Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
16:52, 20 Наурыз 2021

Лениншіл Жастың анасы

None
None

         Мен журналистік жұмысқа өзгелер сияқты арнайы оқу орнын бітірместен ерте араластым.

Күтпеген жерден бұйырған бұл бақытты тағдырымның маған тартқан ең үлкен сыйы деп білемін. Иә, бәрі де күтпеген жерден болды. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне оқуға түсуге құжат тапсырып, одан әрі емтиханға дайындалып жүрген кезде аудандық, облыстық газеттерде шағын әңгіме, суреттемелерім жарық көріп дәндеп қалсам керек, бір әңгімемді арқалап «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») барғанмын. Баруын барсам да, әңгімемді бір бөлмеде топырлап отырған адамдардың қайсысына ұсынарымды білмей, абдырап қалғаным да рас. Сонымды байқады ма, төрде отырған желке шашы бір қарыс жігіт ағасы «бері жақында» дегендей ыңғай танытты. Алайда ол мен ұсынған әңгімені қолына алғанымен, паңдана жымиды да, «тастап кет, оқып көреміз» деді. Оның осылайша керіле жауап қатқаны маған ұнамай қалды. Апырау, сол шағын әңгімені лезде оқып, жауап қайтаруға болады ғой деген ой көкейімде кілкіп тұрса да, амалсыз кері қайттым. Мұндай қабылдауды күтпеген едім, салым суға кеткені сонша – әлгі әңгімені газет бетіне шығады деген ойдан да біржолата үмітім үзілген.

        Міне, қызық! Араға ай аралатып, мен апарған әлгі дүние «Лениншіл жаста» жарқ етіп шыға келгенде таңданысымда шек болмады. Таңданатын да жөнім бар. Аудандық газеттің өзінде зарықтырып, жарты жыл өткенде әзер шығатын әңгімем дәл бұлайша тез жарық көреді деп кім ойлаған?! Өз көзіме өзім сенбей, әлгі бетке қайта-қайта үңілемін. Жан-жақтан келген талапкерлер де көзтаныс боп қалды ғой, олар да жапатармағай мені құттықтап жатыр. Сөйтіп, аяқастынан «Лениншіл жастың» арқасында мәртебем өсіп шыға келгеніне арқаланып қалсам керек, тағы бір әңгімемді алып редакцияға жеттім.

     Байқаймын, бұл жолы әлгі желке шашы бір қарыс кербез ағай өзгешелеу қабылдады. Менімен жылыұшырай амандасты. Тіпті менің аты-жөнімді де біліп алыпты. «Мен Оралхан Бөкеев деген ағаңмын» деп, өзін де таныстырып өтті.

— Жұмагүл, сен қазір біздің бастығымызға кіре кет. Ол кісі «келсе, маған жолықсын» деген, – деді.

      Әлгі кісінің жып-жылы сөзінен кейін оның айтқанын орындамауға дәтім бармай, бастық отыратын кабинетке кірдім. Онда қабағы түксиген бір кісі газет оқып отыр екен. Мені көріп, басын көтерген ол «иә, неге келдің?» дегендей бетіме сұраулы жүзбен қарады.

 –  Ағай, сіз шақырған екенсіз.

 – Мен бе? – Ол есіне еш нәрсе түсіре алатын емес. – Мен шақырды деп саған кім айтты?

 –  Оралхан ағай айтты.

 – Тұра тұр. Аты-жөніңді айтшы? – Менің аты-жөнімді естігеннен кейін есіне түсті ме, – Е, сен жуырда бізге әңгімең шыққан бала екенсің ғой. Оралханға жолықсын, дегенім рас. Оқып көрсем, әңгімең тәп-тәуір. Тіпті жып-жылы десем де болады. Әрине, ойларың әлі балаң. Айтайын дегенім, біраз ысылсаң, сенен жақсы жазушы шығайын деп тұр. Өзің бір жерде оқисың ба? – деді ол.

       Бұл емтихан аяқталып, жұмыс өтілі барлар төмен бағамен-ақ оқуға қабылданып қойған кез. Менің емтиханнан алған бағаларым жоғары еді, соны айтып факультет басшысы Тауман Амандосов ағамыздың алдына барғанмын. Сөзімнің шындығына көзі жеткен соң, обалсынған болар, ол мені осы бағаммен-ақ факультеттің сырттай оқитын бөліміне қабылдайтынын айтқан. Алайда күндізгі бөлімге іліне алмай қапаланып тұрған мен өзімнен балы төмендердің де оқуға түскенін қайта-қайта айтып, «осы да әділдік пе» деп шамырқансам керек, Тауман ағай біраз уақыт үнсіз отырды да: «Сен былай істе. Күзде күндізгі бөлімнің сабағына қатыс. Тәуір оқысаң, бір жыл ма, жарты жыл ма, өзіміз ауыстырып аламыз», – деген.

     Редакция басшысының «бір жерде оқисың ба» деген сұрағына жауап ретінде соны айтқанмын. Бірақ ол менің жауабымды елең қылмаған сияқты.

 –      Онда сен біздің редакцияға жұмысқа кел. Әрине, саған бірден қолақпандай қызмет бере алмаймын. Бірақ осында жүріп, жазуға әбден төселіп     ал. Одан кейінгісін көре жатармыз, – деп бетіме қарады.

    Мына сөзден кейін менің мүлдем есім шығып кетті. Апырау, «Лениншіл жас» қол жетпес арман ғой. «Одан қалай бас тартпақпын» деген ой басыма келгені сол еді, өзімді-өзім игере алмай, келісім бергенімді байқамай да қалдым.

 – Онда жөн. Іске кіріс, – деген әлгі кісінің Шерхан Мұртаза екенін де кейін білдім. Ол біреуге телефон соғып еді, көп ұзамай ішке бір орта жастағы әйел кірді.

 – Бибіхан, мына баланы қасыңа ал. Жүрегінің оты бар сияқты, осында жүріп жазуды үйренсін, – деді оған да.

       Осы сөзден кейін Бибіхан деген әйел жұрт сығылыса отырған әлгі үлкен бөлмеге ертіп келіп, ондағыларға мені таныстырып та үлгерді. Несін айтасың, қуанышым қойныма сыймаған мен осы күннен бастап редакцияның полк баласындай болып кеттім. Газет жұмысының қай жеріне көмегім қажет болса, сонда барамын. Хат тіркеуші де, корректор да болдым. Редакция мен типография арасына материал тасудан да қашпадым. Түрткілеп отырып жазу машинкасын да үйрендім. Осының бәрін қабақ шытпай, атқарған елгезектігіме мұндағы жұрт та дән риза сияқты. Тіпті кешке қарай жұмыс уақыты бітіп, айналамдағылар үйді-үйіне қайта бастағанда, «түу, ешкім ешқайда бармай-ақ, осы жұмыста күні-түні жүре берсе ғой» деп іштей қынжылатыным да есімде.

       Менің бұлайша ойлайтыным, өзімнің басқа барар жерім болмағандықтан да шығар. Бір орыс кемпірдің жертөлесінде екі-үш қыз пәтер жалдап тұрамыз. Жертөле болған соң, белуарына дейін зең басып кеткен дымқыл бөлме қысы-жазы тап-тастай суық. Оның үстіне сол кездегі баршаның басындағы жағдай ма, сол екі-үш қыз ұдайы ақшадан тарығып жүреміз. Алайда қара су мен қара нанды қанағат тұтып жүрсек те, көңіліміз көл-көсір. Мұны айтып жатқаным, менің сол жүдеу қалпымды Бибіхан апай бірден байқады. Түс мезгілі болып қалған кез.

 – Жүр, қызым, түскі асқа баралық, – деді ол алғашқы күні-ақ.

 – Жоқ, апай, өзіңіз бара беріңіз. Мен семіріп бара жатқан соң, диета ұстап жүрмін, – дедім бетім шылп етпей. Қайдан, менің де қарным ашып отырған. Алайда қалтамда көк тиыным жоқ. Анам берген ақшаны баяғыда жаратып қойғанмын. Әрине, оған өзім кінәлі. Үнемдеп ұстауды мүлдем білмеймін. Содан да бұл «ақшам жоқ» деп айтуға ұялып, ойлап тапқан себебім ғой.

       Бибіхан апай адам психологиясын терең танитын зерделі адам екен, бетіме барлай қарап тұрды да: «Жә, жүр. Диетаңды кейінірек ұстарсың», – деп, қояр-қоймастан орнымнан тұрғызды. Осы жолы менің жайымды айтқызбай, ұққан ол келесі күні қолына блокнотын алды да, соның бір бетіне «Жұмагүл» деп жазып, қолыма қашқақтағаныма қарамай, елу тиын ұстатты.

 – Мен мұны сен ойлағандай мүсіркеп беріп отырғаным жоқ. Жас адамның қолында ақша тұрмайды. Оны жақсы білемін. Ал мынаны кейін еңбекақыңнан ұстап қаламын, – деді ол сол жайбарақат күйінен жазбай. Ол кезде елу тиынға бір мезгіл тоя тамақ ішуге болады. Апай болса күн сайын менің қолыма елу тиын беріп, оны блокнотына жазып отырады, ал еңбекақы алған кезде сол берген ақшасын өзіне қайтарып және үстінен бес сомымды тағы да алып қалады. Оның 50 тиынын күн сайын бұрынғы әдетімен қолыма беріп отырады. Шынымды айтсам, маған деген көмектің үлкені осы болды. Бұл ғана емес, енді ойласам, Бибіхан апайдан көрген жақсылығым көл-көсір екен. Соның бірі ретінде айтсам, үйдің кенжесі болғандықтан, ұл баланың киімін киіп өскен, соған орай, ардың-күрдің сөйлейтін мені ол баули келе жіптіктей қызға айналдырды десем де болады.

      Бір ғажабы, ол нендей нәрсе айтса да, өз ойын ешкімнің көңіліне тимей, жайлап, жанашырлық ниетпен жеткізетін. Мен ғана емес, сол кезде «Лениншіл жаста» істейтін қыз-жігіттердің бәрі де өрімдей жастар еді. Осы жастардың бәрі де Бибіхан апайдың ұстаханасынан өтті. Ол жылағанды жұбатты, сүрінгенді демеді. Ол кісінің ішкі мәдениетінің жоғары болғаны сондай – өз жақсылығын ешқашан бұлдаған емес және біреуге айтқан ақыл-кеңесін, көрсеткен қайыр-мейірін өзге жұрт сезбей де қалатын. Бос сөзге үйір болмауды бізден де талап ететін. Бастары бір қазанға сыймай, өкпе-реніш арқалап жүргендерді де үн-түнсіз татуластырып, әрқайсының кінәсін дауыс көтермей-ақ мойындатып, арадағы дауларын ың-шыңсыз-ақ шешіп беретін. Содан да әлденеге қиналып жүрген қыз-жігіттердің көңілге бүккен сырларын онымен бөлісуі қалыпты жағдай еді. Ол ешқашан ешкімді бөле-жара қарамай, кімге болса да әділдігін айтатын. Бір таңғаларлық жайт, кімнің болса да жетесіне жеткізетін ойын сабырмен, достық раймен айтатын апайдың сөзінен кейін әркім өз қатесін түсініп, бұрынғыша, бір-бірімен ойнап-күліп, араласып жүре беретін.

      Иә, ол «Лениншіл жастағы» ұл-қыздардың анасы іспеттес еді. Содан да шығар, редакция қызметкерлері бірдеңе қажет болса, басқаны іздемей, дереу сол кісіге баратын. Апайдың жанында тұратын сейф қалаған нәрсенің бәрі табылатын бүгінгі супермаркет сияқты болатын. «Жоқ» деген сөзді білмейтін апайымыз қысылып тұрған шағыңда іздеген затыңды қайдан тапса да әкеп, қолыңа ұстататын. Бүгінгідей емес, ол кезде сия құймай жазатын кәдімгі қаламның қат кезі ғой. Қолдағы қаламымыздың сиясы таусылып, қарусыз қалсақ та, ол қайсымызға болсын таппаса ілдәлдалап, қолдан қалам жасап беретін. Бибіхан апайдың сол сатусыз көңіліне риза болғаны ғой, Оралхан: «Біздің апайдан түйенің тағасы да табылады», – деп мәз болатын. Түйеде таға болмайды ғой. Ендеше бұл жоқтан бар жасайтын апай үшін дәл табылған теңеу еді.

       Редакциядағы жастарды жиі-жиі үйіне қонаққа шақыруы да үйреншікті жағдай еді. Ал саяжайындағы жеміс-жидектің де бар қызығын көретін «ЛЖ»-ның адамдары болатын. Тарынуды білмейтін ол әлдеқандай себеппен үйіне немесе саяжайына бармай қалғандарға сыбағасын өзі әкеліп беретін. Ойласаң, бұл да бір сирек қасиет-ау.

      Пәтерден-пәтерге бала-шағасын шұбыртып көшіп жүретін редакцияның қызметкерлерін қолайлы баспана тапқанша, қоярда-қоймай өз үйіне апаратын ол әлгі отбасы қанша тұрса да, қабақ шытпайтын. Сонан да айлап-жылдап бала-шағасымен сол кісінің үйінде тұрған жігіттер мен қыздардың әлі күнге ол кісіге деген алғысы шексіз. «Ашаршылықта жеген құйқаның дәмі ауыздан кетпейді» деген осы.

      Көп жылдар «ЛЖ»-да басшы болған Сейдахмет аға ішкі мәдениеті өте жоғары адам еді. Артық-ауыс сөзді, олпы-солпы жүргеніңді қаламайтын. Сол кісіден біреуіміз ескерту алып қалмасын деп, шыр-пыр боп жүретін де Бибіхан апайымыз еді.

      – Сендер қызмет істейтін бұл редакция – мәдениеттің ордасы, кісілік пен кішілікті құрмет тұтатын, қазақы салт пен сананы қалыптастыратын орта. Сондықтан да сөзді бағып сөйлеңдер. Өйткені мұнда келетіндердің бәрі елдің тұлғалы азаматтары, – деп, қыз-жігіттердің даурыға сөйлеп, дарақы күлулеріне жол бермейтін. Кейде өз ескертпесін ұмытып, ескі әдетіне басып бара жатқандар болса, оған жұрттың көзінше ештеңе демесе де, көзімен ғана басқаға байқатпай, белгі беретін.

     Сүйсінерлік бір жайт, хат бөлімінің меңгерушісі болып істейтін Бибіхан апай ешқашан қол қусырып отырған емес. Нендей жұмыс болса да кірісіп кететін. Республиканың түкпір-түкпірінде жүрген меншікті тілшілерден күн сайын суыт материалдар қабылдау кезінде бұл шаруаға Бибіхан апайдан оңтайлы адам жоқ еді. Ол «бұл менің жұмысым емес, машинка басатын қыздар толып отыр ғой, солар қабылдап алсын» демей, құлағына телефон тұтқасын байлап алып, сағаттар бойы машинкамен материал алатын. Айтуға оңай болғанымен, бұл адамды діңкелетіп тастайтын шаруа еді. Олай дейтінім, ол кезде бүгінгідей компьютер жоқ әрі телефон байланысы да нашар. Ар жағындағы адамның даусы бірде естілсе, келесі сәтте қыжылдап, жүйкеңді жұқартатын. Содан да өзге машинка басатын қыздар жұмысты аса ұқсата бермейтін болу керек, осы мазасыз тірлікті апайдың өзі әу бастан-ақ өз мойнына артып алғаны анық. Әрине, телефонды құлағына байлап, сағаттар бойы сартылдатып машинка басудан апай да діңкелеп-ақ қалатын. Алайда жиі-жиі істемей қалатын байланыстың сол күні оңынан келгеніне қуанатын әрі нөмірге салынатын шұғыл материалдың қолға түскеніне риза болатын.

       Бір қарағанда мұңсыз адам сияқты көрінетін апайдың өзіне тән жазылмайтын жан жарасы бар деп кім ойлаған?! Бірде ол маған әңгіме үстінде өзінің бала сүйе алмағаны жайлы ойламаған жерден айтып қалды.

— Апай, балаларыңыз бар ғой, – деппін мен сасқанымнан.

     – Шүкір, бар. Қасекең (күйеуі Хасен ағаны айтады) екеуміз бас қосқанда, олардың бәрі кішкентай сәби еді. Аналары қайтыс болған, қамкөңіл балалар мені жатсынбады. Бауырыма басып, аналық мейірімімді төктім. Сөйтіп, бәрі аман-есен ержетті. Дегенмен әйел болған соң, сүйегің жарылып, бала туғанға не жетсін, – деді ол өзімен-өзі сөйлесіп отырғандай кейіппен. Ол кісіні қалай жұбатарымды білмей, мен дағдарып қалсам керек, соны байқаған ол баяу дауыспен әңгімесін одан әрі жалғап кетті.

    – Бәрі сұм соғыстың кесірі ғой. Ауылдағы ер-азамат түгелдей соғысқа аттанған. Осы тұста бар ауыртпалық қыз-келіншектер мен балаларға түсті. Жаз болса шөп шабамыз, қыста тоқыма тоқып, оны майданға аттандырамыз. Тіпті қара суықта дірдектеп, егіс басында жинап үлгере алмаған қызылшаны теру балалардың еншісінде болатын. Тоң боп қатып қалған қызылшаның жапырағын да сол егіс басында кесіп, оны арбаға тиеп бергенше тыным таппайтын едік. Мұндайда қолың да илікпей қатып қалады. Оны айтасың, қызылшаның жапырағын кескен кезде жұмыс тез біту үшін тап-тастай топыраққа жайғасып алып жұмыс істейміз. Жас кезімізде байқамаған екенбіз, зардабын кейін тарттық қой. Тартқаным сол – сол кездері бойыма сіңген суықтың кесірінен бала сүйе алмадым, – деді ол әңгімесін мұңая аяқтап.

      – Апай, қамықпаңыз. Мына редакцияда жүрген ұл-қыздың бәрі сіздің балаларыңыз емес пе? Бұлардың қайсысы болса да сізді өз анасындай көреді, – дедім мен тағы да тыныш отыра алмай.

      – Оның рас, мен де бәріңді өз баламдай көремін. Қабақтарыңнан мұң көрсем, жаным шырқырап кетеді, – деген ол одан әрі әңгіме желісін басқа жаққа аударып жіберген. Мен сонда ғана төрт құбыласы тең санайтын апайға қарап, апырай, бұл дүниеде мұңсыз адам болмайды екен-ау деген ойға келгенмін.

     Осы редакцияда қызмет істеген адамдардың бірде-бірімен жүз жыртысып көрмеген, қайта көмектесіп жіберуге құлшынып тұратын апайдың бұл қасиетін бізге дейін осы редакциядан түлеп ұшқан азаматтар да жақсы біледі екен. Бірде заманымыздың заңғар жазушысы Әбіш Кекілбаевтың менен Бибіхан апайдың хал-жағдайын сұрағаны бар. Мен де өз кезегімде ол кісінің ортамызда аман-есен жүргенін айтып едім, сол кезде Әбекең апайдың талай рет жақсылығын көргенін, көңілінің кеңдігін, нені болса да сатусыз көңілмен жасайтынын айта келіп: «Ол кісі бір ғажап адам ғой. «ЛЖ»-да қызмет істегендердің кішілерін баласындай, ересектерін бауырындай көрді. Нағыз «ЛЖ»-ның анасы ғой, анасы», – деді ол тамсана. Былай шыққаннан кейін ой елегіне салып көрсем, Әбіш аға дәл тауып айтыпты. Апай сол қасиетті орданы өз үйіндей көрді. Ешкімді өзегінен теппей, баршаны бауырына басты. Ендеше біздің балалығымызды да, шалалығымызды да көтере білген осындай өнегелі адамнан тәлім-тәрбие алған біз бақытты екенбіз.

Тегтер: