Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:15

Латвияда украин отбасына шабуыл жасаған азаматқа қарсы іс қозғалды

Александр Вабикс
Фото: скриншот

2025 жылғы 17 қазанда Латвияның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі (VDD) Швейцарияда украин және белорус отбасына қоқан-лоққы жасаған өз елінің азаматына қатысты қылмыстық іс қозғады.

 Тергеу «ұлттық және этникалық өшпенділікті қоздыру» бабы бойынша жүріп жатыр.

Оқиға қалай болған

14 қазанда украиндық Елена Дудник Instagram парақшасында 5 минуттық видео жариялады. Онда пойызда болған шабуыл сәті түсірілген. Оқиға 13 қазан күні Интерлакен – Шпиц бағытымен келе жатқан пойызда болған.

Видеода ер адам өзін «орыспын» деп таныстырып, украин тілінде сөйлеген әйел мен оның күйеуіне балағат сөздер айтып, «біз сендерді өлтіреміз» деп қорқытқаны естіледі. Ол әйелдің күйеуіне:

«Неге сен окопта емессің?», – деп сұрап, швейцариялық паспортын көрсетуін талап еткен.

Ер адам сондай-ақ отбасыға «сендер елдің есебінен өмір сүріп жатырсыңдар, ал мен салық төлеймін» деп тіл тигізіп, олардың пойыздан түсіп қалуын талап еткен.

Кейін ол әйелдің телефонды өшірмегеніне ашуланып, шабуыл жасаған. Бұдан кейін күйеуі Габриэль Шаров шабуылшыны итеріп жіберген.

Куәгерлердің айтуынша

Габриэль Шаровтың сөзінше, ер адам алдымен Еленаның украин тілінде сөйлегенін естіп, оны босқын деп ойлап, балағаттай бастаған.

«Мен оны сабырға шақырдым, жолаушылар мен балалар бар дедім. Ол әйелімнің телефонын қағып жібергенде, мен оны тоқтатуға мәжбүр болдым», – дейді Габриэль.

Пойыздағы өзге жолаушылар да полиция шақырған. Құқық қорғаушылар келіп, ер адамды ұстап әкеткен. Кейін ол отбасыдан 10 мың швейцариялық франк (шамамен 10,8 мың еуро) талап етіп, арыз жазбауды сұраған.

Шабуылшының кім екені анықталды

Әлеуметтік желілер мен БАҚ деректеріне сүйенсек, агрессивті жолаушы — 42 жастағы Латвия азаматы Александр Вабикс. Ол бұрын Ригада оқыған, соңғы жылдары Цюрихте өмір сүріп, әуежайда аспаз болып істеген.  Қоғамдық қысымнан кейін Вабикс жұмыстан босатылды, ал полиция мен прокуратура оның үстінен қылмыстық іс қозғады.

Оқиғадан соң Латвия билігі — президент, премьер және құқық қорғау органдары — ресми түрде хабардар етілді.

Латвиялық басылымдар Вабикстің ел ішінде алимент төлемегендердің тізімінде бар екенін хабарлады. TV3 News телеарнасы бұл ақпаратты тексеруге тырысқан, бірақ алимент қоры мәліметті жария етпеген.

Украина МИД-інің реакциясы

Украина Сыртқы істер министрлігінің өкілі Георгий Тихий бұл видеоны «масқара жағдай» деп атады.

«Бұл — өшпенділікті және этникалық жеккөрушілікті қоздыруға бағытталған әрекет. Біз Швейцария билігінен істі мұқият тергеуді және кінәлілерді жауапқа тартуды сұрадық. Мұндай мінез-құлыққа жол беруге болмайды», – деп жазды ол X (бұрынғы Twitter) желісінде.

Латвияның арнайы қызметі халықаралық резонанс тудырған бұл істі өз бақылауына алды. Александр Вабикске қарсы қылмыстық іс қозғалып, Швейцария мен Латвия құқық қорғау органдары бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр.