Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
12:00, 12 Қыркүйек 2021

Латынға көшу әлемдік кеңістікке ену ме?!

None
None

     2012 жылдан бері Қазақстан «Латынға көшу – әлемдік кеңістікке ену» деген ұранмен келе жатыр.

Нақ осы жылы экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елді  өркендеуге жетелейтін «Қазақстан – 2050» стратегиясы қабылданған болатын.  Сол кезде «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деп, елдің назарын бір аударған Назарбаев: «Тіл туралы жауапкершілік қоғамымызды одан әрі ұйыстыра түсетін басты фактор болуға тиіс», – деген еді.  Міне, осы бағытты негізге алған экс-президент:  «2025 жылға дейін әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе», – деді.

       Сол-ақ екен,  біздің кезең-кезеңмен өтуімізге тиіс латын графикасы толғауы тоқсан әліпбиге ұласып кетті. Бұлай деуімізге себеп – арада сегіз жыл өтсе де, әліпбидің нақты нұсқасы әлі белгіленген жоқ. Жуырда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру мәселесі тағы да талқыға түсті. Кеңес барысында Тоқаевқа әліпбидің жетілдірілген төртінші нұсқасы ұсынылды. Жиында сөз алған мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, осы жетілдірілген әліпби халқымыздың жазу дәстүрінде орныққан «бір дыбыс – бір әріп» принципіне толық сәйкес келеді, диграфтар, яғни бір дыбысты екі немесе одан да көп таңбамен белгілеу принципі қолданылмайды. Бұл әліпби жобасында қазақ тілінің 28 дыбысы толық қамтылған. 

      Артынша мемлекет басшысы Тоқаев кеңесте қаралған мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді. Әліпбидің жобасын ғалымдармен бірге толық зерделеп, үкімет жанындағы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысының қарауына енгізуді тапсырды.

 

              Мемлекеттік органдар неге арбаның алдына түсті?

       Сөйтіп,  бұл жолы да латын графикасының төртінші жетілдірілген нұсқасы сөлін қандырып, әбден кеңесіп, пысықтап алуға жіберілді.  Бір қызығы, біз осы уақытқа дейін мемлекет тарапынан нақты қабылданған нұсқасы болмаса да, латынша жазып, латынша үйренуді әлдеқашан бастап кеттік. Мысалы,  қазір жергілікті ауыл-аймақтар, аудан, облыстар, тіпті ірі қалаларға дейін атауларын латынша жазып тастады. Сорақысы сол –  өңірлердегі мемлекеттік органдар, жергілікті әкімдіктер маңдайшаларына атауларын латынша таңбалады. «Латын әліпбиіне кезең-кезеңімен өту керек» деп айтылса да, осылайша біз асқан ыждағатпен графиканың  акут нұсқасын (ноқатты) пайдалануды бастап қойдық. Тіпті халық арасында бұл графикаға «жылауық әліпби», «жаңбырлы әліпби», «биттеп кеткен әліпби» деп ат қойып, айдар тағып алғандар да болды.  Акутты әліпбидің  мынадай кемшіліктері көзге айқын ұрып тұрды: біріншіден, әліпби көзкөрімге көріксіз, қолдағдыға қолайсыз болды, екіншіден, «бір дыбыс – бір әріп» принципі сақталмады, үшіншіден,  әртүрлі әріптер бір таңбамен таңбаланып, жазуда шатасу орын алды. Мысалы, әліпбиде х, һ дыбыстарын белгілейтін һ, с дыбысын белгілейтін s таңбасы барын ескерсек, бұл дыбыстар сөзді жазу кезінде  қатар келгенде оларды тану, түсіну қиындығы туды. Мысалы: ashana (асхана ма, жоқ ашана ма?), Аshat (Асхат па, жоқ Ашат па?) shema (шема ма, жоқ схема ма?).

       Осындай келеңсіздіктер бола тұра, біздің мемлекеттік органдар мен әкімдіктер латынды үйренуде тым науқаншылдыққа салынып кетті. Ал енді осы ведомостволар неге арбаның алдына түсті? Күні ертең жетілдірілген нұсқа бекітілетін болса, олар маңдайшадағы жазуларын  қайта ауыстырып, қыруар қаражат бөліп, қайта шығынға бата ма?

       Бұл ретте  «Жас Алаштың» сауалына жауап бергенсаясаттанушы Дос Көшім былай дейді:«Осыдан екі жыл бұрын біз латын графикасына ену жөнінде насихат жүргізуге шыққанбыз. Сол уақытта Жамбыл облысына бардық. Қарасақ, барлық жерде латынша жазуды бастап кетіпті. Сол уақытта «кешіріңіздер, әлі нүктесі қойылған жоқ, өзгерістер болады, ертең оны қайта өзгертуге тура келеді, қанша қаражат шашылады» дегенде, олардың тарапынан «бізге жоғарыдан бұйрық келді» деген жауап айтылған еді.  Белгілісі – графиканың кейбір әріптерінің әлі нүктесі қойылған жоқ, өзгеріс болады. Сондықтан, біріншіден, бұл, шындығында, халықтың ақшасын шашу болып көрінеді. Екіншіден, «міне, барлығы қолдап жатыр,  барлық жерге халықтың өзі жазып қойыпты» деген психологиялық қолдау үшін де мұндай әрекет қажет болған сияқты. Дегенмен нүктесі қойылмаған нәрсеге көшу қаражат жағынан келгенде үлкен шығын екені даусыз».

        Саясаттанушының айтуынша,  біздің атқарушы биліктегілер «президент айтты» деген желеумен белгілі бір реформаның аяғын  күтпестен, дұрыс-бұрыстығына көз жеткізіп зерттеместен науқаншылдыққа басып, көзсіз қолдауға даяр. «Ал мұның қателігі әлі шығады», – дейді Дос Көшім.

                  «Асыққанның асығы таяр» дегеннің кері...

      Бір бұл емес, біз тілдескен бірқатар мамандар акутты нұсқаның қателігі барын, себебі ол нұсқаны жүзеге асыратын кезде  тіл мамандарының арнайы  қызметіне жүгінбегенін айтып қалды. Мәселен, бізге пікір білдірген Ш.Шаяхметов атындағы  «Тіл-қазына» ұлттық-ғылыми практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері Гүлфар Мамырбектің айтуынша, бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен бекітілген нұсқа – акутты нұсқа. Ресми түрде бекітілгеннен кейін бұл нұсқаны халыққа насихаттау жұмыстары жүру керек. Заңды түрде ол солай. Дегенмен бұл нұсқаны даярлайтын кезде ешқандай тіл мамандарын қатыстыру қарастырылған жоқ.

    – Тіпті акутты нұсқаның авторының кім екені де белгісіз. Ол сол бетінше қабылданды, насихаттау жүргізілді. Артынан мамандар пікір алмасу, насихат жұмыстарын жүргізу барысында бұл нұсқаның кемшіліктері барын бағамдады. Осының нәтижесінде орфографиялық жұмыс тобы бір жылға  жуық зерттеу жүргізіп, жетілдірілген әліпби жобасын жуырда,  9 қарашада президентке ұсынды, – дейді.  

      Сонымен, «халықты дайындап аламыз» деп, акутты нұсқаны жаппай қолданысқа енгізіп  тастадық. Ал енді қайтара жетілдірілген нұсқа қабылданар болса, акутты нұсқаға жұмсалған қаражатты қайтеміз?!

                     Акут қанша қаражатты жұтты?!

       Ақиқатында, акутты нұсқаның насихатына біраз қаражат жұмсалғаны белгілі. Мысалы,  2018 жылы мәдениет және спорт министрлігі латын қарпіндегі қазақ әліпбиін енгізу үшін бір жылға56 миллион теңге сұрады. Бұл қаражат арнайы портал құруға, авторлық құқықты тіркеуге керек болған. Бұдан бөлек, оқулықтарды латын қарпімен шығаруға қанша қаражат жұмсалатыны 2019 жылы  электрондық үкімет сайтындағы құжатта көрсетілді. Құжатқа сәйкес, бұл мақсатта 202 670,9 миллион теңге бөлу жоспарланған.  Одан тыс, құжатта  «латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің үлкен орфоэпиялық жаңа сөздігінің қолжазбасын әзірлеу және жасауға 47 миллион теңге бөлінеді» делінген. Болашақта  латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ орфографиясы бойынша үлкен анықтағыштың қолжазбасын әзірлеуге және жасауға 28,5 миллион теңге және латын графикасы негізіндегі жаңа Қазақ орфоэпиясы бойынша үлкен анықтағыштың қолжазбасын әзірлеуге және жасауға тағы 28,5 миллион теңге қарастырылған. Латын графикасы негізінде терминографияның ғылыми негіздерін әзірлеу, терминологиялық база жасауға – 47,5 миллион теңге. Салалық топонимиялық және антропонимиялық сөздіктердің қолжазбасын әзірлеуге – 47 миллион теңге. Латын графикасы негізінде Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық бірліктері атауларының және физика-географиялық атауларының анықтамалығын әзірлеуге – 37,9 миллион теңге.  Жаңа үлкен орфографиялық, орфоэпиялық сөздіктер мен анықтамалықтарды шығаруға және таратуға – 300 миллион теңге.  Латын графикасы негізіндегі Қазақ тілінің жаңа үлкен түсіндірме сөздігінің қолжазбасын әзірлеуге – 293,2 миллион теңге.  Жаңа Үлкен қазақша-орысша-ағылшынша сөздіктің қолжазбасын әзірлеуге 291,9 миллион теңге бөлу қарастырылған. Ең қызығы, әлеуметтік желілерде блогерлерді тарту арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуге 462,6 миллион теңге бөлу де қарастырылған.

       Міне, жетілдірілген жаңа әліпби жобасы қабылданбай жатып осынша қаражатты бөлу ендігі жоспарланып, тіпті оның біразы бөлініп, кәдеге жаратылып та қойған. Шындығына келсек, мұның басым бөлігі бюджет қаражаты. Ал бюджет қаражаты халықтың қалтасынан түскен салықпен  толығатынын ескерсек, неге бұқараның ақшасы піспеген шала реформаларға қор болуы керек? Бұл нағыз оттың шаласынан істің шаласы жаман екенін айқындап тұрған көрініс емес пе? Мұны біздің атқамінерлер қашан түсінер екен?!

Тегтер: