ЛГБТ дауына ілінген депутат Жаңбыршинге қатысты сот шешімі шықты
Астанада Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин мен қазақстандық азамат Виталий Шевченко арасындағы дауға қатысты сот шешімі жарияланды.
Даудың басталуы Facebook желісіндегі депутаттың жазған пікірімен байланысты.
Сот материалдарына сәйкес, Виталий Шевченко Жаңбыршинге қарсы талап-арыз беріп, оның жариялаған мәліметтері өзін қорлайтынын, ар-намысы мен іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеген. Сондай-ақ ол депутатты өз парақшасында кешірім сұрауға міндеттеуді талап еткен.
Сот Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 223–226-баптарына сәйкес, Шевченконың талап арызын қанағаттандырудан бас тартты. Сонымен қатар Виталий Шевченкодан Алматы қаласындағы Сот сараптамалары институтының пайдасына сараптама жүргізу үшін 131 403 теңге өндірілді.
Даудың түп-төркіні Facebook желісінде «ЛГБТ-ны насихаттауға тыйым салу туралы» заңды талқылау кезінде туындаған пікірталасқа байланысты. Шевченко депутаттың ұстанымын сынға алып, өз өмірінде кездескен кемсітушілік пен мектептегі буллинг тәжірибесін жазған. Ал депутаттың жауабы Шевченкоға қорлау болып көрінген.