Латын әліпбиіне көшу – тарихи құбылыс

Елімізде латын әліпбиіне көшу мәселесі қолға алынып, қадамдар жасалып жатқаны бәрімізге аян.
Елбасы Н.Назарбаев өзінің 2017 жылғы 12 сәуірдегі «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «...Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», – деген ойын айтады.
Ұлт ғұламасы Ахмет Байтұрсынұлы «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» дегендей, тіл қашанда қуатты құрал. Алаш қайраткерлері латын әліпбиін жазу-сызуда қолданды. Латын әліпбиін енгізу заман талабынан туындап отыр десек болады. Өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді қалыптастыру бізге жүктелетін міндет болса керек.
Түркия ғалымы Әбдіуақап Қара «Латын әліпбиі қазақ тілін еркіндікке шығарады» атты мақала жазып, көпшілікке ұсынған-ды. Бұл мақалада өздерінің әліпбиінде бірқатар дауыстылар ескерілмегенін бүгінгі ғалымдары айтқан. Әлемнің біршама тәжірибесін салыстыра отырып, біздің елімізде дұрыс шешім қабылданып отыр.
Латын әліпбиін қолдану Түркия, Әзірбaйжан, Өзбeкстан, Түрікмeнстан мемлекеттерінің тәжірибесінен өткен. Дүниежүзілік ақпаратта да латын әліпбиінің oрны ерекше. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі қазақтар өздері тұратын мeмлекеттерде аpаб, латын, кириллица таңбалaрына негізделгeн әліпбиді қолданғандықтан, оpтақ әліпбидің болуы oң нәтиже беретіні анық.
Негізінен, тіл саласының білікті мамандары латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жобаларын ұсынып, талқылауда ойларын бөліскені белгілі. «Латын әліпбиіне көшудің қиыншылығы қазіргі біздің қолданып жүрген әліпбиіміз қазақтың төл әліпбиі емес, орыс тілімен араласып кеткені, бізге өзге тілден енген дыбыстар араласып кетсе, онда кедергілер туындайтынын, латын әліпбиіне төл дыбыстарымызды бейімдеп, соның аясына көшуін және қазақ жазуына тек әліпби ауыстыру ғана емес, түбегейлі реформа керек екенін, ол реформа үш мәселені – дыбыс, әліпби және емле ережені бірдей қамтиды», – дейді филология ғылымының докторы, профессор Ә.Жүнісбек. Білікті мамандардың, ғалымдардың ой-пікірлері ескеріле отырып, латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жасалу жолдарына біршама өзгерістер енгізілді, әртүрлі елдердің тәжірибесіне қарап, салыстырылды.
Бұқаралық ақпарат деректеріндегі мәліметтерге сүйенсек, әлемнің 70 пайыз елдері латын жазуы арқылы білім алады. Яғни білім, ғылым, саясат, мәдениет пен өнер, спорт салаларына байланысты ақпараттар латын графикасымен беріледі, жаңалықтардың көпшілігі латын графикасымен таратылады.
Латын әліпбиі рухани жаңғырудың бір тармағы іспеттес. Рухани жаңғыру – бұл төл әдебиетімізді, мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық сананы оятудың негізі. Латын әліпбиіне көшу түркі және әлемдік деңгеймен ықпалдасуға, халқымыздың ертеден қолданған әліпбиіне қайта оралуына жол ашады.