КВАЗИТАРИХ: империализм діңгегі немесе отарланған халық санасы
Кішкентай халықтар Ұлы түстер көреді.
Қадыр Мырза Әли
Әлеуметтік желінің алгоритмі өте қызық.
Ол әркімнің пікірі мен ойына орай достарды ұсынып отырады. Яғни сіздің достығыңызда көбіне сізбен пікірлес адамдар бар. Егер біреумен пікіріңіз сәйкес келмесе, сіз оны бұғаттап тастайсыз. Солай жұрттың бәрі сізбен көбіне бірдей ойланатын секілді көрінеді. Бірде желіні ессіз ақтарып отырып, достарымның достарының парақшаларына кіріп, тосын пікір оқыдым. Орыс тілінде бір кісінің жазбасы мені таңғалдырды. Ол қазіргі заманғы 45 мың халқы бар Талғар қаласы мен Отырар қаласының аумағын картадан көрсете отырып мынадай теория ұсынады: «Отырар қаласына 200 мың әскер шабуыл жасауы мүмкін емес. Өйткені 45 мың халқы бар Талғар мен Отырар цитаделі салыстыруға келмейді». Рас, қазба жұмыстары жүргізіліп, толықтай дерлік ашылған цитадель өте кішкентай. Ол 200 мың түгілі 10 мың адамның шабуылы тойтарыс бере алмас.
Осы тұста ол пікірді жазушының да, тарих оқулығы авторларының да қателігі көзге ұрады. Біріншіден, алты ай бойы Шыңғыс хан әскері Отырар қаласының цитадель қамалына шабуыл жасаған жоқ. Оның сыртында, ашық далада қаншама соғыс болуы мүмкін. Осы жағдайлар ашып түсіндірілмейді тарих оқулықтарында. Сондықтан болса керек Отырар қырғыны бізге Шаханов поэмасында суреттелгендей көрінеді. Яғни 200 мың әскер қалаға кіру үшін 6 ай бойы соғысты… Абсурд қой. Ал әлгі пікір иесі осы олқылықты дәл басып, әдейі немесе басқа да себептермен логикасын іске қосқысы келмей отыр.
Соңғы 5-6 жылда Вконтакте (Ресей) әлеуметтік желісінде «Остроумные» деп аталатын парақшаның оқырманымын. Украинаға соғыс ашпай тұрып ол парақша Ресей саясатындағы абсурдты шешімдерді әзілге айналдырып, әжуалап отыратын және ол посттарға жазылған пікірлер де адекватты еді. Бірақ соғыс басталғалы ол парақшаның бетпердесі сыпырылды. Ол толықтай дерлік соғысты қолдаушы және Ресей басқыншыларының жетістіктерін мадақтаушы посттар жариялайды. Украиндықтары толықтай «ұлтшыл» деп атап, тіпті адам қатарынан шығарып жібереді. Пост астарындағы пікірлерден адам қорқады. Қызығы сол пікірлерді оқи отырып Ресейдегі квазитарихтың соншалық дамығанына көзім жетті. Пікірлерден Ресейдің қарапайым халқына сіңірілген мынадай бірнеше пікір түюге болады.
1. Екінші дүниежүзілік соғыста орыстар ғана жеңіске жетті. Басқа халықтар тек тылда көмек көрсеткен.
2. Ресей құрамындағы автономиялы елдерді Ресей күшпен басып алмаған. Керісінше, олар өздері келіп қосылуға бас иіп, өлімнен құтқаруын өтінген.
3. Тұтас адамзат Ресейге қарыздар.
4. Шыңғыс әскері ешқашан Ресей жеріне шабуыл жасамаған. Керісінше, бірлікте болған.
5. Ресей Моңғол империясының заңды тақ иеленушісі.
6. Түрік тілдері орыс тілінің диалектісі немесе ол орыс тілінің негізінде дамыған.
7. Еуропа жуынбай, көшелері нәжіс сасып жатқанда әрбір орыстың үйінде монша болған.
Мұндағы әрбір пункт астарында Ресейдің қолдан жасаған жалған тарихы мен пропагандасы жатыр. Әрбір пунктті жеке-жеке талдап көрелік.
1. Мойындауға тиіспіз, орыс әскері мен халқы соғыста көп қаза тапты. 5 миллионға тарта. Бірақ соғыстың көп бөлігі сол ел территориясында өткенімен Ресей халқының санының көптігін ескерсек – бұл заңдылық. Ал жеңіс жолында одақтас әрбір халық барын салды.
70 жыл бұрынғы жеңісті Ресей әлі күнге жетістік санап келеді. Жыл сайын Қызыл алаңда парад өткізіп, жалынды сөз сөйлейді. Бұл тұста бұрынғы КСРО құрамындағы елдер парад өткізуден, тіпті бұл соғысты Отан соғысы деп атаудың өзінен бас тартып жатыр. Яғни Кремль пропагандасынан бөлек Ресей халқының санасындағы аталған түсініктің қалыптасуына бұрынғы одақтастардың салқын әрі адекватты ақылы «кінәлі».
2. Парақшадағы «Ресей тарихында ешкімге шабуыл жасаған жоқ. Тек қорғанды» деген пост астына бір татар жігіт: «Ресей менің халқымды отарлады» деп пікір қалдырған. Сол пікірге жауған қарсы сөздерді оқу тіпті қиын. Федерация құрамындағы кіші халықтардың күйін сол сөздерден анық аңғаруға болатындай.
Біріншіден, XVI ғасырдан бері Ресей 75 соғысқа қатысыпты. Әлемдік сарапшылардың айтуынша осының 53-ін Ресей бастаған. Оған көнбеген орыс тарихшылары бұл санды 9-ға түсірді. Қалған соғыстың бәрін Ресей «бастауға мәжбүр» болған-мыс. «Ешкімге соғыс ашпады» деген сөзге қарсы осы тоғыз соғыстың өзі жетіп жатыр емес пе? Бір қызық жағдайды айтып өтейін. Біз біліп-білмейтін, білсек те орыстың әжуа анекдоттарынан таныс чукча атты халық бар. Бүгінгі күнге дейін абориген саналатын олардың өзі XVII-XVIII ғасырларда жерін басып алуға келген патша әскеріне қарсы соғысқан.
Ресей (9 соғыс) Қырымға, Осман империясына, Шведтерге өзі соқтыққан. Осы қатарда Түркістан жорығы, Хиуа және Персия жорықтары да бар. Яғни Орталық Азия елдерін былай қойғанда чукчалардың өзі Ресейге өз еркімен берілмеген.
3. Жоғарыда фашизмді жеңгені үшін қарыздар деп айтып өттік қой. Одан бөлек Ресей қаншама елге көмек көрсеткен. Тіпті 79-89 жылдар арасында ауғанға барып көмек көрсетіпті. Сосын Орталық Азиядағы артта қалған елдерді қамқорлығына алып, ел қылып, қатарға қосқаны бар. Яғни ол жақта бүкіл тарих теріс қаратып оқытылады. Бұл тұста Ресейдің бұрынғы президентінің жазбасы, Шешен республикасының басшысы Қадыровтың сөздерін де ұмытпағанымыз абзал. Қаңтар қырғыны кезінде Қазақстанның тәуелсіздігін Ресей әскері қорғап қалыпты-мыс.
4. Шыңғыс әскерінің Ресейге шабуыл жасамағаны туралы дәлелдер жетіп артылады. Бастысы – моңғол жерінен қазіргі Мәскеуге жету мүмкін емес. Әскер жолда арып-ашып қырылып қалады-мыс. Басты дәлел – осы. Бірақ кейбір ғалымдар бұл дәлелдің логикаға сыймасын ескеріп, моңғолдармен ынтымақта болғаны туралы жазып жүр. Тіпті Моңғол империясының атауының өзі орыс тілінен шыққан. «Моңғол – могучий».
Орыс даласына Шыңғыс әскері шабуыл жасаған. Оны жоққа шығару мүмкін емес. Бірақ оны шабуыл деп атауға келер ме екен? Өйткені Русь кнәздері Шыңғыс әскеріне жарытып қарсылық көрсетпеген. Бұл басып алу Ресейдің XVII ғасырдағы чукчалармен соғысындай болса керек.
Ал бірлік жөніне келсек, Ресей кнәздері Алтын орданың отары болған. Бірлік пе? Егер бірлікте болса қарапайым халық ішінде «татар-моңғол қамыты» деген сөз сақталмаған болар еді.
5. Моңғол империясының, Алтын Орданың заңды тақ иеленушісі Ресей болуы мүмкін емес. Өйткені қанша ғасыр езгісінде болған, жарытып қарсылық көрсете алмаған, әскери одақ құрмаған, отар болған халық империяның тақ иеленушісі болмақ емес. Былай келгенде, қазіргі Ресей тарап, чукчалар билікке келіп, өздерін Ресей Федерациясының заңды ұрпағы деп жарияласа қалай болар еді?
6. Түрік тілдері орыс тілінің негізінде дамыған деген пікір тіпті күлкіңді келтіреді. Бұл ештеңе емес, Виталий Сундуков атты ғалым орыс тілін тұтас әлемнің прототілі деп жүр. Бірақ оның формулалы дәлелдері жоқ. Тек бас шұлғар, аузын ашып, сенгіш көрермені бар. Яғни тұтас әлем ғалымдары дәлелдеген нәрсені өтірікке шығару ешбір лингвистикалық білімі жоқ Сундуковтың қолынан келеді-мыс. Орыс тілі әлем тілдерінің бастауы болмақ түгілі, боқтап сөйлеудің өзін олар моңғол-татарлардан (түркілер) үйренді дейтін аңыз бар халық арасында.
7. Еуропаның көшелерінің қандай болғанынан хабарымыз жоқ. Бірақ Еуропада моншаның неше түрі болғанын археологиялық қазбалардан көріп жүрміз. Антика дәуірінде салынған кез келген қаланың театры және моншасы болған. Ал Ресей халқы апта сайын моншаға түсуді әдетке айналдырған халық болса, І Петр «әйелдеріңді ұятқа қалдырмай, моншаға түсіп, сабынмен жуыныңдар» деп жарлық шығармас болар.
Бір парақшаның негізінде осындай тұжырымдар жасауға болады. Анығында, бұл тұжырымның бәрі дерлік пропаганданың, атақты «Орыс әлемі» идеясының аясында жасалғаны ақиқат. Бір қарағанда мұндай «болжамды» әңгімелер біздің халықта да жетіп артылады. Осы тұста екі мемлекеттегі квазитарихтың жолы екіге айырылады. Ресейде бұл «тарих» империалистік көзқарасты қоздыра түсуге бағытталды. Ал біздің қоғамда квазитарих сол империяға бодан болған халықтың санасын азат етуші құрал. Оның үстіне, пропагандаға айналмаған квазитарих шынайы тарихқа жақын келеді. Және уақытында квазитарих болып есептелген қазақ ғалымдарының еңбектері академиялық негізде мойындалып жатқанын айта кетуіміз керек. Бұл туралы сәл кейінірек...
Ресейде империалистік көзқарастың және квазитарихтың тығырыққа тірелгенін көріп отырмыз. Өйткені академиялық ғылымда мойындалып жатқаны жоқтың қасы.
Көрші елден ішінара мобилизация жариялағаннан кейінгі шекара асып қашқандардың санында есеп жоқ еді. Бұл – халықтың «Ұлы тарихынан» бас тартуы емес, тек соғыстан қашу – өзін сақтау инстинкті екенін ұмытпағанымыз абзал. Осы уақытқа дейін тұрақты әскеріне сеніп, «үш-ақ күнде басып аламыз» деді. Одан соңында федерация территориясындағы екінші сортты халықтардың «еріктілерін» айдады. Ол да жетпеген соң түрмедегі қылмыскерлердің басын «бостандық» деген сөзбен арбап, майданға аттандырды. Әлемнің «екінші» әскеріндегі «адам шығынын» бұл да толтыра алмаған соң ішінара мобилизация жасау шешіміне келген еді. Қызығы сол, президент «ішінара» деп айтқанымен, ресми жарлықта бұл сөз қарастырылмаған. Яғни кез келген адам бұл бастамаға тап болуы ықтимал. Көрші «Ура Патриоттардың» қорқып, қашып жатқаны осыдан. Яғни бұл халық өзгенің қолымен от көсегісі келеді. Анығы – осы.
Елімізде соңғы жылдары өзге ұлт өкілдерінің үлесі азайып, біртілділік пен ұлттық құқықтарымызды (жер иесі ретінде) талап етуіміз күшейіп келе жатыр еді. Аз қалған ұлыстардың басым бөлігі мемлекеттік тілді үйренуге талпыныс жасап, елдегі ұлтаралық ахуал тұрақтала бастаған. Бірақ әлгі «қашқындар көші» бұл ахуалға кері әсерін тигізбей қоймайтынын ұмытпағанымыз абзал. Сондықтан олардың «империалистік пиғылдарына» рухани дайын болуымыз керек. Ал рухты көтеретін басты құралдардың бірі – тарих, оның ішінде квазитарих.
О.Сүлейменов, Ә.Балқыбек, С.Қондыбай, Т.Әсемқұлов сынды қаламгер-ғалымдар қазақ, түркі өркениетінің тамыры терең екенін дәлелдеп берді. Бұл қатардағы О.Сүлейменов пен С.Қондыбай еңбектері академиялық зерттеулерде әдебиет ретінде қолданылып жүр. Scopus базасына кіретін журналдарға шыққан қазақ ғалымдарының мақалаларында бұл авторлардың аттары жиі айтылады. Бұл нені білдіреді? Бір замандарда квазитарих, жалған тарих деп танылған ғалым еңбектері академиялық ғылым тарапынан мойындалып жатыр.
Жастарға «қазақта алхимия болған», «түрік тілі ең көне және көркем тіл», «шумерлер түрікше сөйлеген», «бабаларымыз Еуропаны Рим езгісінен азат еткен» деген сөздерді айтсаңыз, сіздің бетіңізге аңтарыла қарап: «Маған келіп-кетері не?» деуі мүмкін. Рас, өткеннен гөрі болашақ маңызды. Бірақ бәрі болашаққа қарап ойланбайды ғой. Жетпіс жыл бұрынғы ортақ ерлікті әлі күнге қайталап, пропагандасының басты желеуіне айналдырып отырғандар бар.
Қорыта келгенде, тарихи сана қалыптаспаса – ұлттық иммунитет әлсіз. Бұл жердегі ең маңызды сөз – «иммунитет». Өйткені біз жалған тарих деп санаған болжамдарымызды нақты ғылымға айналдырып жатырмыз, мойындап жатыр. Ал саф ғылым тарапынан мойындалмаған квазитарих иммунитет емес, вирусқа айналып кетуі ықтимал.