Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
06:21, 21 Наурыз 2024

«Лениншіл жас», Сейдахмет Бердіқұлов және жасырынған Наурыз

газеты
Фото: из открытых источников

Сейдахмет Бердіқұловтың «Жас Алашты» басқарған кезіне қатысты аңыз, әңгіме өте көп. Оның барлығы да Сейдағаңның мінезіне, турашылдығына барып тіреледі. Соның бірі – Кеңес өкіметі саясатының қылышынан қан тамып тұрған тұста Наурыз мерекесін көксеуі.

Алғашқы емеурін

Былтыр Наурыз мерекесі қарсаңында «Айқын» газетінде жазушы-журналист Жанат Елшібектің сұхбаты жарық көрді. Сұхбат негізінен бір тақырыпқа арналған. Ол – «Жас Алаштың», нақтырақ айтқанда, Сейдахмет Бердіқұловтың Кеңес өкіметі кезінде Наурыз мерекесіне емеурін білдіруі. Сол күндердің естелігінен біршама үзінді келтірелік те, «Жас Алаштың» архивіне сапарлап көрейік. Жанат Елшібек былай дейді:

«1970 жылдың аяғында редакторымыз Шерхан Мұртаза «Жалын» журналына қызмет ауыстырып, оның орнына бізге «Қазақстан пионері» газетінен Сейдахмет Бердіқұлов редактор болып келді. Сейдағаң келе сала газеттің мазмұнына, макетіне жоғары талап қойды. Бірде әңгіме арасында жылт еткізіп, бір идеяның ұшын шығарды. «Жолдастар, біз осы Наурыз мерекесін айқайлатып, бояулатып шығара алмай жүрміз. Бұл мереке халықтың жадынан кетіп бара жатыр. Алдағы уақытта осыны газеттің бетіне шығаруымыз керек» деп қалды. Іле-шала арнайы шығармашылық комиссия құрылып, «Көктем нөмірінің» шикі жоспары жасалды. Бұл нөмірге барынша мазмұнды материалдар берумен бірге оны полиграфиялық безендіруге көңіл бөлінді.

...Сейдағаң редакторлыққа келген 3-4 айдың ішінде идеясын өзі айтып жүрген айтулы нөмір баспадан шықты. Ә дегеннен оқырман редакцияға газетті сұрап келіп жатты. Олардың барлығы киоскідегі газеттердің түгел сатылып кеткенін айтып жатты. Ал қолы жетіп, киоскіден газетті алып үлгергендер бұл нөмірден еркіндікті байқады. Шынын айтқанда, осыдан 52 жыл бұрын баспадан шыққан бұл нөмір сол заманның сенсациясы болды. Оқырман негізгі тақырып көктем, табиғаттың оянуының арғы жағында көптен арман болған Наурыз жатқанын байқады. Тіпті апта бойы оқырманнан хат ағылып келіп жатты. Бірінші бетке «Ей, менің қиын өткелім!» деп аталатын өлеңі жарияланған Мұқағали Мақатаевтың өзі редакцияға соғып, газеттің бір данасын алып кетті. Сол жолы ақын ағамыз Ұлыс күнінің хабаршысындай болған нөмірдің шыққанына қуанып, ризашылығын білдірді. Әрине, қазіргі маңдайшасынан «Ұлыс оң болсын!» деп беріп, ою-өрнекпен безендіретін газеттермен салыстырып қарасаңыз, біздің әзірлеген газетіміздің безендірілуі кемшін түсуі мүмкін. Ол кезде мұны бәрі үлкен оқиға ретінде қабылдап, оны «Көктем нөмірі» деп кетті. Бұл редактордың мұқият ойластырған тәсілі болды. Тоталитарлық жүйе күшінде тұрған шақта «Ұлыс оң болсын!» дегенді айта алмады».

Мұқағалидың сонда жарияланған «Ей, менің қиын өткелім» өлеңіне назар аударайықшы.

«Қашанда көктем келгенде,

Тұрасың көктеп сен – менде,

Жарылмай жатқан жауқазын,

Тулайды менің кеудемде,

Көктемді мынау көргенде,

Қабірімді қақ жарып, шығарсың сен...

Ей, менің қиын өткелім!» –

деген жолдар да әлдебір сырды аңғартатындай, әлдебір жұмбақты жасыратындай.

Міне, Сейдағаң осындай ерлікке барыпты. Мұның салдары да оңай болмапты. Ол туралы сәл кейінірек. Енді архивке үңілейік...

«Наурыз нақыштарының» ішінде не бар?

