Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:57, 13 Тамыз 2024

Квотасы көп Қазақстан немесе қамқор мемлекет болып көрінуге тырысу

квартира
Фото: из открытых источников

Бүгінде «квотам бар», «квотасы бар» деген сөзді жиі естіп жатамыз. Бұл ұғым қандай да бір құжаттарды рәсімдеп, әлеуметтік сұрақтарды шешу барысында кеңінен қолданылады.

 Әр салада әртүрлі сипатталса да, түпкі мағынасы бір – «жалпы көлемнен белгіленген арнайы үлес». Ол экономика мен саудада, саясатта, білім саласы мен еңбек нарығында, тағы сол секілді әртүрлі сфераларда міндеттеліп жүр. Ал белгілі бір әлеуметтік топқа арнайы квота берудегі мақсат – қоғамда баланс сақтау. Яғни азаматтардың мемлекет тарапынан жасалған мүмкіндіктер мен ресурстарға қолжетімділігін теңестіру. Дәл осы себептен әр ел квоталарды өзінің әлеуметтік, экономикалық, саяси сұраныстарына байланысты белгілейді.

 Бұл тезиске сүйенсек, Қазақстан білім мен медицинаға көбірек тәуелді. Өйткені осы салаларда квота көп. Тағы қандастарды қоныстандыруға арналған квоталар бар. Сенаттағы президенттік квота туралы да естіген шығарсыз. Ал экономикадағы немесе саудадағы квота дегенді көп ести бермейміз. Осылардың арасында ең танымалы да, соңғы уақыттары актуалдылығы артқаны да – мемлекеттік грант берудегі квоталар. Яғни түлектердің ҰБТ балымен бірге олардың әлеуметтік дәрежелері де белгілі бір деңгейде ескеріледі. Мәселен, жалпы гранттың 35 пайызы – ауыл жастарына, 5 пайызы – арнайы белгіленген аймақтарға көшетін ауыл жастарына, 5 пайызы – көпбалалы отбасыларға, 4 пайызы – Қазақстан азаматы емес этникалық қазақтарға бөлінеді. Тағы бірінші немесе екінші топтағы мүгедектерге, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүшелеріне, толық немесе жартылай жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға – 1 пайыздан, ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендерге – 0,5 пайыз белгіленген.

Кәмелеттің әлегі

 Сан түрлі әлеуметтік факторлардың бала мен оның зейініне әсерін, білім берудегі теңсіздік пен контрастты ескере отырып мұндай квоталар қарастырған да дұрыс шығар. Әрі бұл әлем елдерінде танымал әдіс. Бірақ елімізде 18 жасқа толған мектеп бітірушілер жоғарыда аталған квоталарды қолдана алмайды (!). Демек, түлек кәмелетке толса, басқалар секілді бұл статусты пайдалана алмайды. Тіпті ата-анасынан айырылған жағдайда оқиғаның кәмелет жасқа дейін орын алған-алмағаны ескеріледі екен. Толық емес отбасылар үшін де осы қағида... Оқушылар бұл шешімді абсурд деп есептейді.

 «Грант конкурсына құжат тапсырған кезде аз қамтылған отбасы ретінде квота сұрадық. Алайда 18 жасқа толғансыз деп, есепке алмады. Ақырында, 108 балмен грантқа түспей қалдым. Меніңше, түлектерге түлек, абитуриенттерге абитуриент деп бірдей қараған дұрыс. Бәріміз бірдей мектепті аяқтап, бірге ЖОО-ға талапкерміз. Айырмашылық неде? Колледж аяқтап келген жоқпын, университеттен екі-үш диплом алып, тағы тапсырып жатсам мейлі екен... Еш логикасы жоқ шешім», – дейді Тараз қаласындағы №16 мектептің түлегі Жанбота Бикенқызы.

