Латын әліпбиі. «Асықпайық» дегелі айнып қалдық па?
2017 жыл. Сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы жарлыққа қол қойды.
Жаңа графика 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен енгізілетін болды. Алғашында әдістемелік, орфографиялық, сараптамалық-техникалық және терминжасам жөнінде арнайы 4 жұмыс тобы жұмылдырылып, қызу іске кірісіп кеткен.
Бірақ ең алдымен қазақ тіліндегі дыбысталуы ерекше әріптерді қамтыған жаңа латын әліпбиін жасап шығару керек еді. Гәп те осында болып шықты. Бірі қосарланған, бірі айшықталған, енді бірі дәйектелген талай әліппе ұсынылғанымен, соның ешбіріне тоқтала алмай, ақыры санынан да жаңылдық. Сол үшін бүгінде көшедегі баннерлерден бастап, министрлік атауларына дейін ала-құла. Латын әліпбиіне көшуде бірізділіктің жоқ екендігін айтқан президент те «асықпауға» шақырған. Бірақ бұл асықпаудың арты айнуға ұқсап бара жатқандай.
Ал Тіл білімі институты тапсырма бойынша әліппесі жоқ латынның жаңа орфографиялық емлесін дайындауда. Біз бұл мәселе төңірегінде филология ғылымының докторы, түрколог Аманқос Мектептегі мен тілтанушы, лингвист Бейбарыс Сейтақпен сөйлестік.
— Қазақ тілін латын графикасына көшіру туралы бастама аяқсыз қалуы мүмкін бе? Қалай ойлайсыздар?
Б.Сейтақ: – Қиын сұрақ екен, өйткені бұл мәселе күн тәртібінен шығыңқырап қалғаны рас, бірақ бұл бір жағынан қоғам арасында, кезінде бірден қолдау тапқан бастама болғаны да рас. Түбегейлі өзгерісті білдірсе де, айтарлықтай қарсылық байқалмаған еді. Біз кез келген жаңалыққа дайын болуға тиіспіз және оны сауатты, байыпты түрде талдауға, саралауға қабілетті болуымыз керек. Бір жағынан, нақты латын әліпбиінсіз қазақ тілі құрдымға кетпейді, ал енді бір жағынан, латын әліпбиінен бас тартар болсақ, бұл ауқымдырақ бір бетбұрыстардың, үрдістердің белгісі болуы мүмкін, соны дер кезінде аңғарып, үлгеруіміз керек. Латын әліпбиі мәселесінде геосаясат жатқаны жасырын дүние емес, ол әу бастан-ақ тек тілдің технологиялық зәрулігі емес, идеологиялық, символдық мәні бар өзгеріс еді.
А.Мектептегі: – Қазақта латын әліпбиі бұрын да болған. Ал енді бір рет сәтсіз болған бастамаға қайта бас сұғу деген – бір түскен қақпанға қайта түсу деген сөз. Бұл ұлттың жойылуына алып келуі мүмкін. Себебі қазіргі мынандай қарқынды дамудың кезінде біз жаңадан алфавит ауыстырып жататын болсақ, көзімізді ашқанша дүние құбылып, табан асты болып кетуіміз бек мүмкін. Қазір бізге жазу ауыстырудың қажеті жоқ. Біздің өзімізге арналған, өзіміздің ауыздан, көмейден шығатын дыбыстарға арналған таңбалар бар. Оны «ұрықтың таңбасы» дейміз. Біздің мынау «ру» деп жүргеніміз о баста ұрық деген сөз. Міне, бұл ұрық сөзінің «руға» айналуы да осы жазуды өзгертудің салдары. Осыдан бірнеше жыл бұрын мемлекет латын әліпбиін қабылдаймыз дегеннен бастап біз бұл бастамаға қарсы болдық. Бірақ құлақ асқан ешкім болған жоқ.
—Қазіргі таңда тіл мамандары кириллицаға көшу қазақ тіліне өз салқынын тигізгенін айтады. Ал латын әліпбиі қазақ тілінің болмысына қаншалықты сай келеді? Тілімізге мұның да әсері тиюі мүмкін бе?
А.Мектептегі: – Физиологиялық, анатомиялық жағынан келгенде адамның немесе белгілі бір халықтың тілі, көмейден шығатын дыбыстардың өзі табиғатпен байланысты. Сол табиғи ортаның әсерімен өзінің артикуляциялық аппараты қалыптасты. Желдің уілі, ағаштың сыбдыры сияқты физикалық дыбыстар өз алдына, ал енді адамның аузынан шығатын дыбыс осы табиғаттың, ортаның әсерімен адамның физиологиясын қалыптастырды. Солай жер бетіндегі халықтардың әрқайсысының тілін қарасаң, бірі шаңқылдап сөйлейді, бірі мұрнынан сөйлейді деген сияқты өзінің артикуляциялық аппаратына қарай өзіндік сөйлеу мәнері бар. Міне, осыған байланысты әр тілдің өзіне сай таңбасы болмақ. Мәселен, арабтың жазуы араб үшін, еврейдің жазуы еврей үшін, латынның жазуы латын үшін жасалған. Сол сияқты біздің де түріктекті халықтардың өз қарпі болды. Біз өз сөзімізді өзіміз ұмытқан халықпыз. Өйткені отарлық жүйенің бірінен шықсақ, екіншісіне тұтылып, мәдениетіміз бен руханиятымызды өзгенің көзімен, өзгенің сөзімен қалыптастырдық. Қазір біздің оқитын ғылым-біліміміздің барлығы да басқа жұрттың ықпалынан туған және солардың мүддесіне қызмет етеді. Сол үшін біздегі оқыған азаматтардың өз ұлтының табиғатын түсінбей адасып жүруі заңды. Ғалымдардың есебінше, қазірге дейін 16 рет жазу ауыстырыппыз.Мұның бәрі біздің миымыздағы ақпаратты өшіру үшін керек болды. Сондықтан жаңа әліпби деген қуанатын дүние емес. Бұл халықтың ғасырлар бойы жинап келген мәдениетінен қол үзу деген сөз. Бұл сонау араб шапқыншылығы, одан әрірек табғаштармен соғыс кезінен келе жатқан кесапат. Мәселен, кейбір халықтар өмір бақи жазуын өзгертпеген. Олар, әрине, бақытты халық.
Бізде қазір қаланың қазағының ешбірінде орысша акцент жоқ. Мысалы, грузиндерде, армияндарда орысша сөйлегенде акцент бар. Себебі олардың тілдік сөйлеу жүйесі өзгеше. Осының әсерінен ауыздағы дыбыстар өзгеріске түседі. Ал біз орфографияны орыстың сөзіне қарап алдық та, тілімізді сындырдық.
Б.Сейтақ: – Тіліміз түрлі жазба жүйесін қолданып келді. Әдеби қазақ тілі аспаннан топ етіп түсе қойған жоқ, ол шағатай жазба тілінің мұрагері, ал шағатай жазба тілі Қарахан хандығының кеңсе тілінің жалғасы, ал ол өз кезегінде көне түркі руналық ескерткіштердегі тілдің араб қарпімен жазылған нұсқасы ғана еді, яғни тарихи сабақтастыққа көз жүгіртсек, жазба жүйесі де сан құбылған. Алып жатқан географиялық ауқымының есебінен түркі тілдері төл руналық жазумен де, көне ұйғыр, брахми, армян, араб, кирилл, латын жазуларымен де жазылып келген. Ал кирилл әліпбиінің өзіне тән бір зиянкестігі жоқ, бірақ ол қазақ тілін орыс тіліне жақындату үшін енгізілгені күмәнсіз, кесірі деп соны айтамыз. Қазақ тілі орыс тіліндегі терминдерді орысша қалай айтылып-жазылса, дәл солай айтып-жаза бастады. Бізде орфоэпиямызда қазаққа мүлде жат, орыс тілінің табиғатына сай «О» әрпін [а] деп оқу ережесі пайда болды, дәл осы сөйлемдегі орфоэпия сөзін қалай оқыдыңыз? Ал оны қазақы мақамға салып оқысаңыз, «сауатсыз адам» болғаныңыз, күлкіге қаласыз, яғни қазақша сауатты болу үшін, орыстың емлесімен таныс болуға міндеттісіз. Бұл бір-ақ мысал, басқасы да жетеді. Кирилл әліпбиімен қатар емлеге енгізілген залалды өзгерістер осы. Латын әліпбиіне келсек, біз ұқсас емледен қауіптенуіміз керек шығар. Яғни біз латын әліпбиіне көшкенде, ағылшын тіліне жақындауды, я соған ұқсас бір мақсаттарды ұстанбауымыз керек. Бірінші кезекте дербес болуды ойлауымыз керек.
— Латынға көшудің әу бастағы көзделген артықшылықтарының бірі түркі әлемімен байланысты нығайту болған. Жалпы түркі елдерімен бірігу керек деген пікірге қосыласыз ба? Қаріп ауыстыру арқылы бұған әсер ету мүмкін бе?
Б.Сейтақ: – Кемі символика тұрғысынан әсер ететіні анық. Ал жалпы бұған қалай қарайсыз дегеніңізге, түркі елдерімен де, көрші де, алыс елдермен де достықты сақтау өте маңызды дер едім. Тек аңғалданып, біреуге сеніп қалмасақ болды, қашанда Қазақстанның ең сенімді әрі адал одақтасы – Қазақстанның өзі екенін естен шығармауымыз керек. Яғни орыстан отарсызданамыз деп бөтен біреудің үстемдігіне ұмтылмауымыз керек, бәрімен тең қарым-қатынас сақтауымыз керек. Дейтұрғанмен, түркі елдеріндегі Қазақстанның, қазақтың ықпалын, имиджін нығайтсақ, зиян болмас.
А.Мектептегі: –Кезінде неге зиялылар Ахмет Байтұрсынұлы жасаған алфавитті жақсы көрді? Өйткені ол қазақтың табиғатына лайықты араб қарпімен қазақтың алфавитін жасады. Міне, сол Ахмет халық жауы болып атылып кетті. Өйткені сол арқылы түріктектес халықтарды біріктірді. Біз сол алфавитпен татардың кітабын, әзербайжанның журналын, қысқасы, түріктекті ұлт пен ұлыстардың еңбектерін оқи беретін едік. Мұны түсінген коммунистер солардың әрқайсысына бөлек-бөлек әліппе енгізіп, бөлшектеп тастады. Қазір біз мына тұрған қырғызды да, тілі бірдей қарақалпақты да оқи алмаймыз. Бұл ортадағы рухани байланыстың үзілуіне, ал тіліміздің бұтарлануына алып келді. Біз қазір осы түріктекті халықтарды біріктіруіміз керек. Жақында түркі халықтарының саммитінде Түркияның президенті Реджеп Ердоған түркі халықтарының төл жазуы руна жазуы болуы керек деген ұсыныс жасады. Бұл пікірдің өз кезегінде стратегиялық мәні зор. Бұл түркі халықтарының бірігуіне негіз болады.
– Ендеше, руна жазуы біз үшін қаншалықты тиімді? Руна жазуына көшсек, ақпараттық оқшаулануға ұшыраймыз деп ойламайсыздар ма?
Б.Сейтақ: – Руна жазуы – расында өлшемсіз мұра, ол міндетті түрде дәріптелуге тиіс те, лайық та. Меніңше, ол жазуға көшудің керегі жоқ, бірақ оны бір тренд ретінде қолдану, бренд логолары мен атауларында қолдану жақсы үрдіс болар еді деп ойлаймын.
А.Мектептегі: – Қазақтың санасында анау кеңестік кезеңнен келе жатқан қорқыныш әлі бар. Бұл – отарлық жүйенің әбден сүйекке сіңген салдары. Міне, біз дәл өзіміздің төл мәдениетімізді алуға келгенде осы қорқыныш кейін тартып тұрады. Қорқатын ештеңесі жоқ. Еврейлер мың жыл бұрынғы жазуын қайтып алды ғой. Қазір дүниенің алдыңғы қатарында. Мен еврейге ұқсайық деп отырғаным жоқ. Еврейдің жазуы біздікінің жанында түкке тұрмайды. Содан кейін бізде шашылып жүрген халық бар. Иранда, Қытайда, Түркияда, Еуропада деген сияқты. Олардың барлығының жазуы әртүрлі. Ал егер біз рунаны алатын болсақ, солардың басын қоса алар едік. Бірақ ол үшін қазіргідей байбалам салып, дабыра қылудың қажеті жоқ. Біз бұл үрдісті әуелі технология тілін, қарапайым жарнама тақталары мен маңдайшаларды руна мен кириллицада қосарлап қолдана жүріп қалыптастырып, халықтың көзін үйретуіміз керек. Балалар мектеп жасынан бастап төл жазуын оқуы керек. Бұл мемлекеттік деңгейде атқарылатын іс.
Дайындаған Қосқанат Бауыржан