Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:48, 04 Сәуір 2024

Лауазымына лайықсыз шенеуніктер армиясы пайда болды

1
Фото: из открытых источников

1. Мәселе жасыру – шешім емес

Әр елде шешімін таппаған жүйелі мәселелер бар. Қазақстанда да одан тыс жатқан жоқ. Мәселелерді жоққа шығаруға болмайды, оларды талқылап, шешімін табу керек. Алайда бүгінгі таңда өткір мәселелерді шешуден гөрі оларды елемеу саясаты тенденциясы өршіп тұр. Сонымен қатар үнсіздік саясаты биліктің емес, қарсыластарын «бүлікші» деп көрсетуге тырысатын жекелеген шенеуніктердің мүддесін байқатып отыр.

Кез келген әділ сын болған жағдайда мұндай шенеуніктер өздерінің қалыптасқан әдісін пайдаланады. Олар қарсыластарын оппозиционер етіп көрсетіп, жоғары билікке шағымданады. Және объективті түрде қарағанда, олар бұрын болмаған қолдау табады.

Халық интернет-қосымшалардың таралуының арқасында жан-жақты хабарлар, өткір тақырыптардан қашатындарды түсіне алмайды. Мемлекеттік органдардың күн тәртібінде нақты мәселелердің болмауы шенеуніктер біліксіз, көбі жемқор деген пікірге әкеледі. Мойындау керек, қараны ақ деп ұсына алатын орташа басқарушылар үшін «алтын уақыт» келді.

Мұндайда еріксіз елдің дамуы осындай басқару процестерін жеңілдетудің ыңғайлы саясатымен қаншалықты үйлесімді деген сұрақ туындайды.

Бір жағынан, мемлекеттік басқару жүйесінде функционалдық теңгерімсіздік бар. Екінші жағынан, мемлекеттік басқару жүйесіндегі кадр саясатын да жүйелі қателіктер қатарына жатқызуға болады. Сондықтан көптеген басшыларды мемлекеттік басқарушылар деп атауға болмайтыны жасырын емес. Оларды тек уақытша жұмысшылар психологиясы бар топ-менеджерлер деуге келеді.

2. Кадр саясатында жүйе жоқ

Кезінде өз саласында жетістікке жеткен адамдарды басшылық қызметке көтеру қағидасын ұстанған едік. Бұл өте маңызды болды. Сонымен қатар «Қазақстан-2030» ұзақ мерзімді стратегиясында «Кәсіби үкіметке» басымдылық берілді. Яғни мемлекеттік басқарушылар жауапты шешім қабылдау үшін сараптамалық-талдау тәртібіндегі кәсіби қасиеттерге ғана емес, сонымен қатар іске мемлекеттік көзқарас тұрғысынан шешім жасауы керек деп болжанған.

Дегенмен стратегия мерзімінен бұрын орындалды деп, аталған басымдықты жүзеге асыру жөніндегі міндеттер алыс болашаққа ығыстырылып, кейіннен ұмыт қалды. Нәтижесінде орталық және жергілікті билік органдарында кәсіби кадрлардың тапшылығы пайда болды. Естеріңізде болса, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардағы мемлекеттік қызметкерлердің орнын практикалық жұмысы, өмірлік тәжірибесі жоқ өршіл жастар, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасының түлектері басты. Бұл бастама толығымен сәтсіз аяқталды.

Сондықтан экономиканы басқару жүйесін реформалау саласында кадрларды іріктеу мен орналастырудың, олардың жұмысының тиімділігін бағалап, мемлекеттік аппараттағы адами капиталды дамытудың принциптері мен тәсілдерін өзгерту қажеттігі туралы мәселе көтеріп отырған президентті де түсінуге болады.

Өкінішке қарай, бұл қағида өз күшін жоғалтты. Нәтижесінде жетістіктері айқын көрініп, мойындалатын бірде-бір басқарушыны атай алмаймыз. Бұл шенеуніктер жұмысындағы екпіннің нақты нәтижелерден PR-ға ауысуына әкеліп соқты, тиімсіз басшының тағайындалуы мен қызмет ету мерзімін негіздеді. Бұдан бөлек, әлеуметтік желілер де барлық салаларда оң нақты өзгерістер болмаған жағдайда билікке өкілеттік беру мүмкіндігін де қалдырмады.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заң бір жағынан жүйені қалыптастырса, екінші жағынан жүйе өзінің салалық кәсібилігіне немқұрайды қарайтынын мойындау керек. Бүгінгі таңда үздік мамандар мемлекеттік қызметтен қашады, ал басшылар өздері басқаратын салаларды терең білмейді және даму мақсаттарынан алыс ережелерді, қаулылар мен заңдарды ұсынады.

Кәсібиліктің жоқтығын сарапшылар қауымдастығы ғана емес, жалпы қоғам көріп, айтып отыр. Кадрлық саясаттағы бұл дертті ұзақ уақыт емдеуге тура келеді.

3. Мемлекеттік органдардағы жалпы басқарудың тұрақты құлдырау тенденциялары

Соңғы сараптауларға қарасақ, қабылданған шешімдер сапасының төмендігін көреміз. Әңгіме мемлекеттік кадрлық іс-әрекеттердің жүйелі түрде жоспарланғанынан гөрі, соңғы жылдары қалыптасу және тұрақтау процестері стихиялық сипатта болған басқарушы кадрлар туралы болып отыр.

Айта кету керек, бұрынғы жоспармен жүретін уақыттарда басқарушы кадр ең алдымен сапалық сипаттамаларға негізделген табиғи сұрыптаудан өтті. Оның негізі берік білім жүйесімен қаланып, басқару иерархиясының ең төменгі сатысынан бастап, аға буын тәжірибесін қабылдай отырып жұмыс процесінде өңделіп отырды. Бүгінде мұның ізі де жоқ. Бұл жағдай «командалық тәсіл» сияқты басқару стилінің пайда болуы мен гүлденуінен басталды.

Қазіргі жағдай бізді мәселеге стратегиялық тұрғыдан қарау деңгейіне жеткізеді. Ашығын айту керек, біріншіден, соңғы жылдары кадрлық резервтің барлық түрін қалыптастыру бойынша қабылданған шаралардың тиімді болуы екіталай. Олар мемлекеттік қызмет саласына қажетсіз шатасуларға әкеледі. Екіншіден, бұл міндет толығымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің «құзырына» жатпайды. Үшіншіден, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі бұл мәселені шешуде өзінің рөлін жүйелі түрде көрмей отыр.

4) Неден қорқу керек және не істеу керек?

Қазіргі таңда ең бастысы – тәуелсіздік пен реформалар кезеңінде қалыптасқан кадр саясатындағы қателіктерді қайталамай, басқарушы кадрлардың кәсіби деңгейін қалпына келтіру. Қазір билік басындағылар ғана емес, көптеген ведомстволар аппаратындағы қалыптасқан және тамыры берік кәсіпқойлықтың жоқтығына налитын уақыт емес, оның жөні де жоқ. Үкімет жүктелген міндеттерге жауапкершілікпен қарайтын, тәжірибесі бар ескі мектептің кәсіби басшыларын жасына қарамастан қайтару қажет. Тек жас кадрларға, баяғы болашақтықтарға арқа сүйеу алға қойылған міндеттерді шешуге, сапалық бетбұрысқа апармайды.

Қазір ешкім білімге, жұмыс тәжірибесіне, кәсіпқойлыққа, біліктілікке қарамайды. Бүгінгі таңда ең бастысы – тобыңа адалдық пен рулық байланыстар екенін мойындау керек. Соның салдарынан өз лауазымына сай келмейтін біліксіз шенеуніктердің армиясы пайда болды. Бұл салалардың да, аймақтардың да әлеуметтік-экономикалық дамуының аянышты жағдайына, халықтың өмір сүру деңгейінің жалпы төмендеуіне әкелді.

Тәуелсіздіктің 30 жылында мемлекеттік басқару мен кадр саясатында қол жеткізген жетістіктеріміз кез келген қисынға қайшы келеді. Көптеген орталық және жергілікті органдардың басшылары сыбайлас жемқорлыққа бара тұра, кінәлі деп танылмай, «жалған» бағдарламаларын әзірлеп, қабылдағаны үшін және орындамағаны үшін де тиісті жазаға тартылмады. Ақыл-ой, намыс, ар-ождан, ел алдындағы жауапкершілік сынды ұғымдарды бос сөз санайтын Мәсімов, Келімбетов, Әблязов, Байбек, Көлгінов, Исекешев сияқты «саяси» қайраткерлерді қалыптастырып, тәрбиеледік. Жүйе өздеріне сеніп тапсырылған жұмыстағы олқылықтар үшін жауапкершілік сезінбейтін, кез келген салада, аймақта бірінші басшы бола алатын осындай «кәсіпкерлерді» қалыптастырып, кадрларды дайындады. Қазіргі тағайындалған басшылармен бұл қателіктерді қайталамасақ екен.

Мәселен, бұрынғы әкім Б.Байбек Алматының инфрақұрылымын түбегейлі талқандап, оңтүстік астананың мақтанышы – трамвай көлігінен айырды, тамыр-таныстарды билікке тартып, парақорлық пен қулық-сұмдықты өршітті. А.Көлгінов БҚО мен Астананың инфрақұрылымын дағдарысқа әкелді. Бұрынғы Әділет министрі М.Бекетаевқа қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Адам өлтіруші экс-министр Қ.Бишімбаевты шығардық. Жүздеген есімдерді тізіп айта беруге болады, олардың көпшілігін көзбен көріп те жүрміз. Ең қызығы, бұл уақытша жұмысшылар ештеңеден қорықпайды және әдетте кез келген жағдайдан құтылып, қылмыстық жазаға тартылмайды.

Оларды тағайындаудың абсурдтығы – орталық атқарушы органдағы жұмысы сәтсіз болып, облысқа ауыстырылып, біраз уақыттан кейін облыстағы жұмысы сәтсіз болып, қайтадан орталыққа жоғары қызметке баратындығында.

Мәселен, А.Сапаров ауыл шаруашылығының кәсіби маманы ретінде танылғанымен, оны білетіндер нақты практикалық жұмысқа қабілеті жоқ деп есептейді. Оның соңғы жылдардағы жұмыс тәжірибесіне қараңыз, ол бір жерден екінші жерге ұшып жүр. Астанадағы жұмысы оңбады, жұмысының жарты уақытында ауырып шықты, үнемі еңбек демалысында болды. Солтүстік Қазақстан облысына алты ай әкім болып оралды. Бірақ ол Астанаға қайта тартылды. Ақыры жаңа қызмет алды. Ауыл шаруашылығы министрі болған кезі де болды.

Қ.Келімбетов – әртүрлі биік қызметтердегі жүргінші. Ол – экономист, қаржыгер, банкир, АХҚО мен Президент Әкімшілігінің басшысы. Барлық сәтсіз жобалардың авторы. Баспаған жері жоқ.

Базалық заңгерлік білімі бар Ә.Исекешев елдегі бүкіл экономикалық блокты басқарды. Әкімшілік басшысы болғанда кадр саясатын да қолға алып, өзін сауатсыз басшылармен қоршап алды.

Биліктегі «жүргіншілер» туралы көп айтуға болады. Барлығына орын жетпес. Бірақ кадр саясатындағы бұл жүгенсіздікті тоқтататын кез келді.

Марат Тұрдықұлов

Тегтер: