Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:45, 18 Мамыр 2023

Ленин әлі тірі екен

None
None

Шығыс Қазақстан облысы Алтай қаласындағы пролетариаттардың көсемі Владимир Лениннің ескерткіші жаңартылатын болды.

Ол үшін қалалық мәслихат бюджеттен 1 миллион 449 мың теңге бөлуді мақұлдаған. Бұндайда «Қызыл адам өлді. Бірақ оның өлігі әлі жан тапсырмады» деген сөз еске түседі. Бұлар өлмесхандар ғой...

«Бұл Лениннен бұрын, «орыс әлеміне» деген құрмет болса керек. Бұл арадағы Лениннің ескерткіші – кеңестік ностальгияның белгісі. Өткенді аңсаудың атрибуты. Советтік заманды аңсаудың артында сол баяғы империалистік идеологияға деген құштарлық жатыр. Түптеп келгенде, бұл біздің билікте, мемлекетті басқару ісінде ұлттық ұстанымның жоқтығы. Егер бізде идеологиялық вертикаль Ақордадан Алтайға дейін бірізді болғанда, мұндай саяси сорақылыққа жол берілмес еді. Демек, біздің әр ауданда әрбір саршұнақ – идеолог, әрқайсысы өз аумағының саясатын өз қалауымен жасайды. Анығы – бұл Алтай қаласы әкімдігінің ғана емес, тұтас қазақстандық проблема. Сепаратизм мен шовинизмнің зиянкес бактериясы осындай иесіз жерде өсіп өнеді!» – дейді мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи.

Алтайдағы Ленин ескерткіші жергілікті маңызы бар тарихи және мәдени ескерткіштер тізімінде екен. Бұл жөнінде журналистерге Алтай қаласы әкімінің орынбасары Жанна Асқарова да, жергілікті мәслихат төрайымы Лариса Гречушникова да мәлімдеген. Халық көп жүретін жерде күн көсемнің ескерткішін сұрықсыз күйде ұстамау керек екен. Саяси астар да іздемеу ләзім деген уәж айтылды. Алайда, өңірде жергілікті шенеуніктердің жұмысына сын айтатындар бар.

«Лениннің ескерткішін қайта жаңарту деген не? Масқара ғой. Ұят тіптен. Күн көсемнің ескерткішін жаңартуға 1 миллион 449 мың теңге бөлуді мақұлдаған мәслихат депутаттарын кім сайлады? Бұл оқиға біздің әлі күнге дейін өткен тарихымызға әділ баға бермегенімізді, тарихтан сабақ алмағанымызды көрсетіп тұр. Тәуелсіздік алған жылдары Қазақстанда декоммунизация жасалу керек еді. Балтық елдері советтік жүйенің қылмыстарын әшкереледі. Коммунистік партияның жетпіс жылдық жүріп өткен жолына жаңа баға берді. Бізде оның бірі жасалған жоқ. Тарихшылардың да қателігі бар, биікке жалтақтап отырады, ал билікте неше түрлі пиғылды адамдар бары анық. Бізде сөз көп, іс жоқ. Бұл ұлттық идеологияның жоқтығының көрінісі. Шығыс Қазақстан облысы да дені дұрыс әкімге жарымай-ақ қойды ғой. Бұл өңірде идеология саласында шенеуніктер дұрыс жұмыс істемеген. Сондықтан бұл өлкеде Кеңес өкіметін аңсайтын, Қазақстанды мойындамайтын адамдар көп болып тұр. Бұл өте қауіпті. Сондықтан ол жаққа ұлтжанды әкім баруы керек. Тәрбие жұмысын қолға алу керек. Балабақша мен мектептен бастап өзгерістер жасау керек. Қазіргі басшыларды жұмыстан босатып, патриот адамдарды солардың орындарына тағайындау керек. Бұл өңірде үлкен жұмыстар жүргізілмесе, арты қиын болады», – дейді тарихшы Нұрлан Атығай.

2018 жылы Алтай қаласының тұрғындары Ленин ескерткішінің орнына су бұрқақ орнатуды ұсынған. Бірақ көпшілік бірінші кезекте жолдарды, балалар алаңқайы мен спорт алаңдарын салу керектігін айтқан.

2009 жылы еуропарламент тоталитарлық жүйені айыптап, коммунизмді фашизммен қатар қойған. Бұл егіз жүйенің адамзат баласына жасаған қылмыстарын ашық талқылау керек деген болатын. 2015 жылы ресми Киев арнайы заңдар топтамасын қабылдаған. Ол заңға орай Лениннің барлық ескерткіштерін құлатып, нацистік және коммунистік символикаға тыйым салған.

Тегтер: