Іле-Алатауы фаунасы – қоңыр аю қонжықтарына кенелген жыл
Алысты жақын етіп көрсетер «Талғар шыңы» қысы-жазы ағарып тұратын Іле-Алатауы тау сілемдерінің ең биік нүктесі. Әрбір Алматы секілді әсем қалаға ұшақтан түскен адамға тау суреті және шың көрінеді.
Күннің ашық кездерінде де шың басы алыстан көз тартады. Шыңның жақын көрінгені тауға қарай беттеуге адамзатты тартады. Ал, сол салада еңбектенетін маманның тауға көтерілмесе басы ауырып, бітпеген ісі қалғандай болады. Сондай бір сәт, 22 қыркүйек күні кезекті жиналыстан тапсырма алып, ойын қорытам дегенше сыртқа беттеп,Талғар филиалының кеңсесінің алдында шыққан мемлекеттік инспектор, талай қаскерліктің алдын алған Куклин Руслан көз алдында тұрған шыңға бір қарап, ойланбастан Маралсай қайдасың деп тауға тартты. Айналаға дүрбі салып бақылау жүргізіп еді, кенет қырғауыл әтештері қиқулап дегбірсізденді. Күздің жайма шуақ кезі болғанымен, айнала сарғыш түске еніп, қурай, шалғын шөптер қоңырқай реңкке енген. Биікке ұмтылған жасыл шыршалардан өзге заттар сарғыш-қызғылт, қоңырқай тартады. Дәл, сондай өсімдіктер сияқты тау жануарлары да жасырын келбетіне түскендей. Келесі жотаға қарап тұрып, қоңыр күзде айнала қоңырқай түс деп тұрғанда, шөп арасында бірдеңе жыбырлады. Не екенін ажыраталмай ойланғанша,әлгі жыбыр лезде шабысқа ұласып беттеп келеді. Қалтаға жалма-жан қол сұғып ұялы телефонның видео қызметін қосып нысан үңілсе, қоңыр аюдың аналығы (Қазақта «Кірекей») 3 бірдей қонжықтарымен (аюдың баласы) үріккендей жылдамдықпен бірінің артынан бірі тізіліп, аң соқпақ жолымен жақын аралықтан өтіп келесі белді асты. Аюды көріп жүрғой, бірақ осыған дейін көбіне 1 кейде 2 қонжық ертетін. Есейіп қалған 3 қонжығымен көру үлкен қуаныш. Аң қорушы маманға мақтаныш. Таңданып үлгергенше арасы 2 мин аралығында жалғыз әрі ірі, Алатаудың қожасы менмін дегендей аталық аю (Қазақта «Матай» деген) жаңағы ізбен қашқандардың артынан ілесе шықты. Салмағы біршама басын төмен сала маң-маң басып, семіз май басқан денесімен ауыр қозғалады. Еріне жылжып, аяқтарын алдыға серпе тастап, жерге қоюының өзі жәй көрінгендей болғанымен, ол да жаяу жүрістің шебері екенін білеміз. Сөйтіп саны саны сирек, ерекше қорғауды талап ететін аңның бір жерден бесеуін сол сәтте көру табиғат сақшысы үшін айтарлықтай олжа болды. Ақпаратты орталық кеңседегі ғылыми және жануарлар өсімін молайту, қорғау бөлімдеріне тез жіберуге асығып, өрге жаяулап шыққан ентігін басалмай, қайта ылдиға түсті. Қазақ ертегілерінің балалар қызықтап тыңдайтын аңқау да, алып күш иесі қорбаңдаған қоңыр аю жайлы талай оқып тыңдағанымыз бар. Бірақ аю деген аңның үлкендігін айтпағанда, бете-бет кездесіп қалу үлкен қорқыныш екенін айтуымыз заңды. Тау қойнауларына дендеп кіріп тіршілігімен танысып, зейін қоятын мамандардан басқа қазіргі таңда құзар шыңдар мен мұздықтарға дейін бағындыруды өзіне мақсат қоятын жастар да жасамыз кісілер де біршама. Кейбір адамдардың дайындықсыз тауға шығуы өкінішке ұрындырады. Жалпы биылғы жыл мен мамандардың фотоқақпан құрдуан түскен мәліметтен бөлек, тау қызықтағандардың бірнеше әуесқойлық аюды түсірген бейнекадрлері әлеуметтік желілерде жарияланды. Оған мекеме тарапынан жауап ретінде үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Сол қоңыр аю тіршілігіне назар салсақ. Аюлар туысы (Ursus Linnaeus, 1758) Қазақстанда тек бір ғана түрі кездеседі. Қоңыр аю (Ursus arctos Linnaeus, 1758). Қазақстанда қоңыр аюдың екі түршесі, Тяньшань қоңыр аюы (Ursus arctos isabellinus), оңтүстік сібір аюы (Ursus arctos jeniseensis) мекендейді. Тяньшань қоңыр аюы ҚР қызыл кітабына енгізілген. Өгем, Қоржынтауда, Талас алатауында, Іле Алатауында, Теріскей алатауында, Кетпен жотасында, Жетісу алатауында тіршілік етеді. Әлемде таралуы Орталық Азияның – Тянь-Шань, Памир-Алай, Гиндукуш, Батыс гималай тауларын қамтиды. Ал, оңтүстік сібір аюы – Тарбағатай, Сауыр, Қалбы, Оңтүстік Алтайда мекендейді. Тяньшань қоңыр аюының мекендейтін жерлері таудағы қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты ормандар, әртүрлі ағаштар мен бұталар өскен жерлер, субальпі және альпі белдеулері, құздар мен тасты жерлер. Биологиялық ерекшеліктеріне келсек, таудың альпі, субальпі, орман белдеулерінде маусымдық қоныс аударады.
Қорегі-әртүрлі өсімдіктер, жеміс-жидектер, сирегірек – жануарлар. Қысқы ұйқыға 5-7 айға кетеді. Үңгірлеріне қазан-қараша айларында жатады, одан наурыз-сәуір айларында шығады. Күйлеуі мамыр-маусым айларында, 1-3, жиірек 2 қонжықтары қаңтар-ақпан (үңгірде) айларында туады. Аналықтары араларына жыл салып туады. Қонжықтары бірінші жылы аналарымен бір үңгірде қыстайды, сонан кейін көктемде (күйлеуге түсерде) бөлінеді. (ҚР қызыл кітабы Алматы 2010, Беркінбай О, Есжанов Б, Таенов Б Териология 2008.)
Іле-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында таудың барлық белдемдерінде кездеседі. Ертеректе зерттеген ғалымдардың еңбектерінен оқып танысқанымыздай, аталған белдемдердің барлығында дерлік кездескен.(В.Н Шнитников 1936). Бірнеше жылдан соң Үлкен және кіші Алматы өзен ағып өтетін шатқалдарда сиек кездесе бастаған (В.Н Шнитников 1940). Ал, Талғар және Есік шатқалдарында жиірек кездессе, 1960жж Үлкен және кіші Алматы шатқалдарында кездеспеген. Бірақ, Түрген, Есік, Талғар, Асай, Қаскелең шатқалдарында тіркеліп отырған (Феосенко, Лобачев 1970ж). Зоология институтының ғылыми қызметкері С. Қаңтарбаевтың зерттеулерінен Кіші Алматы шатқалында сирек белгілері табылса, Үлкен Алматы шатқалның Өткелді, Аюсай шатқалдарында тұрақты мекендеуге көшкен. (2015ж).
Қазіргі таңда Тяньшань қоңыр аюлары дерлік шатқалдарда ұшырасады. Оларды ерте көктемде қар көшкіні жүретін аймақтардан іздерін, тіршілік белгілерін (қи, т.б) және көк қылтиған ашық алаңқайлы сайлардан жайылатындығы мемлекеттік инспекторларға берілген күнделіктегі жазбаларынан белгілі. Апаннан арып-ашып шыққан ақтырнақты жыртқыш (қосымша атауы ақтырнақты қоңыр аю) орман ішін, сай-саланы кезіп жүреді. Қар көшкіні жүрген орындардан аң өлекселерін тауып жейді. Көктемгі мезгілде суырдың оянуын күтіп, жайылымға шыққан сәттерін аңдиды. Ал, жаз мезгілі басталғанда қалың жынысты орман ішіне еніп, құмырсқа илеулерін бұзып, шіріген ағаш томарларды төңкеріп, құрттарды іздейді.
Белсенділігі көбіне қараңғы түскенде болады делінгенмен, кейде күндіз де кездеседі. Екі үш жылдан бері кейбір шатқалда орман билетімен мал жаятын шаруалардың жылқы, сиырға аз да болса шауып жатаны бар. Себебі малмен қатар мекендеген тұстағы аюдың өзіне жақын жердегі олжаға ауыз салғаны дәніккеннің белгісі. Жеміс пісе бастауымен аю атаулы таудан тік төмендеп ескі алма бақтарына, өрік тоғайларына, бас сұғады. Оны орман қажеті үшін автокөлік жолдары бойында, соқпақ жолдарда жатқан қи белгілері мен жауыннан кейінгі лайсаң жерге баттиып басылған іздерінен анық білінеді. Жаз ортасы ауғаннан кейін таңқурай пісетін орындарды торуылдайды. Осы кезде абай болу шарт. Қапелімде бетпе-бет шығу тәуекелге бел буумен тең.
Негізінен қонжығын ерткен кірекей қауіптілеу. Баяндағанымыздай, аналық аюдың аталығынан қонжықтарын ала қашу сыры да бар. Олар өз балаларын қатты қорғайды. Ғылыми әдебиеттердегі бақылаулардан жазылғандай екі жылға жуы қонжығын ертіп жүріп қамқорлық көрсетеді. Аталықтан қашу қонжықтарды аман сақтау қажеттілігінен туындайды. Маралсайдағы Ақтасты үстіртіндегі мемлекеттік инспектор Руслан бақылауы табиғаттағы ілуде бір кездесетін жағдай. Кірекей (аналық аю) – өз баласын жанын сала қорғайтыны белгілі. Оның тым-тырақай қашуы сақтану мақсатында болғаны аян болды. Себебі аталық аю бұларға келе жатқаны анық еді. Аналық сезімі мықты ұрғашы аю, қонжықтарын аулаққа осылай ала қашты. Аталық аю өте агрессивті жыртқыш. Аюларға каннибализм тән жағдай. Егер өзінің ұрпғы болмаса бөтен қонжықтар оған жем болар еді. Өз әкесі болса да ұрғашы аю баласын аулақ ұстайтыны белгілі. Күйлеу уақтысында аталық аюлар қазымыр келеді де жас қонжықтар мекендеу аумағында кездессе өлтіріп тастайды.
Аюлар - алма, өрік ағаштарын сындырып жемісін жейді. Орманшылардың көпжылдық қызмтте байқағандарын әңгімелегенде долана өскен әр ағашта бірнеше аюдың астына бұтақтарды төсеніш етіп, отырғандарын көріп таң-тамаша болдық дейді. Десе, дегендей-ақ Ақсу-Жабағылы қорығында бір аюдың алма ағашында бұтаты сындырып ұя іспеттес биікте жатақ жасап жатқан суретімен ғылыми мақала жарияланған. Авторы Б.Жүнісбаев. Жалпы Ұлттық паркте Тяньшань қоңыр аюының саны артуда. Қазіргі таңда 82 дарақ есепке алынған. Туғанынан өте кішкентай болып апанда туылатын қонжықтардың, өсем дегенше талай кедергіге ұрынатыны сөзсіз. Сонда да, биылғы жылы әр жылдан өзгеше болды.
Әсіресе Талғар филиалына қарасты тау шатқалдарының бірі Көкбастау орманшылығында екінші рет 3 қонжығымен кірекей қарашаның соңғы күндерінде таспаланды. Олар бұл жолғы субальпі белдемінде байқалған. Одан арғысы альпі белдемі, тасты құзды жерлер жақын. Демек, аюлардың қысқы ұйқыға кетер тұсы тақалғандығын білдіреді. Түрген филиалына қарасты сайлардың бірнен де 3 қонжығымен көргендер бар еді. Ақсай филиалына қарасты сайлардан да қонжық іздері біраз кездескен. Биылғы жылы кәдімгі өрік, алма ,таңқурай т.б жеміс-жидектер жақсы өнім беріп, аю секілді аңдарға жақсы азық қоры болды. Сондықтан да олардың қонжықтарының саны 3 дарақ болғаны қалыпты деп пайымдаймыз. Ұлттық парк фаунасы бірнеше қонжықпен толықты. Балаларын қысқы ұйқыға кетіп, есейгенше аман сақтаған кірекейлердің де мықты жыртқыш ретінде санауға болады. Адам мен аюдың кездесуі көп тіркелді. Тауға демалатын туристер жыл сайын көбеюде. Адам қарасы жабайы аңдарға көп көрінгенсайын оларға да үйреншікті құбылысқа айналғандай. Соның дәлелі аюлардың кейбірі, саяжайларға дейін төмен таудан төмен түсі, туристер демалатын орындардағы қоқыс жәшіктерін тіміскілеуі.
Бірақ Ұлттық парк тарапынан қоқыс салынатын орындар беті жабылатын жәшіктермен толықтырылып, бастырма етіп төбесі жабылған.
Халықтың табиғатқа деген ықыласы оң болса, артынан қоқыс қалдырмау қажет, жүру белгілері, арнайы от жағатын жер, т.б техника қауіпсіздік ережелерін сақтап жүрген жөн. Алатаудың аюын бірге қорғайық.
Тұңғышбек Жапарқұлов,
Іле-Алатау МҰТП ғылыми қызметкері