Лавров Ресейдің Қырымды аннексиялауын АҚШ-тың Гренландияға қатысты жоспарларымен салыстырды
Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров Украинаға тиесілі Қырымды Ресейге қосу мәселесін АҚШ пен Гренландия төңірегіндегі ахуалмен салыстырды.
Ол бұл туралы 2025 жылдың қорытындыларына арналған баспасөз мәслихатында айтты.
Лавровтың сөзінше, Қырымдағы жағдайды түсіну үшін «Гренландия халқының орнына Қырым халқын қойып көрсе жеткілікті». Оның пайымдауынша, Қырымда «антиконституциялық мемлекеттік төңкерістен кейін референдум өткізілген», ал Гренландияда мұндай жағдай болмаған.
«Гренландияда ешқандай төңкеріс жасалған жоқ. АҚШ президенті Дональд Трамп айтқандай, бұл аумақ АҚШ қауіпсіздігі үшін маңызды. Қырым да Ресей Федерациясының қауіпсіздігі үшін дәл сондай маңызға ие», - деді РФ СІМ басшысы.
Сонымен бірге Лавров Данияға тиесілі автоном аймақты «Ресей немесе Қытай басып алуы мүмкін» деген мәлімдемелердің нақты дәлелі жоқ екенін айтты. Оның сөзінше, Мәскеудің бұл мәселеге қатысы жоқ және Ресей ахуалды бақылап отыр.
«Бұл елеулі геосаяси жағдай. Біз оның қалай аяқталатынына қарай қорытынды жасаймыз», - деп деді ол.
Бұған дейін Трамп Гренландия маңындағы жағдайға алаңдаушылық білдіріп, аймақта Ресей мен Қытайдың әскери кемелері барын айтқан. Оның сөзінше, егер шара қолданылмаса, Ресей немесе Қытай Гренландияны «оккупациялауы» мүмкін.
Дания мен бірқатар еуропалық шенеуніктер бұған дейін Гренландияның НАТО-ның ұжымдық қорғаныс қағидаттарымен қорғалатынын атап өткен. Сондай-ақ, аралда АҚШ-тың әскерінің болуы 1951 жылғы келісіммен бекітілген.