«Лениншіл жастың» жаңа легі

Биыл біздің сүйікті газетіміз, көптеген қазақ жастарының бағын ашқан басылым – «Жас Алаштың» ғасырлық мерейтойы.
Осы мерейтой қарсаңында жадымызда естеліктерді жаңғыртпақ ниеттеміз. «Жас Алаштың» ғасырлық мерейтойы қарсаңында біз де өз басымыздан өткерген, есімізде қалған дүниелерді қағаз бетіне түсіруді жөн санадық.
Буын байланысы
Алматыда қазақ жастарының мерейі тасып, қожайындығымыз да сезіле бастаған уақыт еді. 80-жылдардың ортасынан 90-жылдардың басына дейінгі аралықта «Лениншіл жастың» редакциясына жас қыз-жігіттер шоғырландық. Бәрімізде асқақ арман, зор ұмтылыс бар. Ал «Лениншіл жас» газеті сол жылдардағы абырой-беделі кемелінде тұрған, оқырманның жас-кәрісі қатар оқитын басылым еді. Біздің лек газеттің әлеуетін одан әрі арттыра түсті.
Газетті белгілі журналист Уәлихан Қалижан басқарып, Несіп Жүнісбаев, Өтеген Оралбаев, Қуаныш Жиенбаев, Нұрлытай Үркімбаева, Сапарбай Парманқұлов, Әділғазы Қайырбеков, Дүрәлі Дүйсебай, Қасым Әзімхан сияқты белгілі аға журналистер қызмет істеп отырған ұжымға Бауыржан Омаров, Төрехан Данияров, Әділбек Қабаев, Бейбіт Исабаев, Ғалымжан Мелдешов, Қайрат Әлімбеков, Қыдырбек Рысбек, Әнуарбек Әуелбеков, Құлтөлеу Мұқаш, Жолдасбек Дуанабаев, Дос Қапасов сияқты, ішінде біз де бармыз, бір лек болып келе қалдық. Аты аталған және аталмаған басқа да қыз-жігіттердің түрлі креативті идеялары бірден қолдау табатын. Бұл кезде газеттің таралымы 300 мың данадан асып, атағы аспандап тұрған. Дүрілдеген газеттің қарқынын түсірмеу біздің ең ұлы мақсатымыз болатын. Әрбіріміз бұрқыратып мақала жазып, жаңашылдықтарды игеруге талпынып жүреміз.
1991 жылы азғана уақыт ішінде «Лениншіл жас» газеті тарихи атауына оралып, «Жас Алаш» газеті болып өзгерді. Осы жолға тәуекел еткен Уәлихан ағамыз газет беделін ортайтпай, жас буынға шығармашылық еркіндік беріп, жаңа бастамаларды әрдайым қолдап отырды.
Біздер, біздер...
Мен «Жас Алаштағы» жұмысымды секретариаттан бастадым. Редакцияның ішінде қалыптасқан дәстүр бар: таңертең жұмысқа келген әріптестеріміздің барлығы алдымен секретариатқа бас сұғатын. Өйткені біздің бөлімде газетке басылатын мақалалар болады. Оны жоспарлап, ретімен ұсынып отыру – біздің жұмысымыз. Әріптестеріміз мақаласының қашан басылатынын білуге құштар. Республиканың түкпір-түкпірінен келіп, бөлімдерде іріктелген, өңделген хаттарды газет бетіне жариялауға жоспарлайтынбыз. Материалдар кезекте тұрады, газетке шығаруды реттеп отыратын секретариат еді. Мен жұмысқа келген кезде газеттің жауапты хатшысы Жарылқап Бейсенбаев, оның жанында орынбасары Ертай Айғалиев және Әнуар Тарақов қызмет істеді. Олар жаңашылдықты, креативті идеяларды жақсы көретін, әрдайым қолдайтын.
«Лениншіл жастың» аймақтағы тілшілері де «сен тұр, мен атайын» дейтін азаматтар еді. Қайнар Олжай, Самат Ибрайымов, Ертай Бекқұлов, Мұхтар Наушабаев, Әмір Оралбай және тағы басқа собкорлардың материалдары дүркін-дүркін жарияланып жататын.
Біз сол кезде Мәскеудегі, басқа да елдердегі газеттердің макетін, дизайнын қарап, «Лениншіл жастың» макетін өзгерттік. Ол кезде «макет» деп атаймыз, бүгінгіше айтсақ «дизайны». Алғашында жаңа макетті ұнатпағандар көп болды, уақыт өте келе бұл жаңашылдық та қабылданып еді.
Бұрынғы газетте мақалалар арасында бос орындар қалмайтын. Газет тілінде бос орындарды «воздух» дейді, біз сондай бос орындар қалдырып, басылымның тынысын ашқандай болдық. Бақтыбек Сия деген суретші ортамызды толтырып, жаңаша бағытымызды нықтай түстік. Тақырыптарды қолмен жазғызып, суреттерді, штрихтарды көбейттік. Сонымен қатар бір бетке көлдей мақала бермеуге тырыстық, есесіне бірнеше мақала ұсынып, жалғасын келесі беттерге орналастырып, цитаталар мен шрифтерді құбылтуға мән бердік.
Секретариаттың жанында Бағдат деген атамыз болды. Соғысқа қатысқан кісі еді, газетке басылатын суреттерге ретушь жасаумен айналысатын. Ол кезде фото өңдейтін компьютерлік бағдарламалар жоқ, келген суреттер газетке басуға жарамайды. Ол кісі газетке жақсы көрінетіндей етіп суреттерді өңдейтін. Қазір бұл іспен айналысатын кісілерді «реставратор» дейді, біз «ретушер» дейтінбіз. Ретушер атамыздың әңгімелері қызық, жастар қолымыз қалт етсе жанына үймелеп шүйіркелесіп отырамыз. Өзі соғыс көрген, жас күнінде жетімдіктің де дәмін татқан тағдырлы кісі.
Сол кезде «Лениншіл жастың» аты аңызға айналған фотокоры (фототілші) Рахымбай Ханалымен бірге жұмыс істеудің өзі бір ғанибет еді. Өзі фототілші ғана болса да, ұйымдастыруға, іс басқаруға пысық азамат болды. Өмірден өтіп кетті. Ретушер де, фотокорр да секретариат жанында отыратын. Рахымбай Ханалының пысықтығы өз алдына, ол туралы әңгімелерді таңды таңға ұрып отырып айтуға болады. Аузын ашса жүрегі көрінетін, пейілі аппақ, қайталанбас азаматтардың бірі еді.
Біздің жұмыстан бос уақыттағы ермегіміз нарды ойнау болатын. Көбіне жұмыс басталардан біраз уақыт ерте келіп, нарды ойнауға кірісетінбіз. Марқұм Қайрат Әлімбеков, Ерғали Сағат ағамыз және тағы басқа бірнеше жігіттер бар, нардының қызығына кірісетінбіз. Сол кезде Бекен Нұрахметов құлшынып келіп:
– Қазір бәріңді жеймін, – деп ойынның көркін қыздыра түсетін.
Содан жұмыс уақыты басталғанша амандық сұрасып, әңгіме айтып, нарды ойнап, әрі қарай газеттің қарбалас шаруасына кірісіп кететінбіз. Секретариат – «ЛенЖастың» жүрегі еді.
Апта соңына қарай бірнеше газеттен волейбол командалары келіп, Жібек жолы, 50 ғимаратының астындағы спортзалда жарыс ұйымдастыратынбыз. «Өркен-Горизонт» газетінен марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы бастаған, «Арай-Заря» журналынан Әшірбек Көпішев бастаған, Олег Никоновтың артынан ерген «Ленинская сменаның» журналистері келіп, ол қатарды «Лениншіл жастың» журналистері толтырып, чемпиондықты бәске салатынбыз. Біздің командамыз жүлделі орындардан жиі көрініп тұратын.
«Лениншіл жас» редакциясында жастар көп болғандықтан, жұмыс та қызу жүретін, энергия сезіліп тұратын. Міндетті газеттен бөлек, жиі-жиі қабырға газетін шығарып тұрушы едік. Жолдас жігіттердің, құрбы-құрдас, әріптестердің шаңырағындағы қуаныштарды бөлісіп, жұмыс барысындағы қызықты оқиғаларды жариялайтынбыз. Қабырға газетінің өз алдына редколлегиясы болды. Бауыржан Омаров жазған сықақ өлеңдер мен Бақтыбек Сия салған суреттер өзара үйлесе кетіп, оқыған адамды еріксіз жымитатын.
Газеттің сапалы шығуы, оқырман тарапынан қолдау табуы – ұжымдық жұмыстың жемісі. Басылымның ғасырлық мерейтойы қарсаңында «Лениншіл жасқа» еңбегі сіңген азаматтардың барлығы айтылуы керек. Еліміздің әр тұсынан ағылып келіп жататын хаттарға (хат бөлімі) жауап беріп, қажетін іріктеп беретін Сәлима, Бүбіхан апайларымызды, корбюродағы Айкен, Бағдат апайларымызды, Алтынайларды ұмытқан жоқпыз.
Ол тұста заманауи компьютер мен принтер деген түсімізге кірмейтін. Терілген әріптер темірге басылып, верстка қолмен жасалатын. Бұл машақаттың барлығын қыңқ демей көтеретін өз ісінің шебері Валентин деген азамат еді. Бүгінгілер темірден верстка жасау дегеннің не екенін көз алдына елестете алмайды, тіпті. Біз сүйікті газетіміздің дамуына үлес қосқан әрбір азаматқа ризашылық білдіреміз!
«Ырғақ» иірімдері
Газетте жаңа рубрикаға деген құлшыныс артты. Бұл жұмысқа да белсене араластық. Әділбек Қаба «Лениншіл жас» газетінің қосымшасы – «Мыңнан бір мезетті», мен ән-күйге, эстрадаға арналған «Ырғақ» қосымшасын шығардым. Бұл қатарда Ғалымжан Мелдешовтің «Жібек жолы» қосымшасы да бар. Бұдан бөлек, Дүрәлі Дүйсебаевтың «Сергектік», Жарылқасын Дәулетовтің «Сүзеген сөз» қосымшалары да шығып тұрды. Қосымша газеттердің де оқырманы жиналып, тез танылды.
Мен «Ырғақ» қосымшасына ден қойған кезде әртүрлі жаңалықтар қолдануға тырыстым. Әсіресе «Хит-парад» жобасы ән өнеріндегі талантты кісілердің көз қуанышына айналды. Сол уақыттарда қазақ ән өнерінің аспанындағы жарық жұлдыздары «Лениншіл жас» газетінің «Ырғақ» қосымшасындағы «Хит-парадта» көш бастағанын халықаралық фестивальда жүлделі болғаннан кем көрмейтін-ді. Бұл-дағы басылымның өз дәуіріндегі абырой-беделінің айқын көрінісі. Роза Рымбаева, Марат Омаров, Қыдырәлі Болманов, Нұрлан Өнербаев, Секен Тұрысбеков сияқты өнерпаздар «Ырғақтың» бетінен жиі көрінуші еді. Кейін газетке жазылу науқанындағы насихат жұмыстарында да әртістер журналистермен қатар жүріп, өнер көрсететін. Олардың өнердегі жетістігіне, елге танымал болуына «Ырғақтың» қосқан үлесі бар десек, артық кетпеспіз.
«Ырғақ» қосымшасының айналасына әртістер жинала келе, түрлі шаралар өткізе бастадық. Соның бірі – Алматы қаласындағы Орталық стадионда өткен әншілер құрамасы мен «Қайрат» футбол клубы ардагерлерінің арасындағы ойын. Ойынға сол кезде елімізге кең танылған әртістер қатысып, қызық шоу өткен-ді. Бұл ойынды орталық телевизия түсіріп, эфирден көрсеткені де көптің есінде болар.
Осы киелі шаңырақтың айналасындағы қаламының қуаты бар қыз-жігіттерінің жерде қалғаны жоқ. Өйткені біздің газетіміз жастарды еңбекке баулыды, білімін ұштады, азаматтық болмысын қалыптастырды.
Атышулы 90-жылдардың қиындығы біздің ұжымды да айналып өткен жоқ. Бұрқыратып мақала жазып, ел-жұрттың жанайқайын жазатын журналистердің дастарханы жүдеп, өздері уайымға түсе бастады. Бұл уақыт ешкімге оңай соқпағаны анық. Дегенмен жасалаштықтар қиындықтарға беріле қоймады.
Сол уақытта «Жас Алаш» жарнама агенттігі ашылып, соның директоры болдым да, қазақ газеттері арасында тұңғыш рет жарнама беруге ден қойдық. Елде жеке кәсіптің дүмпуі өз күшінде тұрған уақыт. Әр аймақтан зауыт ашқан, корпорация құрған, фирма мен компания жүйелеген азаматтардың төбесі көріне бастады. Сәйкесінше, нарықтық бәсекені жеңіп шығу үшін жарнама тәсілдеріне қызығушылық танытқандар байқалды. Сол тұста «Жас Алашқа» бет-бет жарнама беріле бастады. Жарнамадан шошып жатырқаған кей кісілердің күңкілі де құлағымызға жетіп жататын. Оған мән беруге уақыт та, шама да жоқ еді. Есесіне ұжым қызметкерлеріне бартерлік жарнамадан келген жиһаз, азық-түлік және қаржылай көмек бердік. Бұл әрекетіміз газеттің журналистер көңіл күйіне байланысты деңгейін төмендетіп алмай, дами түсуіне ерекше ықпал етті.
«Жас Алашта» басталған жарнама беру бастамасын біраз уақыт өткізіп барып, басқа да қазақ газеттері қолға ала бастады. Міне, бұл қазақ баспасөзіндегі жарнама үрдісінің басталған тұсы.
Газет ұжымы жас жағынан біркелкі азаматтардан тұрғандықтан, жұмысымыз іш пыстырмайтын, есесіне қызық болатын. Волейбол, футбол, үстел теннисі, шахмат сияқты ойындарды ойнап жүріп, басылымның бүкіл шаруасын тындырушы едік. Алматы төңірегіндегі керемет табиғатпен қатар тыныстауды да ұмыт қалдырмадық. Жас адамның энергиясы бір-біріне берілетіні рас-ау, сірә. Жұмыстан кейін де, тіпті демалыс күндері де бас қосып, жұмыс жайын талқылап, көңіл көтеріп жүретінбіз.
Бүгінде осы керемет кезең бір жарқ етіп ғайып болған сағым секілді көрінеді. Бірақ бұл – ешкім өзгерте алмайтын тарих. Бұл – «Жас Алаштың» алтын дәуірі. Біз, «Лениншіл жастың» соңғы, «Жас Алаштың» алғашқы ұжымы, сол күндерді сағынышпен еске аламыз. Сүйікті газетіміздің 100 жылдық мерейтойына бек қуаныштымыз. Басылымның өміршең, қуаты мол, беделі асқақ болуына тілекшіміз.