Сейдахмет Бердіқұловтан бұрын редактор орнында Шерхан Мұртаза болды. Шерағаң тұсында да әлдеқандай қадам болмады ма екен деп, 1969-1970 жылдарға назар аударып көрдік. Бірақ Наурызға қатысты ештеңе жоқ. Алайда дәл сол тұстарда, яғни наурыз айының орта шенінен басталатын нөмірлерде ұлттық киім киген жастардың фотолары жиі беріліпті. Олардың бәрі өнерпаздар үйірмесінің мүшелері деп берілген. Бәлкім, ұлттық нақышпен бедерленген киім арқылы да әлдене дегісі келген шығар. Бұл біздің болжам ғана. Ал біздің іздегеніміз – Наурыз деген сөз. Айта кету керек, ол кездегі ай аттары орысша аталады.

1971 жылғы нөмір Жанат Елшібектің естелігімен жоғарыда айтылды. Одан кейінгі нөмірлер біршама тыныш тауыпты.

1985 жыл. 22 наурыз күнгі нөмір. Редактор – әлі де Сейдахмет Бердіқұлов. Газет айрықша сәнденіп шыққан. Газеттің 1-беті мен 4-беті жасыл түспен безендірілген. Себебі нөмір көктем күніне арналған. Газеттің бірінші бетінде «Көктем келді кең байтақ Қазақстанға» деген мәтін үлкен әріппен берілген. Көзге бірден түсетіні – иллюстрация. Алғы шепте – тұмсығымен әлдебір гүл тістеген қарлығаш. Одан соң қала бедері. Қала бедерінен сәл алыс – киіз үй. Сурет жанында Абайдың «Жазғытұры» өлеңі. Беттің қалған бөлігінде совхоз, колхоз, бригада жетістіктері. Газеттің жоғары жағында: «Жастар және көктем. Бұл – уақыт пен табиғаттың жастық шағы. Туған жерді ерен еңбек, құрыш қайрат жалын жігермен түлеткен ЖАСТЫҚ көктемді еңбек ендіктерінде, береке байлықтарында қарсы алды. Өйткені бұл – қорытындылаушы жылдың көктемі» деп жазылған.

Газеттің төртінші беті. Біз іздеген сөз, біз іздеген мәтін осы бетте жарқырап шыға келді. Беттің жоғары жағында үлкен әріптермен «Наурыз нақыштары» деп жазылыпты. Дегенмен бұл бетте Наурыз мерекесіне қатысты ештеңе жоқ боп шықты. «365 тәуліктің бір күні» айдарында «Бозала таң», «Сәске», «Талтүс», «Екінді», «Бесін» «Ымырт» атауымен еңбекші жастар өмірінен очерктер берілген. «Ымырттың» соңғы жағы былай аяқталады:

«Бірі бозалаң таңнан басталған еңбек сапарын аяқтап жатса, екіншісі келер күнге – кемел күнге қарай қадам басты. Бұл екеуін де үндестірген бүгінгі уақыт – наурыз еді. Бүгін мен ертең осылайша бір-бірімен тіл қатысты».

Міне, осы жерде біршама емеурін бар. «Екі уақытты үндестірген наурыз» деуі күн мен түннің теңелуін, Наурыз мерекесі екенін көзі ашық адамға айқын аңғартып тұр. Келесі жылға өтелік.

1986 жыл. 22 наурыз күнгі нөмір. Өткен жылғыдай, жасыл түспен безендірілген нөмір. Бірінші бетте «Бұл – бетбұрыс бесжылдығының бірінші көктемі» мәтіні үлкен әріппен берілген. Беттің бір қапталында «65 жасар жас газет» атауымен мақала берілген. Иә, бұл күн – «Лениншіл жастың» туған күні. Мақалада 1921 жылы газеттің қалай шыққаны мен сол күнгі газеттің қалай шыққаны жөнінде әңгімелейді.

4-бет тағы бір үміт ұялатты. Себебі «Наурыздың аппақ бояуы» деген тақырып бар. Дегенмен бұл КПСС-ның әлдебір съезі жөнінде табақтай очерк боп шықты. Келесі нөмірлерде Наурыз мейрамы өтті дегендей әңгімелер байқалмайды.

1987 жылы 22 наурызда газет шықпаған. №59 нөмір 21 наурызда, №60 24 наурызда бір-ақ шығыпты. Алдыңғы-кейінгі нөмірлерде Наурыз жөнінде де, көктем жөнінде де мақалалар жоқ. Бәлкім, бұл редакторға байланысты болды ма?! Себебі бұл жылдан бастап редактор Уәлихан Қалижан болатын.

1988 жылғы 22 наурыз күнгі нөмір де солай. Жасыл түспен безендіру де жоқ. Кезекті нөмір секілді өте шыққан.

Дегенмен біз күткен тақырыптың елесі кешіктіріліп болса да берілген. 25 наурыз күнгі нөмір. Газет жасыл түспен боялған. Басты тақырып – «Жаңарудың тағы бір көктемі». Бірінші беттегі «Наурыз нақыштары» тақырыбы менмұндалап тұр. Бірақ онда Қызылорда облысының көктемгі егіске әзірлігі жөнінде жазыпты. Нөмірдің бас жағында «Жазғытұры» өлеңінен үзінді берілген. Төменде ақын Есләм Зікібаевтың бейбітшілік жөнінде мақаласы берілген.

Келесі беттегі «Наурыз нақыштары» тақырыбымен берілген мақалада шопан, кірпіш құюшы, пойыз жолсерігі секілді еңбекші жастар жөнінде жазыпты. 4-бетте жас ақындардың көктем туралы өлеңдері берілген. Жас ақындардың көпшілігі – әуесқой ақындар. Яғни еңбекші жастардың балауса жырлары.

Бір бетте отыз бір наурыз

1991 жыл. 22 наурыз. Тәуелсіздік жарияланбаған кез. Нөмірдің басты тақырыбы – «Газетің 70 жаста». Иә, бұл күн – «Жас Алаштың» туған күні. Бірінші бетте құттықтау жеделхаттары мен бас редактор Уәлихан Қалижановтың мақаласы берілген.

Ішкі беттерде қос қапталда газеттің бұрынғы редакторларының жазбалары мен естеліктері берілген. Көз салып отырмыз. Ежіктеп отырмыз. Міне! Табылды! Сейдахмет Бердіқұловтың жазбасы. Үзінді келтірелік:

«...Соры – албырттықтың пырағының бота тірсегін шідерлеу, ауыздықтау. Оның мысалдары бір редактордың тұсында мың-сан. Бәрін айтып қайтейін. Біреуі де – сүйіктіміздің, сүйкімдіміздің дүниеге келген наурыздың жиырма екінші жұлдызы төңірегіндегі келеңсіздік те жетер. Наурыздың 22-күні газеттің кезекті саны «Көктем номері» деген жасыл жамылғымен шығар еді. Асып кетсе сағат он мен он бірдің арасында редактор «үлкен үйге» салмақ категориясы әлдеқайда басым әміршіге бара жатады. Бұл әр жылдың пешенесі. Ежірейген көз, найзадай кезелген сұқ саусақ: «Саған наурыз деген пәлені құрт деп қашанғы қақсаймыз... Өріп жүрген наурыз... Бір бетте отыз бірі жүр андағайлап... (Ой тоба, ерінбей-жалықпай кім санап берген. Бөлімде газеттерді қарайтын «Лениншіл жастың» 3 патриоты бар. Олар бола қоймас...)

– Мына Совет одағында шығатын Москваның сандалкөктері Орта Азиядағы наурыз мерекесін айшықтап айтыпты, – деп жауған оқтың сиреген сәтінде «Правда», «Известия», «Комсомолка», қыл аяғы «Гудоктың» қиындыларын тәптіштеп алдына қоямын. Шүйіле қарап, ысыра салады.

– Келесі жылы біз мұнда, сен онда отырсаң, төрт беттен наурыз деген бір сөз тапсақ, тағдырыңның талқан тамызығы шығады...

Келесі жылы ол онда, мен мұнда – тапжылмаймыз. Жасыл бояуға малынып «Көктем номері», шындығы «Наурыз номері» тағы шығады. Бұл жолы «Қазақ әдебиеті» де наурызды айтып қалады. Білікті әдебиетші Рахманқұл Бердібаев секілділер көршілерде наурыз тойы бар, біз де салтқа айналдырайық деп жар салады...

Ал осыны сор демегенде, маңдайы кереқарыс ырыс дермісің. Бүгінгі тіл күрмелмейтін күндерге килікпегенім-ай деп жер тарписың. Келе жатқан шау тірліктің білдіртпей алар белгісінің бірі ме, әлде...»

