Лениннің ескерткішін құлатқан тракторшы сотталуы мүмкін
Әлеуметтік желіде Алтай қаласының орталық алаңдағы Ленинге қойылған ескерткіштің құлаған сәті жазылған видео тарады.
Кейін алаңды абаттандыру кезінде тракторшы ескерткішті байқамай құлатып алғаны белгілі болды. Жөндеу жүргізіп жатқан мердігер компания өкілі ескерткішті қайта қалпына келтіретінін хабарлады.
Енді Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті осы іске қатысты қылмыстық іс қозғап жатқан көрінеді.
— Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 203-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жариялауға жатпайды, – делінген ШҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәліметте.
Егер тракторшының қасақана құлатқаны дәлелденсе, 3 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Қылмыстық кодекстің 203-бабы 1-бөлігі бойынша осындай жаза кесіледі.