер болмайды. Себебі арқаның ызғарлы ауа райына қарамастан, біршама қашықтықты игеру – спортшылар үшін үлкен жеңіс.

- Жартылай марафонның мақсаты – жүгіру, жеңіл атлетика спортын дамыту, халықты осындай бұқаралық спортқа жаппай тарту. Біздің қаламызда бұқаралық спортты дамытуға ерекше көңіл бөлінуде, бүгінгі күні осындай ауқымды дәрежеде төртінші рет қалалық жартылай марафон өткізіліп жатыр және марафонға шетелден, басқа қалалардан спортшыларымыз қатысуда. Бұл қуантатын жайт. Шара спортшыларымыздың салауатты өмір салтын ұстануға деген қызығушылығы артқанын көрсетеді. Бүгінгі жарысқа 300-ден аса желаяқ қатысуда. Марафонға қатысушылардың саны жыл санап өсіп келеді. Жарысты жыл сайын өткізу дәстүрге айналды. Келесі жылы Жезқазған қаласының 70 жылдық мерейтойында бұдан да үлкен деңгейде өткізу жоспарлануда, – дейді Жезқазған қаласы спорт бөлімінің басшысы Зухрап Даумбаев.

Шараға қатысқан еріктілерді бәрі мәре сызығын жеңіл еңсерді. Күтпеген оқыс жағдайлар орын алмады. Бұл жеңіл атлеттердің марафонға мұқият дайындықпен келгенін көрсетеді.

- Жезқазғанда жартылай марафон өтетінін естіп, әріптестерді қолдау мақсатында Қостанай қаласынан арнайы келдім. Бұл шараның ұйымдастырылу деңгейі ұнады. Жүлде қоры да қомақты. Ұйымдастырылған шараның арқасында Жезқазған қаласына алғаш рет келіп отырмын. Марафонда екінші қашықтық бойынша жүгірдім. Кәсіби спортшы болсам да 21 шақырымды еңсеру оңайға соққан жоқ. Дегенмен келесі жылы шақырту алсам, тағы да келем деген ойдамын, – дейді марафон жеңімпазы Александр Адушкин.

2 сағатқа созылған жартылай марафон өз мәресіне жетіп, Астана, Алматы, Қарағанды қалаларының әуесқой спортшылары алғашқы үштіктен көрінді. Жеңімпаздарға ақшалай сыйақылар мен мадақтама қағазы, арнайы медаль табыс етілді.

- Жеңіске жеткеніме қуаныштымын. Марафонға келген мақсатым да осы еді. Жүгіру кезінде біршама кедергілер болды. Атап айтқанда, жолдың, ауаның кедергісі. Қарсыластар да дес бермей, мәреге жеткенше мықтылықтарын көрсетті. Дегенмен бұл қиындықтар мені жігерлендіре түсті, – дейді марафон жеңімпазы Руслан Оглов.

Марафоннан спортшылардың ешбірі құр қол қайтпады. Қатысушыларды ынталандыру үшін барлығына естелік сыйлықтар берілді. Ал жүзден жүйрік шыққандары ақшалай сертификаттар иеленді.

Шыңғыс Атай

Тегтер: