Іле ауданы білім бөлімінің басшысы жемқорлыққа күдікті – Антикор
Алматы облысы Іле ауданы білім бөлімінің басшысы жемқорлыққа күдікті деп танылды, деп жазды Zhasalash.kz.
Алматы облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет «Алматы облысы Іле ауданының білім бөлімі» ММ басшысына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.
Не белгілі?
Білім бөлімінің басшысы Іле ауданының орта мектептерінде іс жүзінде еңбек қызметін жүзеге асырмаған адамдарға адамдар тобымен алдын ала сөз байласу бойынша жалақы аудару арқылы 680 млн теңге сомасында бюджет қаражатын жымқыру бойынша күдікке ілінді.
Сонымен қатар, ол лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалана отырып, өзінің жүргізушісін мектеп-гимназияға кәсіби бағдаршы лауазымына жалған жұмысқа орналастырып, оған заңсыз жалпы сомасы 4.9 млн теңге жалақы төлеген.
Соттың санкциясымен күдікті қамауға алынды. Тергеу жалғасуда.