Легионерлерге бар, балаларымызға жоқ! шетелдіктерге ғана жомартпыз...
Өткен аптада Қаржы министрі – премьер-министрдің орынбасары Ерұлан Жамаубаев еліміздегі хоккейшілердің жоғары айлығы туралы пікір білдірді.
«Спортты көріп жүрсіздер, чемпионаттарды, ірі ойындарды, мәселен, соңғы чемпионатты байқадыңыздар. Месси бастаған топ, мәселен, Аргентинадағы өте бай клубта өнер көрсетеді. Сондықтан мұндай мықты ойыншылардың келуі – ел чемпионатының күшеюіне мүмкіндік береді. Жеңіс тұғырынан көріну үшін өте мәнерлі әрі ұшқыр ойнайтын спортшылар керек» деген шенеунік сол сөзімен шетелдік хоккейшілерге төленетін жалақыны ақтап алды. Айта кетсек, осыған дейін «Барыстың» құрамындағы ойыншылар Никита Михаилис пен Линден Вей жыл сайын 377 миллион теңгеден жалақы алып отырғаны айтылған болатын. Одан бөлек Майкл Шапю, Энтони Луис, Джереми Бракко сынды шетелден аттай қалап алдыртқан ойыншыларымыздың да жылдық табысы 200 миллион теңгеге жуықтайтын көрінеді.
Шыны керек осы легионерлердің жанын салып ойнап, Қазақстанның атын шығарғанын немесе ел чемпионатының күшеюіне ықпал еткенін естіген де, көрген де жоқпыз. Бірақ сонда да отыз жыл бойына шетелдік ойыншыларға миллиардтарды шашып жатырмыз. «Тобыл» сапында ойнайтын өзбекстандық футболшы Игорь Сергеевке де күніне 383 мың теңге, ай сайын 11,5 млн теңге төленетін көрінеді. Негізі легионерлердің жалақысы жария айтыла бермейді. Алайда түптеп келгенде «Барыстың» ойыншыларына жалақы «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қорынан аударылып жатыр емес пе?! Яғни ол – халықтың ақшасы. Олай болса неге шетелдік легионерлерге төленетін жалақы халықтан жасырылады? Неге олар өздерін халықтың алдында есеп беруге міндеттіміз деп есептемейді?! Бәрі ашық айтылса, халық алдында есеп берілсе, нәтиже де көзге көрінер еді ғой. Шыны керек еліміздегі кейбір мамандық иелері 60 мың жалақыға байланып, тіпті халықтың басым бөлігі 100 мың теңге көлеміндегі айлықты қанағат тұтып отырғанда шекара асып келген біреулердің айына 377 миллион теңге жалақы алып отырғаны әділетсіздік емес пе?!
ЖурналистАслан Қаженов өзінің әлеуметтік желісіндегі парақшасында футболшы Игорь Сергеев туралы айта келіп, «Негізі бұндай ақпараттар өте құпия сақталады. Бірақ дәл осы жігіттің жалақысы байқаусызда жарияланып кетті және ол 300 мың АҚШ долларын құрайды. Ұлттық валютаға шаққанда – 138 миллион теңге. Яғни ай сайын 11,5 миллион, ал күн сайын 383 мың теңге алады деген сөз. Мейлі ойнап жатсын, ойнамай жатсын, демалып-ұйықтап, білгенін істеп жатсын, осындай жалақы жүре береді. Қостанайда басқа проблема жоқ. Мәселенің бәрі реттеліп, тек келімсектерге ақша шашу ғана қалыпты» – деп жазған болатын. Бұл жария болғандары ғана, ал жария болмағандары қаншама?! Осы орайда кәсіпқой спортқа бөлінетін қаржыны қысқартып, бұқаралық спортты неге дамытпасқа?
Әшейінде қара халықтың мүддесіне келгенде шөміштен қағып, үнемдеп, барынша жырып қалуға тырысатын үкімет өзгенің баласына келгенде жомарт-ақ! Мәселен, былтыр «Балалар жылында» балаларымыз қаржы жетіспейді деген сылтаумен тегін үйірмелерден қағылған болатын. Ақырында бәрін жауып тындық! Спорт саласындағы шенеуніктер «негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортты дамыту. Жасөспірімдердің арамыздан шығып, ірі спортшы болуына жағдай жасау» деп айтқанымен жеме-жемге келгенде сөзі мен ісі алшақ жатыр. Тіпті осы шашылған қаржының есебін беріп, нәтижесін көрсетіп жатқан да ешкім жоқ. Нәтиже демекші бір кездері Бразилияға футбол академиясына берген балаларымыз қайда?! Шын нәтиже үшін емес, мақтан үшін жіберген байдың балаларының бірде-біреуі келіп, доп теппеді. Елімізде шын таланттылар көгал мен тегін үйірмеге жете алмай жүрсе, спорт саласындағы шенеуніктер сол олқылықтың орнын толтырудың орнына, шетелдіктерге ақша шашып, ойына келгенін істеуде.
Осы орайда атап өтер жайт, еліміздің кейбір мектептерінде тіпті спорт зал жоқ. Мектеп спорты федерациясының өкілі Әлия Түсіпбекованың айтуынша, елімізде 2 мыңға жуық мектептің оқушылары үшін спорт залдары арман көрінеді. Ал ондай мектептерден спортшы шықпасы анық. Өз балаларымызды мектептің спорт залымен қамти алмай отырып жұрттың баласына ай сайын миллиондар төлегеніміз не сән?! Тіпті еліміздегі спорт үйірмелеріне оқушылардың бару көрсеткіші де төмен екен. Нақтырақ айтсақ әлемнің орташа көрсеткішімен салыстырғанда 4 есе аз қамтып отырмыз. Осы жылдар ішінде кәсіпқой клубтарға бөлінген қаржы ақталды ма деген сұраққа жауап беретін де ешкім жоқ. Сонда да оларды жарылқауды тоқтатар емеспіз. «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана» велошабандоздар клубы секілді тек мемлекеттің ақшасын соруды ғана білетін, ал нәтижесі нөл клубтардың бізге қажеті қанша өзі?! Клуб құрылғалы мемлекет тарапынан қыруар қаржы бөлсініп жатса да қазақ балаларынан бірде-бір велошабандоз немесе хоккейст, футболист дайындап шықпады. Ендеше, оларды неге миллиондарға малындырып отырмыз!
Спорт ардагері Несіп Жүнісбайұлы: «біздің елімізде кәсіпқой клубтар ең бірінші өзін-өзі қаржыландыратын болса ғана шеттен спортшылар шақырсын. Америкадағы клубтар да ақшаны өздері табады. Ешқашан Канада мен Американың үкіметі спорт клубтарын қаржыландырмайды. Ал кәсіпқой клубтар қаржыны қалай табады? Біріншіден, клуб ойынды көруге келетін жанкүйерлердің қолдауымен, екіншіден, өздері тәрбиелеген ойыншыларды сату арқылы, үшіншіден, түрлі жарысқа қатысып жүлде қорларын жеңіп алса, төртіншіден, жарнама берушілер арқылы ақша табады. Мұндай жағдайда кәсіпқой клуб қаржысын қайда жұмсаса да өзі біледі. Ал Қазақстанның жағдайында спорт клубтарының қыруар қаржыға спортшы шақыруы – ақымақтық» дейді.
Жоғарыдағы спортшылардың жалақыларына қарап, «бар ау, бар бізде ақша, тек ол шетелдік спортшылар үшін ғана» дейсің еріксіз...