Ләззат Жұмағазиқызы, эндокринолог-дәрігер:

Біз қазір қалай тамақтанып жүрміз? Біздің күнделікті жеп жүрген фастфудтар ағзамызға қаншалықты зиянын тиігізіп жатыр, қазіргі жастарымыздың көбі неге аурушаң?
Сондай-ақ салауатты өмір салтында нені біліп, нені ұстануымыз керек деген сауалдарға денсаулық саласында 25 жылдық тәжірибесі бар, эндокринолог маман Ләззат Жұмағазиқызы кеңірек жауап береді.
— Ләззат ханым, сіздің денсаулық саласында қызмет етіп, зерттеп жүргеніңізге біраз уақыт болған екен. Соның ішінде гармондар жайлы көп құпияларды білесіз. Осы жөнінде айтып берсеңіз. Гормондарды қалыпты ұстап тұру үшін нені білуіміз қажет?
— Медицина саласында қызмет етіп жүргеніме 25 жылдан асты. Соның ішінде қалқанша безі бойынша жұмыс жасаймын. Қалқанша безі жалпы гормондарды қамтиды. Жалпы гармондар басымызда Гипофиз деген безден тұрады. Гипофиздің алдыңғы және артқы бөліктерінен без ыдырап, алдыңғы безінен қалқанша безі, ұйқы безінің гормондары, бүйрек үсті безі гормондары бөлінеді. Ал артқы жағы жатырды кішірейтуге қызмет етеді, әрі бүйрек үсті безінің гормондарына қызмет етеді.
Енді гармондарды қалыпты ұстап тұру үшін ең бірінші халыққа айтарым, железаны үнемі бақылап, тексеріп отыру қажет. Себебі, қалқанша безіндегі аурулар білінбейтін болғандықтан, ешкім назар аударып көңіл бөле бермейді.
Ал гормондарды қалыпты ұстап тұру үшін ең бірінші гормондар қалыпты, қалыпты емес екенін әрбір адам бір рет анализ тапсырып тұруы қажет. Ақауы бар адамдар 3 ай сайын тексеріліп отырады. Енді қалай қалыпты ұстау қажет деген сұраққа келсек, біріншіден жақсы тамақтану қажет. Сондай-ақ йодтың жетіспеушілігінен де көп аурулар туындап, қалқанша безіне қатты әсер ететінін барлық адам білуі тиіс.
— Сіздің тәжірибеңіз бойынша біздің елімізде ең көп кездесетін аурулар қандай? Және ол аурулардың жиі кездесуі не себептен деп ойлайсыз?
— Қазақ елінің территориясында ең көп кездесетін ауру – қант диабеті. Оның үстіне, йодтың жетіспеушілігінен қалқанша безінде түйін пайда болады. Соның салдарынан қалқанша безінің қызметі бұзылып, ТТГ-дан Т4, Т3 гармондарының жоғары-төмен түсуіне байланысты ем тағайындаймыз.
Екінші, қант диабеті ұйқы безіндегі инсулиннің зат алмасуына жауап береді. Әрі бүкіл железамен ішкі секрециялық жұмыс жасайды. Енді қалқанша безі диетадан кейін тамақтану үрдісін дұрыс сақтамағаннан инсулин гормоны бұзылады. Яғни диетадан кейін тәттінің, нан өнімдерін, майлы тамақтарды өз нормасынан артық жеп, қозғалыс азая бастағанда адамдарда қант диабеті пайда бола бастайды. Қант диабеті жазылмайтын ауру болғандықтан, онымен ауырмауға тырысуымыз керек.
–Қазіргі таңда көп қыз-келіншектер азу үшін өздігінше диета ұстап, денсаулықтарын бұзып жатады. Негізі диетаны қалай ұстаған жөн?
— Қазір бізде ғаламтор қарқынды түрде дамып кеткен. Ғаламтордан түсінер-түсінбестен, өздігінше диета ұстап жатады. Ал ол жердегі диеталар қандай диеталар? Ашылып айтылмайды. Ашылып айтылмағаннан кейін ашығу керек екен деп аштықта жүріп, ағзадағы көп микроэлементтерді жоғалтады. Немесе кето-диета ұстанып, тамақтың бір түрін ғана жейді. Ол да дұрыс емес. Негізінде арықтау үшін зат алмасудағы көмірсу, май, ақуыз үшеуін тең қабылдау керек. Сол себептен де қыз-келіншектер осы үшеуінің бір түрін ғана жеп, қалғанын жемей, ағзаларын бұзып, денсаулықтарына зиян келтіреді. Cтрестің салдарынан да тамақтану процесі бұзылып жататын кездер де болады.
— Сондай-ақ кейінгі кездері бауырым ауырды, немесе бүйрегім ауырды дейтіндер жиі кездеседі. Оның үстіне, дұрыс тамақтанбағаннан өтін алып тастайтындар да өте көп. Әрі ұйқыбезі де бар. Неге осы диагнозбен көп ауырамыз? Әлде денеміздегі ең әлсіз мүшелер осылар ма?
— Бұл сұрақты гастроэнтеролог, диетолог мамандардан сұрауға да болады. Ағзамыздағы ең үлкен завод бауыр болғандықтан, барлық тамақты өңдеп, ішек, бүйрек арқылы сыртқа шығады. Қазіргі кезде неше түрлі донер, Kfc секілді фастфудтарды жасөспірімдер мен студенттер, тіпті бүкіл отбасымен кафеде, сыртта тамақтанып жатады. Ал сырттағы тамақтар тәтті болғанымен, дұрыс өңделмеген тамақтар. Мысалыға майы дұрыс емес, қанты дұрыс қосылмаған, құрамында түрлі қосындылар болуы мүмкін. Осындай тамақтарды жейді де, кешқұрым ұйқыға жатады. Тамақты жегеннен кейін қорытып, тарату керек. Ал түнде жеп келіп жата қалған соң, бұндай тамақтар қорытылмай, бауырға, бүйрекке, ас қорыту жүйесіне күш түсіреді.
Өт жолындағы тастарға келсек, бұл да дұрыс тамақтанбағаннан болады. Қалқанша безі ауруларынан да септігі бар. Қалқанша безінде неге кездеседі дейтін болсақ, зат алмасуға, энергияның да әсері бар. Сонымен қатар БАД өнімдері де зиянын тигізеді. БАД өнімдерін ішпеу керек демеймін, бірақ дәрігердің кеңесімен ғана қабылдау керек. Ал бізде көбісі ғаламтордан оқып алады не әріптесінен, көршісінен естіп алып, өздігінше тұтынып жатады. Сол себептен, дәрігердің кеңесімен қабылдау керек. Өйткені БАД өнімдерінде ағзаға сәйкес келетіні де, сәйкес келмейтіні де бар. Сол үшін де асқазан-ішек, өт жолдары бұзылып, тас жиналады.
— Әлеуметтік парақшаңызда қалқанша безі гормондары туралы барлық құпияны білемін депсіз. Осы қалқанша безі гармонына қатысты біз нені ескермей жүрміз?
– Таза қалқанша безі зат алмасуда энергияны бізге беріп отырады. Қалқанша безінен бөлінетін ТТГ, Т3, Т4 гармондары бөлінеді. Осы қалқанша безіндегі бұл гормондар дұрыс жұмыс жасамайтын болса, әрі ТТГ жоғары болып кетсе, гипотиреоз (қалқанша безінің қызметінің төмендеуі). Біз өзіне тән дәрілерін береміз. Бірақ оны дұрыс ішу қажет. Яғни тамаққа дейін, тамақтан кейін деген секілді режиммен ішетін болса, тездетіп қалпына келеді. Науқастардың көбісі гармональды дәрі болған соң семіріп кетемін деп ішкісі келмейді. Ал дәрісіз өздері толып жатқандарында жұмысы жоқ. Егер де дәріні уақытымен ішкенде, бұндай мәселе болмас еді.
Қалқанша безінің ауруын білу үшін, негізгі белгілеріне мән беру керек. Мәселен, адам ең бірінші әлсіздік, шаршау, шашы түсу, тырнақ сынғыштығы, тез толып, не тез азып кетеді. Үнемі тоңып жүреді. Етеккір белгісі бұзылады, созылмалы анемия пайда болады. Осылардың барлығы айналып келіп, жалпы қалқанша безінің ауруына алып келеді. Дәл осыған ұқсас, гипертиреоз деген ауру бар. Бұл қалқанша безіне йод көп бөлінген кезде ағзада гормондар тез ыдырап, ТТГ төмен түсіп кетеді. Ол кезде адамдар белсенді болады. Әрі тершеңдік пайда болып, аяқ-қолы дірілдейді. Жүрегі қатты соғып, қан қысымы жоғары-төмен секіріп тұрады. Көздері бақырайып, шарасынан шығып кетеді. Мұны медицинада экзофтльм деп атайды. Сонымен қатар іш өту белгісі пайда болады. Гипотиреозда іш қатса, гипертиреозда іш өтеді. Осының барлығы көбісі «жұмыстан шаршадым» деп қалыпты жағдай ретінде қарап, көңіл бөлмей жүре береді. Егер қалқанша безі ауруының қай түрін емдемесе де, асқынуға алып келеді.
— Әдемі қартая білу үшін жастар осы бастан нені ескеріп, нені білуі қажет?
— Жақсы қартаю үшін ең бірінші адамда энергиясы болуы керек. Ал энергия дегеніміз, адамға күш-қуат әкелетін микроэлементтер мен дәрумендер. Егер қалқанша безіндегі барлық элементті қалыпты ұстап тұрсақ, жылына бір рет УДЗ-ға ішкі-құрылыстарды түсіріп, анализдерді тапсырып отырсақ, адам өзінің денсаулығындағы кінәраттарды біліп отырады. Ауруы бар адамдар да қол қусырып отырмай, 3 ай сайын УДЗ-ға түсіп, дәрілерін уақтылы қабылдап, анализдерін тапсырып, дәрігерлермен үнемі байланыста болса, барлығы қайта қалпына келеді.
Осыған қатысты «әдемілік гормоны» деген бар. Ол біздің эстерген, картизол, прогестерон, палатин гармондары. Осы әдемілік гармондарын қалыпты ұстап отырсақ, бәрі жақсы болады. Ал қалыпты ұстап тұру үшін суды күніне 2-2 жарым литрға дейін дұрыс ішіп, 6-8 сағат ұйықтау қажет. дұрыс тамақтанып, фитнес жасау керек. Фитнес жасамағанның өзінде, 40 минут жаяу жүріп келсеңіз де пайдалы. Міне, қартаюдың алдын алу деген осы.
— Дәрігерлердің көбі күніне 2 литр су ішу керек деп кеңес беріп жатады. Бұл қаншалықты қисынды? Негізі әр адамның өзінің нормасына сай ішкен дұрыс емес пе?
— 2 литр емес, негізі суды ішу керек. Яғни, іштегі шлактарды, токсиндерді тазалайтын таза су. Бірақ көп адам сұйықтық ішу керек дегенді шаймен шатастырып жатады. Шай суға жатпайды. Сол үшін «шайды көп ішемін» деп айтып жатады. Шындығында, шайды қанша ішсеңіз де, тамақ болып есептеледі. Су дегеніміз – дәмсіз, түссіз, газсыз, фильтрленген су болу керек. Сонда ғана шлакты тазалайды. Біздің лимфа жүйемізді су тазартып тұрса, ағзадағы бүкіл зиянды заттарды құртып, қорғап тұрады. Сол үшін де лимфаны таза су арқылы ылғалдандырып тұру қажет. Бүйрек те зиянды заттарды шығарып, керекті заттарды алып қалып отырады. Енді суды салмағына сай ішу үшін 30 мл килограмға қарай ішу керек. Яғни, 70 кг салмақты 3 милилитрге көбейтсеңіз, 2, 100 литр шығады. Міне, 70 кг адам осы шамадағы суды ішуі қажет. Бірақ салмағы 100 килограмнан асып кеткен науқастардыкін есептейтін болсақ, 3 жарым, 4 литрға дейін жетеді. Оларға 30-ға көбейткендегі шыққан суды іш деп айта алмаймыз. Тек 2 800 литр іше алады. Ал суды ішу ретіне келсек, отырып ішу қажет. Сондай-ақ су газсыз, жылы болу керек. Суды бірінші ішкенде 70 пайызын ішіп тастап, екінші жартысында 30 пайызын ішкен дұрыс. Бүйрегі ауыратын науқастар дәрігердің кеңесімен, суды аз ішеді. Бүйрегінде тасы бар, құмы бар адамдар суды көп ішкені дұрыс.
— Бір жазбаңызда елімізде балалар мен жасөспірімдер арасындағы семіздік Еуропадан асып барады депсіз. Баланың тамақтануына байланысты үлкендер жағы қандай қателіктер жіберіп жатыр деп ойлайсыз?
— Балалар арасында семіздік өте көбейіп кетті. Әсіресе 8 жастан 12 жасқа дейінгі жасөспірім ұл мен қыз балаларда жиі кездеседі. Кейбір балаларда қалқанша бездерінің бұзылуынан да болып жатады. Бұл көшедегі фастфудтарды көп жегеннен де болып жатады. Осыған қатысты, ата-аналарға мен: «Баланың семіздікке шалдығуына кінәлі тек ата-ана, отбасы, араласқан ортасы» деп жиі айтамын. Өйткені үйде анасы қандай тамақ дайындаса, бала сол тамақты жейді. Әрі ол үйде дұрыс тамақтану режимі жоқ деген сөз. Және мектеп басталғанда, балаларының қолдарына ата-анасы ақша ұстатады. Ал бала сол ақшаға кириешкі, чипсы, кола, энергетикалық сусындарды алып жатады. Осылардың ішінде энергетикалық сусындар өте зиянды. Бұны бала да, үлкендер де ішіп жатады. Фастфудтың барлығын тек коламен ішеді. Сол себептен, семіздік ауруы Америкамен тең болмаса да өте көп.
Семіздік ауруы неге әкеліп соқтырады. Бірінші, балалардың ұрықтарының дамымауына әкеледі. Қазіргі таңда, бедеулік те көбейіп кетті. Яғни жасөспірім кездерінде зиянды тамақтарды жеп, ұл балаларда тестостерон, қыз балаларда эстроген гармондары сол уақыттарда дұрыс бөлінбей, жұмыс жасамайды. Әрине, бұл жасөспірім балаларда жүрек аурулары секілді белгілер біліне бермейді. Ал үлкен адамдарда бірден байқалып жатады.
– Сонымен қатар халық арасында тыныс алуы нашарлауына қатысты мәселелер де кең тараған. Бұл кешегі коронавирустың салдарынан емес пе?
– Рас, халық арасында тыныс алуына қатысты жағдайлар жиі белең алып барады. Коронавирус кезінде тыныс алу жолдарында вирустардың әсерінен тромбтар пайда болды. Бұл әлі толық зерттелген жоқ. Ал 2-3жылдық зерттеулерге сәйкес, тек тромбтардың пайда болуының әсерінен ентікпе, демікпе ауруларының көбейгенін аңғардық. Індеттің салдарынан өкпеде фиброз қалып қояды. Ал фиброз дегеніміз – өкпенің жабысып қалуы. Сол себептен, тыныс алу нашарлайды. Қазір көбісі өкпені шынықтырып, жұмыс істеудің орнына, темекі, электронды шылымдарды шегіп жүр. Электронды темекілердің сыртына «өкпеге түспейді» деп жазып қояды. Керісінше, қандай да бір түтін өкпеге түседі. Оның үстіне әртүрлі дәммен шығарған осы темекілер өкпеге түскеннен кейін газ алмасып, фиброз түзеді. Осыдан кейін өкпеге қайдан дем келеді? Фиброздан емделмесе, күнделікті дене жаттығуларымен шынықпаса, түбі туберкулезге әкеліп соғады. Не болмаса, өкпе обырына шалдығады. Қазір осындай адамдар өте көп. Сол үшін әрдайым қоршаған ортамызды таза ұстап, жұмыс орнымыздағы кабинетті, үйімізді үнемі желдетіп, таза ауа кіргізіп тұру керек. Осы уақытқа дейін, яғни індетке дейін көп адам өкпе пневмониясымен ауырды. Бірақ ол белгілі вирус таяқшалары болғандықтан, антибиотиктермен жою оңай еді. Ал мына коронавирусты жеңу өте қиын болды. Себебі, ол тыныс алу жолдарында қалып қойған тромбтың әсері деп білеміз.
— Соңғы 7 жылда жастар арасында бедеулік, белсіздік те белең алған. Бұған қалқанша безінің қатысы бар ма?
— Соңғы 7 жыл емес, 10-12 жылдың көлемінде бедеулік белең алып келді. Әсіресе ер адамдардың арасында бедеулік өте көп. Оның себебі, жоғарыда айтып кеткеніміздей, қалқанша безінің бұзылуынан, дұрыс тамақтанбау, қозғалыстың аздығынан, жасөспірім кезінде, яғни 10-13 жас аралығында ұл балаларда тестесторон гармондары жүре бастағанда, қыз балаларда физиологиялық жағынан дамуында түнімен ұялы телефонға үңіліп, уақтылы ұйықтамаса, құнарлы тамақ ішпесе, зиянды факторлар біртіндеп жиналып, гармондарды бұзады. Түнімен ұйықтамаған балада картизол гармоны бұзылып, күндіз стресс пайда болады. Қазір көптеген ерлі-зайыптылар барлық анализдерін тапсырып, денсаулықтарындағы кінәраттарды іздей бастайды. Сол кінәраттарды анықтаған уақытта ер адамдардың ұрықтарының пайызы төмен болып жатады. Дене бітімі толық болмаса да, бойында стресс бар. Қазіргі таңда көп адамдар стресске бейім. Ал стреске бейім адамдар картизол гармондары көп болғаннан кейін ол гармондар бүкіл ағзаны құлыптап тастайды. Бедеулік нақты мына жағдайлардың әсерінен деп те нақты айта алмаймыз. Себебі, оның себептері өте көп. Мүмкін, дұрыс тамақтанбағаннан, жұмысындағы стрестен де болуы мүмкін.
— Және адам бойында қандай белгілер болған жағдайда Эндокринолог маманға бару керек?
— Егер шаршасаңыз, бұлшықетіңіз әлсіресе, сүйек-буын, іш өту, іш қату, жүрек соғысының қатты болуы, тершеңдік, тоңғақтық, шаш түсуі, тез толып, тез азу, қанттың көтеріліп, түсіп кетуі, созылмалы анемиямен ұзақ жүрген жағдайда, иммунитет түсіп кетсе, обыр ауруына, кез келген ауруға бейім келеді. Енді денсаулықты түзеу үшін қандай да бір дәрумендер мен микроэлементтерді қабылдаған жағдайда тек дәрігердің кеңесіне сүйенген жөн.
Тағы бір айтарым, қыз-келіншектерге бедеулікке қатысты дәрілер жазып берсек, «семіріп кетемін» деп ішкісі келмейді. Мен сонда оларға «сіз гармон ішпей-ақ толықсыз. Сол үшін бірінші диетаңызды дұрыстаңыз. Түнгі, күндізгі ұйқыңыз бен су режимін сақтаңыз. Әрі көп қозғалыңыз. Тамақты түнгі 10-11-ге дейін жемей, кешке тамақтанып, артынша серуендеңіз» деп кеңес беремін.
— Стреске шалдығу қаншалықты зиян?
— Стресті біз көбіне біреу өзімізге ұрысқанда, не жұмыста бастықтан сөз естігенде туындайды деп ойлаймыз. Олай емес. Шындығында күнделікті өмірдегі жағдайлардың бәрі кіреді. Осыған орай стресс эмоционалды және физиологиялық стресс деп екіге бөлінеді. Физиологиялық стресс дегеніміз – күнделікті автобуста, жұмыста, әріптестермен, қоғамдық өмірде, дүкенде біреумен ұрсып қалады да, артынша сол жерде қалып қояды. Ал эмоциналдық стресс – ешкіммен ұрыспаса да, ағзасында белгілі бір аурудың сыр беруінен, гармондардың бұзылуынан, дұрыс ұйықтамағаннан пайда болады. Кейде отбасы, жұмысы дұрыс болмаса, соның барлығы жиналып-жиналып келеді де, ақырында қажып, шыдамының шегіне жеткенде картизол гармоны бұзылады. Картизол гармоны бұзылды деген сөз, бүйрек үсті бездерінен адреналин нор гармоны төмендеп, картизол гармоны жоғарылайды да, адамдарда қомағайлық пайда болады. Яғни, адам өзінің қанша тамақ жегенін білмейді, барлығын аузына тыға береді. Бұл эмоционалдық стресс деп аталады. Сол себептен, адам өзіне тоқтау жасай біліп, дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінгені дұрыс. Стреске түскен адам түнде тамақ жесе, ұйқысы да бұзылады.
— Сұхбатыңызға рақмет!