Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
17:00, 10 Ақпан 2024

Леонардо да Винчидің «Джокондасы» неге күлмеді?

Джаконда
Фото: из открытых источников

Елисей алқабын Бодлер гүлдері жапты –Зұлымдық гүлдері...Эйфель оттарын жақты –Джоконда күлмеді. Ерлан Жүніс

 

 

Лиза дель «Джоконда
Лиза дель «Джоконда 1503-1519

2024 жыл босағадан аттар-аттамастан адамзат тарихындағы ең ұлы саналатын картинаға қиянат жасалғаны туралы суық хабар қаулап кетті. Эко белсенділер Парижде Леонардо да Винчидің «Мона Лизасына» («Джоконда») сорпа шашқан.

Кенеп брондалған шыны астында сақталғанын айдан анық білетін екі әйел бұл жест арқылы картинаны бүлдіруді емес, экологиялық мәселелерге назар аудартуды көздеген. Тұра қап лозунг айта бастаған бұларды мұражайға келушілердің кейбірі де қолдарын көтеріп қолдай жөнелген.

Белсенділер әлеуметтік және климаттық өзгерістерге қарсы азаматтық қарсылық науқаны басталғанын жариялап, да Винчидің картинасына жасалған вандал әрекеттің тек оның бастамасы екенін де ескерткен екен.

Джоконда
«Джокондаға» қатысты вандал әрекет таспаларынан скриншот

Десе де осыған дейін Лондондағы Ұлттық галереяда испан суретшісі Диего Веласкестің «Айна алдындағы Венера» картинасының қорғаныш әйнегін сындырған кезде де аталған оқиға хақында мақала жариялаған болатынбыз.

Жалпы, ұқсас оқиғалар бірінен соң бірі болып жатқан шақта Луврдың «Джоконданы» қорғай алмай қалғаны таңданарлық жайт. Өйткені олар «Мона Лизаны» «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» ұстаушы еді үнемі.

2019-да мыңжылдықта бір болатын көрмеге де қойылмайды деген сөз тараған еді. Ол кезде де Винчидің өмірден өткеніне 500 жыл толуына орай үлкен экспозиция дайындалған.

Сол уақытта «Луврдың директоры Жан-Люк Мартинес 515 жылдық тарихы бар құнды өнер туындысына «түзетілмейтін зақым келтірілуі мүмкін» деген оймен «Мона Лизаны» ешқайда жібермейді» деп шулаған еді басылымдар. Мұражай тәртібіне сай, «Джоконда» тіпті өзі қойылған залдан да шығарылмайды екен.

«Мона Лиза» Луврда ғана сақталып келеді. ХХ ғасырдың басында сурет 2 жылдай ұрланған картиналар тізімінде болды. Кейін Италиядан табылғаннан соң, 1914 жылы Луврге қайта оралды. Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ол Франция аумағындағы түрлі мұражайларда сақталған, бірақ сол кезеңдегі оның тұрағы болған көрмелер туралы нақты ақпарат жоқ. 1963 жылы «Мона Лиза» Вашингтонда және Нью-Йоркте қойылды. Соңғы рет сурет 1974 жылы Токиода және Мәскеуде өткен көрмелерге жіберілген. Содан бері «Джоконда» Луврдан ұзап шықпады. Бұл да Винчидің ең атақты туындысы.

Картинада бейнеленген бикеш флоренциялық жібек және мата саудагерінің әйелі Лиза дель Джоконда саналды. Алайда оны кім екеніне қатысты болжамның шеті мен шегі жоқ. Біреу бұл суретшінің анасы десе, енді бірі Леонардо да Винчидің өзі, яғни автопортреті дегенге сенеді. Тіпті оның шәкірті Салай бейнеленген дейтіндер де бар.

Суреттегі ең мистикалық деталь – кейіпкердің жымиысы. Дәлірек айтқанда, не күлімсіреп, не мұңайып тұрғаны белгісіз болуы.

Теофил Готьеге дейін өнертанушылар Джоконданың жұмбақ күлкісінен еш сыр көрмеген. Мысалы, Васари Мона Лизаның күлкісін тек «жағымды» деп қана атап өткен. Готье Джоконданың күлкісін ғашық болу қауіпті, бірақ ғашық болмау мүмкін емес әйел типажына тән екенін айтқан. Готье былай деп жазды: «Джоконда! Бұл Леонардоның суретінен соншалықты жұмбақ күлімсіреп қарайтын сұлулық сфинксін бірден еске түсіреді... Бұл елестің арбауына түсу қауіпті... Оның күлкісі беймәлім ләззаттарды уәде етеді, бұл сондай тәңіри ирония... Егер Дон Жуан Джоконданы кездестірсе, ол өзінің қақпанына түскен үш мың әйелдің болмысын таныр еді...»

Өнертанушы Ротенберг: «Бүкіл әлемдік өнерде мінез бен интеллект тоғысындағы адам болмысын таныту күші жағынан Мона Лизаға тең келетін портреттер аз. Бұл Леонардо портретінің ерекше интеллектуалды заряды оны кваттросентоның портреттік бейнелерінен ерекшелендіреді. Оның бұл қасиеті анағұрлым өткір түрде сезіледі, өйткені ол әйел портреті...» деп жазған.

Алайда жұрттың бәрі Мона Лизаның құдіретіне сене бермейді. Көптеген адамдар картинада шифрланған құпия кодтардың бар екені туралы дауласады: артындағы ерекше пейзаж, қыздың жүкті болуы немесе сол және оң көздерде жақында табылған «S» және «L» әріптері. Бұл әдетте Салай мен Леонардо есімдерінің бас әріптері деп есептеледі.

Әрине, портрет туралы барлық болжамдар жай ғана ойдан шығарылған деп есептейтін скептиктер саны да аз емес. Ол жай ғана көп ақша табу үшін көпестің әйелін бейнелеген дейді екен. Ал егер солай болса, неге автор жұмысты аяқтай салысымен кейіпкердің күйеуіне сатып жібермеді? Неліктен оны сақтап қалды және өмірінің соңына дейін өңдеумен болды. Ол бірнеше сағат бойы бір кенепке қараймын деп ақыры зорығып, есінен танып қалатын.

Картина Луврдан 1911 жылы тамыз айында ұрланды. Екі жылдан кейін Флоренциядан тапқан. Ұры бар болғаны әділеттілік орнағанын қалайтынын айтып, өзін ақтамақ болады. Оның ойынша, Наполеон ұрлап кеткен шедевр туындыны Италияға қайтару қылмысқа баланбауы тиіс екен.

Винченцо Перуджиа есімді суретші 1911 жылы картинаны ұрлағаннан кейін, Париж полицейлері оған іздеу салып «Джоконданың» 6,5 мың суретін түрлі газеттер мен журналдарға басып шығарады. Осы оқиғадан соң қазір аса құнды туынды ретінде бағаланатын картина туралы ақпарат тек интеллигенттер ортасына ғана мәлім еді.

Бір қызығы, полицейлер бұған күдікті ретінде бірден Пабло Пикассоға шыққан. Одан бірнеше мәрте жауап алған. Пикассо айтарлықтай сескеніп, осыған дейін ұрлаған бірнеше мүсінін өткізіп жібермек болады.

Осындай ғаламшарды дүрліктірген оқиғадан кейін «Джоконда» жұлдызға айналды, десе де Париждің Лувры – тек сурет өнері тарихындағы болмысы жұмбақ бикештің ғана емес, шебердің көптеген шедеврлерінің тұрақты мекені. Олардың қатарында Милан герцогының сүйіктісі Лукреция Кривелли бейнеленген «Сұлу ферроньера» (1490-1497), көптеген зерттеушілер суреттегі қимыл-қозғалысы мен жүзіндегі мысқылдың ізін ренессанс стиліндегі түпкілікті өзгерістің белгісіне балайтын «Әулие Иоанн» (1514-1516), шебердің сүйікті сфумато техникасы арқылы салынған аяқталмай қалған соңғы туындыларының бірі «Әулие Анна Мадонна және Христоспен» (1508-1510), «Мадонна гротта» (1483-1486) туындысының қос нұсқасы бар.

Осы картиналардың қасына өзге де өнер ордаларында сақталған кенептері келіп қосылып, ауқымды шара өтеді дегенде дайындық 4 жылға созылды. Соның өзінде Лувр басшылығы «Мона Лизаның» өз орнынан қозғалмайтынын, ортақ залға тасымалданбайтынын айтты. Сөйте тұра, кешегідей вандал әрекетке жол бергені қалай?!

Аталған көрменің адамзат үшін маңызды болған тағы бір себебі – онда Леонардо авторлығына еш күмән келмейтін картиналар ғана көрсетілді.

2018 жылы Christie’s бәссауда үйі саудаға «Әлемді құтқарушы» аталатын өте сирек кездесетін бағалы лотты шығарды. БАҚ оны Леонардо да Винчидің соңғы картинасы деп жазды. Жеке коллекцияда сақталып келген жалғыз туынды басында $100 миллионға бағаланды. Бірақ жаңа қожайын оны $450,3 миллионға сатып алуы арқылы рекордты баға бекітті.

Қазіргі таңда «Әлемді құтқарушы» ел аузындағы картина болса да, ол бұл көрмеде көрсетілмеді. Себебі да Винчи авторлығы дәлелденбеген.

1499 жылы салынған осы сурет туралы: «Аукцион сарапшылары үшін бұл картина Қасиетті Граальдан да бағалы», – деген болатын Christie’s бәссауда үйінің өкілі Лоик Гузе.

Айта кетейік, мамандар «Әлемді құтқарушы» картинасын Леонардо да Винчи Франция королі Людовик XII сұранысы бойынша салған деседі. Кейін картина 1625 жылы Карл I Франция патшайымы Генриетта Марияға үйленген уақытта Англияға өткен. 1649 жылы Карл I дарға асып өлтірілген кезде туынды Корольдік коллекция тізімінде болған. Содан 1651 жылы бәссаудада сатылып, ал 1666 жылы Карл II билік құрып тұрған кезде Корольдік коллекциясына қайтарылған. 1763 жылы картина жоғалып кетеді де, бұл оқиғадан бір жарым ғасыр уақыт өткеннен кейін қайта сатылымға шығарылған. 1900 жылы орын алған сондай бәссаудалардың бірінде «Әлемді құтқарушы» белгісіз адамның жеке жинағына өтеді.

2018 жылдың 15 қарашасы күні Нью-Йорк қаласында өткен шараға дейін картина Лондон, Гонконг пен Сан-Франциско өнер мұражайларында жұртшылық назарына ұсынылған.

Аталған экспозиция экспонаттары қатарынан табылмағандар санатында «Мадонна Литта» да бар. Бұл көрменің жоспары құрылмай тұрып белгілі болған. Эрмитаждағы картина Италияда өтетін басқа көрмеге жіберілді. Оның үстіне өнер сарапшыларының көпшілігі «Мадонна Литта» Леонардоның шәкірті болған Джованни Больтраффионың картинасы дейді. Бұл суреттің Больтраффио таңбасы қойылған эскизі бар екен. Әрине, Эрмитаж эксперттерінің бұған сенгісі жоқ. Олардан авторды Джованни Больтраффио деп көрсетуін талап еткені үшін сурет Луврға емес, Миландағы Польди-Пеццоли мұражайына барады. Қызық, иә?!

«Мадонна Бенуа» 1478
«Мадонна Бенуа» 1478

Ал дәл осы Эрмитаждағы «Мадонна Бенуа» деп те, кейде «Гүл ұстаған Мадонна» деп аталатын картинаның Леонардоға тиесілі екеніне ешкімнің күмәні жоқ. Орыс жеріне 1914 жылы Николай II алып келген өнер жақұтын француздар Луврдағы көрмеге қанша алдыртқысы келсе де, соңғы сәтке дейін нақты жауап болмады.

Жалпы Леонардо да Винчиге біржақты қарау мүмкін емес, оны көре алмайтындар шебердің көзінің тірісінде де болған. Әсіресе өзі туып өскен Италия мен суретшіні қамқорлығына алған Францияның «арпалысы» тым ерекше. Осыған байланысты, Парижде ұйымдастырылған мұндай көлемді көрмеге автордың Италияда сақталған шығармалары ақыры келмеді.

Шебердің есімінің айналасындағы дау-дамай тек оған таласу, картиналарын ұрлау мен жоюға тырысу, түрлі мистикалық оқиғалар сынды дүниелерден бөлек уақыт өткен сайын өзіміз әңгімелеп отырғандай, авторлығы нақты емес жаңа туындылардың толассыз табыла беруімен байланысты болып жатады.

«Әулие Себастьян»
«Әулие Себастьян» сызбасы

Соңғы рет 2017 жылы Парижден Леонардо да Винчидің бұрын-соңды белгісіз болып келген картинасы табылды деген хабар тарады.

Зейнеттегі қария Tajan аталатын бәссауда үйіне бір бума сурет әкеліп өткізген. Аталған бәссауда үйінің қызметкері 15 сызбаның бірінде әулие Себастьянның ағашқа байланған денесі бейнеленген суретке ерекше назар аударған. Ол суреттен Леонардо да Винчидің қолтаңбасын байқайды. Қарияның айтуынша, суреттер оған әкесінен қалған көрінеді. Ал да Винчидің суреті оның әкесінің қолына қалай түскені белгісіз.

Белгісіздік.

Бұл Шеберге де, оның «Джокондасына» де ортақ сипат.

Айымгүл Мақсұтқызы