Міне, Сейдахмет Бердіқұловтың өзі жазған естелік осындай. Осы алақандай ғана естелікте бәрі тұр. Нөмірдің ішкі беттерінде мерейтойлық мақалалар тұтастай жарияланған. Соның ішінде тағы бір естелік назар аудартты. Газеттің бұрынғы қызметкері Ертай Айғалиұлының «Мұны ерлік демей көр» мақаласы біздің тақырыпты қаузапты. Былай дейді:

«...Кеңес өкіметі жылдары кезінде халқымыз біраз салт-дәстүрін, әдет-ғұрыптарын, дінін жоғалтқанын, тіпті ана тілінен айырыла жаздағанын айтып та, жазып та жүрміз... Әрине, барлық жерде бірдей ата-бабамыздың үлкенді сыйлау, имандылық, ибалық тәрізді қасиеттері жойылды деп айту әбестік болар. Міне, осындай бір қазақтың игі дәстүрлері сақталған «аралшықтардың» бірі – өзіміздің «Лениншіл жас» еді десек қателеспейміз.

Тоқырау жылдарындағы «Лениншіл жастың» тігінділерін ақтарсаңыз, наурыздың 22-сіндегі нөмірі жылма-жыл жасыл түспен шыққанын байқар едіңіз. Яғни, бұл журналистік тілмен айтсақ, мерекелік арнаулы нөмір деген сөз. Газеттің қалың оқырманы білетін болар: осы аталмыш күн газеттің туған күні. Бір жағынан бұл нөмір «Көктем нөмірі» деп аталады.

«Көктем нөмірі» деген сөздің астарында үлкен сыр жатыр. 1926 жылы соңғы рет тойланған ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі 60 жылдан астам уақыттан бері ұмыт қалғанын біз қазір күйінішпен еске аламыз. «Діни мейрам» деп Наурыз мерекесін тарихтың бетінен бір жола өшіріп тастауға тырысқан озбырлардың дегені жүзеге аспады. Шындықтың алмас қылышы құлып салған қара сандықты сындырып, әрісі мың жылдан бері тойланып келе жатқан ұлыстың ұлы күні – Наурызды халқымен қайта қауыштырды.

Наурыз мейрамы түгіл «наурызкөже» деген сөзді ауызға алған жан ит жеккенге немесе алыс сапарға аттандырылатынын біз кейін естідік. Ұзақ жылдар бойы «Лениншіл жас» коллективін басқарған, қазір белгілі жазушы-журналист Сейдахмет Бердіқұлов ағамыздың Көктем нөмірінде «наурызкөже» деген сөздің бір мақаланың ішінде атап кеткені үшін Орталық комитеттен ескерту алғанын естігінде ішімізден тынғанымыз бар. Бірақ осындай алысты болжағыш ағалардың арқасында «Көктем нөмірін» шығаруды тоқтатқан жоқпыз. Қараңғыда көрінген үміт шырағы тәріздес Наурыз мейрамын халқына жыл сайын жасырын түрде табыстырып келген «Лениншіл жастың» бұл әрекетін ерлік демей көріңіз...»

Сол жылдың 26 наурыз күнгі нөмірі. Жол ашық. Енді Наурыз туралы еркін көсілуге, нөмірді тұтастай арнауға болады. Солай еткен де. Газеттің бірінші бетінде «Мейрам нақыштары» деген атаумен үлкен фото берілген. Фотода фонда «Наурыз» деген сөз бар. Фото мәтінінде Алматыдағы №161 «Әлия» балабақшасының Наурыз мерекесін атап өткені жазылған.

Ішкі бетте Алматыда өткен Наурыз мерекесінің көріністері берілген. Сол Наурызда Мұхтар Шаханов былай депті: «Ырысы мен соры, биігі мен аласасы итжығыс түсіп жатқан қазақтың апайтөс даласы Наурыз мерекесін төртінші рет тойлағалы отыр. Бұл тек қана қазақ халқына емес, Қазақстандағы бүкіл халықтардың мәдениетіне жаңа бір кең тыныс әкелді. Енді «Табиғатпен үндесу» айлығын өткізбекпіз. Көшелерді, саябақтарды көгалдандыру, яғни экологияға деген игі қадам көпшіліктің қолдауына ие болады ғой деп сенемін».

Одан кейінгі жылдарда Наурыз мерекесіне қатысты мақалалар молая түскен. Әлбетте, алдымыз – Тәуелсіздік. Дегенмен Наурызға қатысты сол алғашқы мақалаларда біраз танымды дүниелер бар екенін, олардың мейлінше құнды екенін айта кетелік.

Міне, Сейдахмет Бердіқұловтың «Көктем нөмірі» осылай басталған, осылайша Наурызға жалғасқан. Наурыз мерекесі – Ұлыстың ұлы күні құтты болсын!

Асылан ТІЛЕГЕН