Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:20, 02 Сәуір 2024

Лаңкес жоқ деме, жар астында...

а
Фото: из открытых источников

Мəскеудегі лаңкестік əрекет азаматтардың қауіпсіздігіне айрықша көңіл бөлудің маңызын тағы бір мəрте көрсетті. Талай адамның өмірін жалмаған тосыннан жасалған терактінің елімізге қатысы бар ма? Одан қандай сабақ аламыз? Терроризмге қарсы күрес қалай жүріп жатыр?

Халықаралық коалицияға бірігу керек

Қазақстан президенті мəскеудегі лаңкестік шабуылға байланысты Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, терроризмге қарсы күресте Қазақстанның Ресеймен бірге екенін растады. Кейінірек, АҚШ сенаторы Стив Дэйнспен кездесуде де бұл мəселе сөз болды. Қазақстан осы маңызды іске өз үлесін қосуға дайын екенін жеткізді.
Жалпы, еліміз тəуелсіздік алғалы бері жаһандық жəне өңірлік қауіпсіздікке ерекше мəн беріп келеді. Қазақстан бітімгерлік күштері БҰҰ-ның аясында бірқатар аймақта тұрақтылықты сақтауға үлес қосып отыр.
Саясаттанушы Əлібек Тəжібаев көршілес елдердегі терактілер Қазақстанға тікелей əсер ететінін алға тартады. Оның пайымдауынша, мұндай оқиғалар елдің қауіпсіздігіне, тұрақтылығы мен экономикалық дамуына кедергі келтіреді.

 Босаңсуға болмайды

Ресейдегі теракт «жау жоқ деме» деген нақылдың өміршеңдігін көрсетіп отыр. Экстремистік топтар мен террористік ұйымдардың содырлары зымиян жоспарын жүзеге асыру үшін қарапайым азаматтардың кейпін киіп, кез келген сəтте соққы беруі мүмкін. Əйтпесе, ФСБ осыдан бірнеше апта бұрын ғана Мəскеудегі синагоганың біріне шабуылдауды жоспарлаған террористерді тұтқындаған еді.
Бүгінге дейін Қазақстанның бірнеше өңірінде, атап айтқанда, Ақтөбеде, Атырауда, Таразда, Алматыда теракт болғаны баршаға мəлім. Сондықтан терроризмге қарсы күрес – Ұлттық қауіпсіздік қызметінің басты міндеттерінің бірі. Ресми статистикаға сүйенсек, кейінгі бес жылда халық көп жиналатын жерлерде жəне билік органдарына қарсы дайындалған 18 террористік актінің жолы кесілген. Былтыр екі лаңкестік шабуылға тосқауыл қойылды. Лаңкестік жəне экстремистік қылмыстар жасағаны үшін 43 адам сотталды. Жыл бойы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің үйлестіруімен терроризмге қарсы 208 командалықштабтық жəне 196 жедел-тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті.
Атқарылған осындай ауқымды жұмыстарға қарамастан, босаңдық танытуға əсте болмайды. Өйткені терроризмге қарсы күрес қабыршақ мұздың үстімен жүрген секілді. Қай кезде, қай жерде морт сынатынын дөп басып айта алмайсың. Оның үстіне, кейінгі кезде экстремистік топтар мен лаңкестік ұйымдар қатарында Орталық Азияда туып-өскен азаматтар баршылық. Кей деректерге сүйенсек, жоғарыда аталған «Хорасан уəлаяты» лаңкестік тобы жапсарлас өңірлерде туғандарды арбауға тырысады. Мəселен, 7 наурыз күні Ресейдің Калуга облысында ФСБ жүргізген терроризмге қарсы операция кезінде қазақстандық екі азамат қаза тапты. ASTRA арнасының мəліметіне сүйенсек, олар «Хорасан уəлаяты» тобының мүшелері көрінеді. Кейінірек, Ұлттық қауіпсіздік комитеті
2Ресейде теракт ұйымдастырмақ болған Қазақстанның екі азаматын Ресейдің күштік құрылымдары көзін жойғанын растады.
«Хорасан уəлаяты» тобының құрамында кезінде Сирияда соғысқан содырлар бар. Олардың ішінде Орталық Азия өкілдері де жиі қылаң береді.
Сол себепті Қазақстан аумағында бұл лаңкестік ұйымның жасырын топтары болуы мүмкін екенін жоққа шығара алмаймыз. Мұндай жағдайда сақтанып, ертерек əрекет еткен жөн. Қазақстан Орталық Азия өңірінде орналасқан. Ауғанстанның жақын екенін ескерсек, босаңсуға мүлдем болмайды.

Терроризмде шекара жоқ

«Хорасан уəлаяты» секілді лаңкестік топтар интернетті белсенді пайдаланады. Сол арқылы фанатизм мен экстремизмге бейім адамдарды қолға түсіруді көздейді. Экстремистік топтар əлеуметтік желілерді де белсене пайдаланады. Сондықтан жаһандық желіні мұқият бақылау да маңызды міндеттің бірі. Мəдениет жəне ақпарат министрлігі таратқан мəліметке сүйенсек, былтыр діни экстремизм, терроризмді насихаттайтын 14 мыңнан астам материал бұғатталған. Ал кейінгі бес жылда мұндай мазмұндағы 563 мың материал жойылған. Бірақ бұл бағыттағы жұмыс осымен тоқтап қалмауға тиіс. Əйтпесе, экстремизм мен терроризмге шақыратын жазбалар жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп шыға келеді.
Шекарадағы қауіпсіздік те экстремизм мен терроризмге қарсы күресте ерекше мəн беретін мəселе. Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстыратын күре жолда орналасқан. Сол себепті заңсыз көші-қон, есірткі тасымалы, қару-жарақ пен оқ-дəрі контрабандасы секілді мəселелер күн тəртібінен түскен емес. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевтың айтуынша, былтыр мемлекеттік шекараны күзету саласында 6 987 заң бұзушы ұсталған. Қару мен оқдəрілерді тасымалдауға қатысты 85 əрекеттің жолы кесілді. Заңсыз көші-қон бойынша 4 арнаға тосқауыл қойылып, олардың 6 ұйымдастырушысы ұсталыпты. Осы орайда, шекарашыларымыз қырағылық танытып, жымысқы жоспармен Қазақстанға келгендерді құрықтайды деп үміттенеміз. Əйтпесе, жұмыс іздеуді сылтауратып келгендердің лаңкестік əрекет жасамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды.
Стратегиялық зерттеулер институты еуропалық жəне америкалық зерттеулер бөлімінің басшысы Бекжан Садықов терроризмде ұлттық немесе географиялық шекара жоқ екеніне назар аударады. Оның айтуынша, лаңкестікпен күрес көпжақты ынтымақтастықтың күн тəртібінде бірінші орында тұруы қажет. «Қазақстанның ұстанымы дəстүрлі түрде халықаралық терроризмге қарсы күресте халықаралық күш-жігерді біріктіруге бағытталған. Терроризмнің деструктивті идеологиясына ұлтаралық жəне конфессияаралық мəселелерді шешудегі əлемдік тəжірибені пайдалана отырып, толеранттылық пен өзара келісім идеяларын қарсы қою қажет» дейді сарапшы.
Жоғарыда атап өткендеріміз, сыртқы экстремизмнің ықпалы. Бұдан бөлек, ішкі фанатизмді ескерген жөн. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары елімізде қара
3киініп, тұмшаланып, балағын қысқартып, сақал өсіріп жүретін адамдар пайда болғаны баршаға мəлім. Жыл сайын қыркүйек қарсаңында хиджаб киген оқушыларға қатысты дау туады. Бəріне топырақ шашудан аулақпыз, бірақ солардың біразы деструктивті бағыт ұстанатынын сарапшылар айтып жүр.
Мамандардың сөзіне сүйенсек, деструктивті діни ағымдардың жетегіне еруге психологиялық күйзеліске ұшыраған адамдар бейім келеді. Ондай топтың көсемдері бастапқыда қиындыққа душар болған адамға қолдау білдірген сыңай танытып, іші-бауырына кіреді. Қаржылай не басқалай да көмек беруі мүмкін. Осылайша, психологиялық байланыс орнатқаннан кейін экстремистік көзқарасын тықпалайды.

Қауіпсіздікті сақтау талаптарын қайта қарау қажет

Мəскеудегі лаңкестік шабуыл терроризммен күресте қырағылық танытып, оған бүкіл əлем болып күш біріктіру керектігін көрсетіп отыр. Бұдан бөлек, адам көп жиналатын орындардың қауіпсіздігіне назар аударуды талап етеді.
Біріншіден, «Крокус Сити Холлдағы» терактіде қаза тапқандардың көбі шығар есікті таппай, түтінге тұншығып өлген. Ендеше, көрші елдегі оқиғадан сабақ алып, Қазақстандағы ірі сауда орындарының техника талаптары қаншалықты сақталғанын тексерген жөн.
Екіншіден, «Крокус Сити Холлға» шабуыл жасалғаны туралы ақпарат Мəскеу уақытымен 20:02-де түскенімен, арнайы жасақ кешігіп жеткен. Демек, елімізде өтетін ірі іс-шаралар кезінде ұйымдастырушылардың, құқық қорғау органдарының, шұғыл көмек қызметтерінің өзара іс-қимыл тетіктерін нақты белгілеу қажет екені түсінікті.
Белгілі мақалды сəл түрлендіріп айтсақ, «лаңкес жоқ деме, жар астында». Ендеше, тыныштығымызға сақтау үшін қауіпсіздігімізді күшейте беруден абзалы жоқ.

Айша ЖАСҰЛАНҚЫЗЫ

Фото: Максим Блинов

Тегтер: