Латвия жағалауынан ресейлік дронның қалдықтары табылды

Латвияның Вентспилс өлкесіндегі Варве қонысында жағажайдан Ресейге тиесілі "Гербера" дронының құйрық бөлігі анықталды. Бұл туралы 18 қыркүйекте елдің Мемлекеттік полициясы әлеуметтік желіде хабарлады.
Алдын ала ақпарат бойынша, табылған зат қауіп төндірмейді. Мүмкін, оның сынықтары теңізден жағаға шығып қалған. Оқиға орнына жарылмаған оқ-дәрілерді залалсыздандыру тобы жіберілді.
Латвия Қорғаныс министрі Андрис Спрудс дронның "Гербера" үлгісіне жататынын растады. Оның айтуынша, бұл – "дрон-қақпан" ретінде қолданылатын құрылғы және жарылыс қаупі жоқ.
Премьер-министр Эвика Силиня қорғаныс және ішкі істер министрлеріне Польшадағы әріптестерімен байланысып, табылған дронның сол елде өткен аптада анықталған үлгіге ұқсас-ұқсамайтынын тексеруді тапсырды. Сондай-ақ ол Балтық теңізі жағалауын бақылау үшін сенсорлар орнату шығыстағы шекараны нығайту сияқты маңызды екенін атап өтті.

"Гербера" дроны туралы не белгілі?
Украиналық "24 арнасының" дерегінше, Ресейдің пенопласттан жасалған "Гербера" дроны сыртқы пішіні жағынан "Shahed"-ке ұқсайды және "Герань" дронының "қарындасы" ретінде сипатталады. Ол шағын жарылғыш затты алып жүре алады немесе қарсыластың әуе шабуылына қарсы қорғанысын шатастыру үшін жалған нысана ретінде қолданылады.
2024 жылдың жазында Ресей бұл дрондарды Киевке шабуыл кезінде пайдаланған.
Ресей дрондары мен НАТО елдері
Бұл оқиға Ресей дрондарының НАТО елдерінде табылған алғашқы жағдай емес.
10 қыркүйек түні ресейлік 21 дрон Польша әуе кеңістігін бұзған. Олардың бір бөлігі Беларусь аумағынан ұшып шыққан. Польша әскери авиациясымен бірге НАТО-ның жойғыш ұшақтары да дрондарды жоюға қатысқан.
Дрондардың сынықтары шекараға жақын Вырыки ауылындағы тұрғын үйге зақым келтірді, бірақ адам шығыны болған жоқ. Осыдан кейін Польша НАТО-ға жүгініп, Солтүстікатлантикалық келісімшарттың 4-бабына сәйкес консультациялар сұрады.