Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:00, 12 Қыркүйек 2024

Күзгі жиын-терінге дайындық қалай?

егін
Фото: gazetavancouver.com

Астық науқаны да келіп қалды. Әлем экономикасы мен азық-түлік секторында аса ауқымды орны бар астық өндірісі ауыл шаруашылығының табысты саласы ретінде дамып келеді.

 Бұрынғы табиғат жағдайларына тікелей тәуелді процесс қазір жаңа технология мен ғылымның арқасында басқаша сипат ала бастады. Ол астықты егу, өсіру, өңдеу мен сату, сақтау мен тұтынуға қатысты толық сипатта жүріп жатыр.

Расында, астықтың тұтынушылары миллиардтап есептеледі. Әртүрлі дәнді-дақылдар дүниежүзінде күнделікті рационның ажырамас бөлігі. Сондықтан оның өндірісі де, саудасы да артып жатқаны заңдылық. Бизнеске қызығушылық танытқан жерде ғылым мен технологияның дамуы да орынды. Сол себептен де болар, ауыл шаруашылық технологиялары жыл өткен сайын қолайлы және қолжетімдірек болып келеді. Органикалық процестерді бақылау, оған әсер ету, инновациялық аппараттар мен машиналар, автоматтандырылған жүйелер, селекция мен генетикалық жұмыстар, заманауи жабдықтармен жабдықталған арнайы көліктер және астықты кептіру мен сақтаудың жаңаша технологиялары көптеген мүмкіндіктерге жол ашып отыр.

Қазақстан да бұл процестерден қалыспайды. Жері үлкен мемлекет ретінде Қазақстанда егіншілік дамыған аймақтар да баршылық. Соның ішінде орталық және солтүстік өңірлердегі жағдай жақсы. Бұл аймақтарда бидай, арпа, жүгері мен сұлы өсіру ісі қарқынды. Бұл егіс алқаптары ішкі нарықты қанағаттандырып қана қоймай, экспортқа да шығарылып жүр. Мәселен, бірқатар Орталық Азия елдері мен Ресейге, Өзбекстан мен Ауғанстанға қазақстандық астық жеткізіледі. Процесті өнімдірек ету үшін толық цикл қалыптастыру ісі де назарға алынып отыр. Дәл осы себептен агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да күш салынуда.

Мәселен, өткен жылы ұзаққа созылған жауын-шашын диқандарды әуре-сарсаңға салса да, егін ору науқаны тиісті уақытында аяқталды. 2023 жылы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын алаңның жалпы аумағы 24 млн гектарды құрады. Оның ішінде астық жиналатын алаң 17,1 млн га. Мұндай процеске шамамен 150 мың трактор, 39 мың астық жинайтын комбайн, 14 мың орақ және 140 мың басқа техника қатысқан. Сол кезде ауыл шаруашылығы министрлігі: «Облыстық әкімдіктердің деректеріне сүйенсек, орташа өнімділігі 9,7 ц/га бастапқы салмақта 16,4 млн тонна астық бастырылды, оның 11,4 млн тоннасы бидай», – деп хабарлаған болатын.

Ал биыл Қазақстан өңделген өнімдердің үлесін 70 пайызға жеткізу керектігі айтылды. Бұл мақсатты көрсеткішті орындау үшін арнайы 5 жылдық кешенді жоспар да жасалған. Сонда елімізде жыл сайын астықты тереңдетіп өңдейтін үш кәсіпорын ашылады деп болжанды. Жоспарға сәйкес, 2024-2028 жылдары жалпы қуаттылығы жылына кемінде 250 мың тонна дәнді-дақылдарды терең өңдеуге жететін үш инвестициялық жоба басталады. Әрине, бұл орайда өңірлердің қарқыны аса маңызды.

Мәселен, Алматы облысында астық науқаны басталып кетті. Шаруалар мен диқандар молшылық болады деп үміттеніп отыр. Соңғы өзгерістерге қарамастан, астық мол түседі деп күтілуде. Бұл туралы Алматы облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі былай дейді:

«Биыл облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдары 419,5 мың гектар жерді алып жатыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш аса өзгеріске ұшырамаған. Десек те, егіс құрылымында өзгерістер баршылық. Осы жылы әсіресе азықтық дақылдардың көлемі ұлғайған. Сандар тілімен айтқанда, дәнді және масақты дәнді дақылдар – 112 мың гектар (2023 жылы – 124,6 мың га), жүгері – 50,4 мың гектар (2023 жылы – 54,7 мың га), күріш – 6,7 мың гектар (2023 жылы – 6,9 мың га), азықтық дақылдар – 198,4 мың гектар (2023 жылы – 190,2 мың га). Ал егін жинау науқанына келер болсақ, 5 шілдеден басталған дәнді дақылдарды жинау науқаны аяқталуға да жақын. Қазіргі таңда 100 мың гектардан астам жерден 200 мың тоннадан астам астық бастырылып, орташа өнімділік гектарына 20,6 центнерді құрап отыр. Ал жүгері мен күрішті жинау жұмыстары қазанда басталады».

Облыстық әкімдіктің мәліметінше, өнімділіктің жақсы болуына жаңа технологиялар мен дайындық шараларының жақсы болуы да ықпал етіп отыр.

Науқан алдында күзгі дала жұмыстарына жан-жақты дайындық жасалған. Тағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге қажетті көлемде дизель отынын жеткізу жұмыстары да жолға қойылған. Сонымен қатар облыста дәнді дақылдарды қабылдауға, сақтауға және кептіруге заманауи технологиялармен жабдықталған үш ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Осының бәрі өңірдегі астық өнімділігін арттыруға өз септігін тигізуде.

Ақжол Мейірбек

Алматы облысы

Тегтер: