«ЛГБТ насихатына тыйым салу» заң жобасы – цензураның басталуы ма?
Өткен аптада Мәжіліс «ЛГБТ насихатына тыйым салу» туралы заң жобасын қабылдады.
Негізі бұл бастама былтыр ЛГБТ насихатына қарсы петициядан кейін қолға алынған болатын. Үкімет петицияны ішінара қолдап, осы тақырыпта арнайы ғылыми-зерттеу жұмыстарын дайындауды тапсырған еді. Дегенмен 3 министрлік те зерттеу қорытындысын ашық жарияламады. Бұл тақырып тек біздің қоғамда ғана емес, күллі әлемде дауға айналғалы қашан. Төменгі палата БАҚ пен әлеуметтік желілерде, жарнама мен онлайн платформаларда ЛГБТ насихатына тыйым салатын бұл заң жобасы балаларды «теріс ақпараттан», денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған-мыс. Тыйымды бұзғандарға әкімдік жаза да қарастырылған.
Бір жынысты қатынастың насихатталуына біреулер қарсы шығып, мұны азғындыққа баласа, енді біреулер олардың құқығын таптауға болмайтынын айтып, мұны демократияның көрінісі санайды. Қалай десек те, бір жынысты қатынас тақырыбы күннен-күнге күллі әлемде шешімін таппаған күрделі мәселеге айналып барады. Былтыр 50 мыңнан астам адам қол қойған петиция үкіметке жолданып, ЛГБТ насихатына толық тыйым салуды талап еткен еді. Бірақ БҰҰ сарапшылары мұндай бастама Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін бұзатынын мәлімдеген-ді. Әлеуметтік психолог Ләззат Бисенғалиеваның айтуынша, бұл шектеу шаралары халықаралық стандарттарға сәйкес келмейді. Заң мәтініндегі жалпылама жазыла салған әрі нақтылық берілмеген бұл «насихат» ұғымы халықаралық тәжірибеде қауіпті деп танылады.
«Бұл заңның мақсаты – «Балаларды қорғау», яғни, балалар назарын медиада, онлайн платформаларда және қоғамдық орындардағы ЛГБТ насихатынан қорғау делінеді. Әуелі осы ұран заңнамалық тұрғыдан және әлеуметтік практикада қалай жұмыс істейді деген сұраққа жауап беру керек сияқты. Мұндай логика авторитарлық және консервативтік реформаларда жиі кездесетіні рас. Мұны «Балаға зиян келтіретін мазмұннан қорғау» қажеттілігі сылтауымен белгілі бір пікірлер мен өмірлік тәжірибелердің ашық түрде айтылуын шектеу деп түсіну керек. Тіпті егер негізгі назар балаларға бағытталса да, мұндай нормалар қоғамды цензураға әкеп соғатынын түсінуіміз керек. Халықаралық тәжірибені қарастырсақ, екі кейстен маңызды сабақ алуға болады. Біріншісі – Ресей мысалы. Ресейде 2013 жылдан бері енгізілген «гей-пропагандасы» тәрізді заңдардың нәтижесі агрессия мен зорлықтың өсуіне, қоғамда стигма күшеюіне әкелген. Зерттеулер солай дейді. Мұндай заңдар уақыт өте келе ЛГБТ қауымдастығын жою емес, керісінше, жасыруға, қолдау іздеуден қорқып, медицина мен психологиялық көмекке жүгінбеуге мәжбүрлеген екен. Еуропалық адам құқықтары соты (ECHR) 2017 жылы тиісті нормалардың сөз бостандығын шектейтін және кемсітуге әкелетінін дәлелдеп, сыни үкім шығарған. Екіншісі – Еуропадағы тәжірибе. Мысалы, Венгриядағы заңнамалар. Венгрияда мектептер мен медиада ЛГБТ мазмұнын шектеу туралы статуттар Еуропалық Одақ тарапынан сынға ұшырап, әлі күнге сот процестерімен тексеріліп жатқанын білеміз. ЕО сот жүйесі мұндай шектеулерді дискриминациялық және базалық құқықтарды бұзушы деп танып, елге қарсы операциялар басталған. Бұл заң жобасының сөйлеу бостандығын, теңдік қағидаларын және халықаралық міндеттемелерді қалай бұзатынына тағы бір нақты мысал», – дейді сарапшы.
Депутаттар заң жобасы «халықаралық тәжірибеге сәйкес» дейді. Олардың сөзінше, енгізіліп жатқан заң жобасы ешкімнің құқығын шектемейді. Алайда бұған дейін жеті халықаралық құқық қорғау ұйымы Қазақстан парламентін «ЛБГТ насихатына» тыйым салуды қарастыратын түзетулерден бас тартуға шақырған еді. Құқық қорғаушылардың пікірінше, ұсынылған түзетулер адам құқығын бұзып, елдегі ЛГБТ өкілдеріне қатер төндіруі мүмкін. Ал сарапшының сөзінше, мұндай заңнамалар медиадағы цензураға себеп болмақ.
«Қазір Ресей дербес интернет жасау үшін және оны бақылауда ұстау үшін жанталасып жатыр. Youtube, Instagram, TikTok сияқты танымал желілердің жергілікті аналогын жасап, өздеріне ыңғайлы контентті жүктеп жатқанына біраз болды. Ол кеңістікке біз де кіреміз. Ал мына қабылдаған заңның арқасында орыстың барлық платформалары дайын болғанда әлемдік платформалар «азғындықты насихаттап жатыр» деген желеумен бұғатталады. Сосын «өз еркімізбен» орысқа бағынамыз. Ішімізде не болып жатса да, ешкім білмейтін, араласа, көмектесе алмайтын кеңестік темір шымылдық орнына қайта келуіміз мүмкін. Мұндай «насихатқа» қарсы заң жобалары – цензураның бастауы. Медиада, көркем фильмдер мен әдебиетке цензура қойылады, мектептерде білім беру бағдарламалары шектеліп, қоғамдық дискурс тарылады және үй жағдайында да өзін ашық сезінетін адамдардың медициналық-әлеуметтік қолдау алу мүмкіндігі төмендейді. Мысалы, мен жақында Мәтт Хейгтың «Түн ортасындағы кітапхана» шығармасының қазақша аудармасын оқып шықтым. Кітап тіпті де ЛГБТ туралы емес. Бірақ бас кейіпкердің ағасы ЛГБТ өкілі болғандықтан, мұндай кітаптарға цензура қойылады. Ал кітаптың айтары одан да терең екені осы бір факті үшін ескерілмей қалуы мүмкін. Егер мемлекет шынымен балаларды қорғау мақсатында қозғалып отырса, халықаралық тәжірибе көрсеткендей, оқытушылар мен ата-аналарға арналған ғылыми негізделген жыныстық тәрбие бағдарламаларын жасауы керек. Балаларға зиян келтіретін мазмұнды нақты анықтайтын және өрескел түрде шектейтін, бірақ саяси және мәдени мазмұнды цензура қоймайтын ережелер қабылдауымыз керек», – дейді Ләззат Бисенғалиева.
Сәруар БАҚБЕРГЕН