 Шілденің басында ғана 18 жасқа толған Адина Төлеубек Түркістан облысы Сарыағаш қаласында мектепті тәмамдаған. Ол да ауыл және көпбалалы отбасы квотасын ала алмапты:

 «Құжат өткізуге барғанда комиссия ешқандай квота ала алмайсыз деді. 18 жасқа толғандар мұндай мүмкіндікті пайдалана алмайды екен. Өзім заңгер болуды қалап, дүниежүзі тарихы және құқық пәндері бойынша дайындалдым. Сонда да осы ереженің қисынын түсіне алмадым. 11 жыл бойы қажетті ресурстар қолжетімсіз, кадрлық сапасы мәз емес мектепте оқығаным – факт. Көпбалалы отбасы екеніміз де рас. Сонда конкурсқа құжат өткізерден бір ай ғана бұрын 18 жасқа толсам, өткеннің әсері жойыла ма? Ол нені өзгертеді? Квотаның мақсатын, функциясын ұмытпау керек».

 Тағы бір 90 балл иегері 18 жасқа толғаны үшін толық емес отбасы мүшесі деген квотаны ала алмағанын айтады. Аты-жөнін көрестпеуді сұраған оқушы былай деді: «Анам мені бір жасымнан бастап жалғыз өсірді. Енді тағы ақылы негізде оқытамын деп отыр. Бар квотаны ала алмағанымызға күйінемін. «Қазақстан халқына» қоры да анаң бар екен деп гранттарына қабылдамады».

Квота – көмек қана емес

 Демек, білім саласында квота бар болғанымен, оның мазмұны әлі де шимай-шатпақ. Медицинадағы квота бойынша да түйіні шешілмеген дүниелер баршылық. Бұл салада әлеуметтік медициналық сақтандырудың жыры бір төбе. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі арқылы берілетін квоталардың тізімі де қысқа. Тек тоғыз критерий бойынша шетелде емделуге мүмкіндік алуға болады. Бір артықшылығы – пациенттің жолы мен қажетті қызметтеріне қатысты барлық шығындар өтеледі. Десек те, ол квоталар шексіз емес. Сондықтан азаматтар шетелдік квотаны өз бастамасы бойынша ала алмайды. Әрі құжат жинау мен кезек күтудің, жергілікті ауруханадан бастап республикалық аурухананың қорытындысын алудың қиын екені жиі айтылады. Одан бөлек, кемінде үш отандық және шетелдік маман қатысқан консилиум мен шетелде емдеуді ұйымдастыру жөніндегі комиссияның шешімі қажет. Осыдан-ақ аз орынға тырмысқан көптің жағдайын ұға беруге болады.

 Тура сол секілді қандастар мен қоныс аударушыларға арналған квотаның да құжаты мен жүгірісі көп көрінеді. Әлеуметтік салада квоталармен қоса басқа да жеңілдіктер, жәрдемақылар, төлемдер қарастырылған. Ал саяси және экономикалық квоталар туралы саясаттанушы маман Мөлдір Нұрбек айтып берді:

 «Біздің көз алдымызда «квота – көмек» деген пікір қалыптасып қалған. Ал шын мәнінде ол объективті себептер мен күтілетін салдарларды есептей отырып жасалатын шара. Сондықтан квота саясат пен экономикада да жиі қолданыс табады. Әлемде сайлау барысында сайланушылардың жынысы, этникалық сипаты, жасы және тағы сол секілді факторларға мән беріледі. Әрі олардың өзара үлесі баланста болуы қадағаланады. Мысалы, Швецияда партиядағы ерлер мен әйелдер үлесін теңестіруге қатысты квоталар бар. Ал Исландия гендерлік теңдікке мән беруде. Кейбір елдер болса азшылық құқығын қорғау мақсатында арнайы квоталар қарастырады. Қызық болып естілер, Үндістанда әртүрлі касталар мен тайпалардың құқығына арналған саяси квоталар қолданылып жүр. Ол парламентпен қоса мемлекеттік мекемелерде де ескеріледі. Сол сияқты басқа елдер этникалық және расалық квоталарды міндеттейді. Инклюзияның да өзектілігі артуда. Байқап отырғандарыңыздай, квоталар елдегі демографиялық-этникалық ахуалға, олардың өзара түсіністігі мен байланысына қатысты әртүрлі болып келеді.

 Экономикаға келер болсақ, бұл саладағы аймақтарды қолдау, саланы жандандыру, агросектор үлесін арттыру, ШОБ-қа көмек, грант, субсидия, салықтық жеңілдіктер, мемлекеттік сатып алуда артықшылық берілетін категориялар – осының бәрі квота. Ішкі нарықты қорғау немесе нарықты реттеу үшін экспорт пен импортқа арналған квоталар да қолданылып жатады. Осы аталғанның бәрі де Қазақстанда кездеседі. Ал олардың аздығы немесе көптігі, тиімділігі жалпы саяси жүйе мен институттарға байланысты».

Шектен тыс көп квота – тұрақсыздық белгісі

 Жоғарыда айтылған әлеуметтік, саяси, экономикалық квоталар барлық елде бірдей деп айта алмаймыз. Олардың қай түрі қалай қолданылып жатқаны, көптігі немесе аздығы елдегі проблемалардың да бір көрінісі іспеттес. Ол туралы әлеуметтанушы Дана Рахымғали былай дейді:

 «Мемлекеттік құрылым болған соң әртүрлі әлеуметтік топтарға арналған бағдарламалар, қолдаулар жасалады. Мұндай төлемдер, жеңілдіктер өз алдына тиісті ағынымен жүре береді. Бір бекітіледі де қайталанып, жаңаланып отырады. Ал квоталардың көлемі мен мазмұны өзгеріске ұшырап, соңғы қажеттіліктерге бейімделеді. Осыдан келіп, шектен тыс көп квота елдегі тұрақсыздықтың белгісі деген қорытынды шығара аламыз. Өйткені квота әлеуметтік теңсіздікті реттеуге бағытталатын құрал. Оған қажеттілік артқан сайын елдегі ретсіздік белең алып бара жатыр деген сөз. Мұндай жағдайда мемлекет «әділеттірек» қоғамға ұмтылады да, қолдап үлескерлік есебін бекітеді. Қарапайым ғана мысал келтірейік. Ауыл квотасы – техникалық-материалдық базасы қамтылмаған мектеп пен ондағы біліктілігі төмен педагогтар үшін мемлекет беретін компенсация. Медицинада да солай. Қалтасы көтергендер шетелге барып емделе алады, ота жасатады. Қалғандары ше? Қалғандарына мемлекет аздаған квота қарастырады. Жоқтан жақсы. Тең қоғам деген атқа «ұмтылыс».

 Өз кезегінде квоталар «бізге қамқор мемлекет бар» деген түсінікті нығайту үшін де қолданылатын секілді. Бірақ осыған дейінгі стратегиялық қадамдар сәтсіз болса немесе әлі де тиімділігін көрсете алмай жатса ғана қолдан реттеу әдісіне жүгінетінімізді есте ұстаған абзал. Сондықтан да жүйелі мәселелер табиғи жолмен шешілгені жақсы. Яғни уақытша шешімге алданбай, түбегейлі балансқа ұмтылған дұрыс».

 Біз сияқты дамушы елдерде квотаның болғаны заңды. Әрқилы әлеуметтік, экономикалық, саяси топтардың барын және жақын уақытта олардың бәрі тең боларына сенім аз кезде квота қажет-ақ. Әсіресе білім, медицина саласындағы квотаға зәру адам көп. Бірақ оның берілу кезіндегі әділетсіздік пен шикілік өз функциясын дұрыс атқаруға мүмкіндік бермей тұр. Түбегейлі балансқа жетудің жолы әлі ұзақ сияқты...

Баян Мұратбекқызы

 

Тегтер: