Лауазымды тұлғалардың суициді: Құрбан ба, кінәлі ме?
Соңғы кездері елімізде атышулы оқиғалардың суицидпен есте қалуы жиілеп барады. Бұл олардың шарасыздықтан жүйенің құрбаны болуы ма, жоқ әлде кінәсін сезінуі ме?
! Мәселен, бүкіл Қазақстанды жылумен қамтып отырған Екібастұз қаласының өзі жылусыз қалып, төтенше жағдай жарияланып, мұзқалаға айналған қаладағы дүрбелең оныншы күнге ұласқанда Екібастұз ЖЭО бастығының денесі табылды. Атап өтер жайт, нақ осы Екібастұздағы жылуға қатысты мәселе ушығып кеткен тұста жауапты сала басшысының өз-өзіне қол жұмсауы көңілдегі күдікті еселей түссе де, оның суицид алдында жұбайымен ренжісіп қалғаны айтылуда. Көп жағдайда шенділеріміздің суициді қоғамға бұрмаланып жеткізіледі. Сәйкесінше, лауазымды тұлғалардың суициді де тоқтамай тұр. «Ауруын жасырған өледі» дегендей, мәселенің себеп салдары ашық айтылса, атышулы оқиғалар кезіндегі суицидтер де азаяр ма еді...
Осы орайда атап өтер жайт, еліміз суицид көрсеткіші бойынша жиырмасыншы орында тұр. Құқықтық статистика комитеті мен Бас прокуратураның арнайы есебі бойынша 2015-2021 жылдар аралығында халық арасында суицид саны мен оны жасауға ұмтылу әрекеттері артқан. Суицид жасау 27,6 пайызға, оны жасауға әрекет ету 10,1 пайызға көбейген. Былтыр бұл көрсеткіш 3 922-ге жеткен екен. Биыл бұл сан еселеніп отырғанын ескерсек, жалпы елде өмір сүру қиындап, жанынан безгендер артып бара жатқандай. Мамандардың айтуынша, Қазақстандағы суицидке қатысты статистика нақты емес. Өйткені біздің қоғамда өз-өзіне қол салғандарды немесе сол жағдайға әрекеттенгендерді айыптап, сыртынан ғайбаттау көп. Сондықтан көп жағдайда марқұмның жақындары өлім себебін суицидпен байланыстырмауға тырысады екен. Демек кей деректер арнайы статистикаға ілінбей қалуы әбден мүмкін.
Елімізде даулы оқиғалардан кейін өзіне қол жұмсаған шенеуніктер мен қызметкерлер ісі де барынша қоғам назарынан бүркемеленген соң азаймай отырғандай. Осыған дейін кейбір шенеунік істі болғанын біле сала өзіне қол жұмсамақ болғанымен, жеме-жемге келгенде денсаулық жағдайы күрт нашарлап, ауруханаға жатқаны хабарлануы осының айғағы.
Сөзіміз дәлелді болу үшін мысал келтіре кетсек, жыл басында қаңтар оқиғасынан соң да ҰҚК қызметкері Азамат Ибраевтың денесі үйінен өлі күйінде табылған болатын. Былтыр Қостанай облысында аудандық білім бөлімінің басшысы Қалыбек Жүгісінов өз-өзіне қол жұмсады. Өңірлік бұқаралық ақпарат құралдары басқарма басшысының суицид жасауына оған қатысты қозғалған қылмыстық іс себеп болуы мүмкін екенін жазған еді.
2018 жылы «Қазсушар» Республикалық Мемлекеттік кәсіпорны Алматы қалалық филиалының басшысы Мұхамадиев пара алды деген күдікпен ұсталып, кейін тергеп-тексеру шаралары кезінде терезеден секіріп кетіп, қайтыс болды.
2017 жылы 24 қазанда Маңғыстау облысындағы Теңге және Қызылсай ауылдық округтерінің әкім орынбасарлары қайтыс болды. Оларға қатысты қызметтік жалғандық жасады деген күдікпен тергеу жүріп жатқан еді. Тергеу жүріп жатқан екі шенді де жер мәселесіне қатысты жетекшілік қызмет атқарған екен.
Көктемде Шымкент қалалық ПД баспасөз хатшысы Мөлдір Бекеева да өзіне қол жұмсамақ болғаны хабарланды. Тіпті әлеуеттік желідегі парақшасында қоштасу хатын қалдырған. Ол мұндай қадамға қалалық ПД басшылығының қысымы итермелегенін айтқан болатын. Біз жоғарыда келтірген деректерден бөлек, олардың ішінде өз-өзіне қол жұмсамақ болып, бірақ ол қоғамға жасырылып айтылмай бүркемеленген шенділер де бар. Бір анығы іс әрекетімен халыққа үлгі болуы тиіс лауазымды шенділеріміздің жұмбақ жағдайдағы өлімдері көбейіп барады. Дүниеден бездіретіндей мемлекеттік қызмет қауіпті салаға айналып бара ма?! Әлде олар жүйені жаулаған жемқорлықтың құрбандары ма?! Қайткен күнде атышулы оқиғалар құрбансыз болмауы қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай...