Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:00, 30 Қазан 2024

Лингвистикалық аксиология және Әбдуәли Қайдар

Әбдуәли Қайдар
Фото: ашық дереккөз

Тегінде нағыз ғалымдар ғана еш алаңсыз сүйген ісіне беріліп, күндіз-түні ой жетегінде тек ғылыммен айналысады.

 Отбасылық жағдайға да көңіл бөлмей, пенделік қарекеттерден аулақ, өзін әйтеуір бір құрбандықтың жетегіне байлап қояды. Академик Әбдуәли Туғанбайұлы – қазақ тіл білімінің бағына туған осындай ғалым. Академик қаламынан тіл білімінің бүгіні мен болашағы үшін, ұрпақ қамының рухани байлығы үшін қаншама ғылыми кітаптар жазылып, дүниеге келді. Қазақ құндылықтарына қатысты барлығын қамтып, талдап жазу, нағыз академиктің болмыс-келбетін талдап, сипаттауға шағын мақала көлемі көтермейді. Сондықтан тек бір-екі еңбегін ғана сипаттап жазуға тура келді.

Қазіргі қазақ қоғамында жиі айтылып, насихатталып жатқан бір сөз бар. Ол –құндылық деген сөз. Бұл сөз бұрын да қолданыста болған, алайда соңғы кезде әсіресе жастар арасында құндылық туралы жан-жақты айтылып жүр. Тіпті мектепте оқытылатын барлық пәндерге кіріктіру мәселесі, біртұтас тәрбие қағидаттары да осы құндылықтарға негізделіп отыр. Соңғы жылдары қазақ тіл білімінде тіл арқылы мәдениеттану – яғни лингвомәдениеттану деген ғылым саласының зерттеулерімен қатар, ұлт құндылықтарын тіл арқылы зерделейтін лингвистикалық аксиология деген жаңа зерттеу саласы бар. Бұл сала туралы, пәні, зерттеу нысаны туралы сөз етпей тұрып, алдымен құндылық деген не соны айтып алайық. Құндылық – біз үшін бір нысанның жағымды немесе жағымсыз жақтарын білдіретін философиялық-социологиялық ұғым. Құндылық – бұл қандай да бір нәрсенің мәнділігі, маңыздылығы, қалаулылығы, пайдалылығы және қымбаттығы.Қазақстандық философтар құндылықтар мәселесіне еліміздің тәуелсіздігін алған кезеңнен бастап терең мән бере бастады.

Тіл біліміндегі құндылықтарды лингвистикалық аксиология қарастырады. Лингвистикалық аксиологияның мынадай ерекшеліктері бар: Шектес ғылым саласы ретінде филология мен философияның арасындағы байланысты көрсетеді; Лингвистикалық аксиологияның басты нысаны ретінде тіл мен құндылықтар әлемінің өзара байланысы және осы байланыстың тілдік фактілермен дәйектелуі; Лингвистикалық аксиологияның зерттеу пәні не десек, құндылықтар түрлеріндегі «әлемнің тілдік бейнесін» құрайтын түрлі мәтіндер мен дискурстағы мысалдарды талдау, интерпретациялау.

Бұл ретте, лингвистикалық аксиология негізінде талдаулар жүргізу үшін жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дәріптейтін, ұрпақтан ұрпаққа жеткізетін, шығармашылық тұлғалардың құндылықтар әлемін тіл арқылы сипаттайтын еңбектеріне жүгіну керек. Міне, осы арада бір айта кететін жайт, шығармашылық тұлға ретінде танылатын, ғалымдар зерттеулеріндегі осы лингвоаксиология пәні үшін тілдік фактор екендігін негіз етіп аламыз.

Ғылыми шығармашылықтың сонау биігінде бүгін де, міне, жүз жылдығы аталып жатқан академик Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар тұр! Академиктің лингвоаксиологиялық зерттеулері деген мақсатымыз енді түсінікті болар. Себебі өмір бойы туған тіліне қызмет еткен кезінде жинаған түрлі тілдік деректері: ақпараттық мәні бар лексемалар, паремиологиялық қордағы мақал-мәтелдер, фразеологиялық қордағы тұрақты тіркестер, тіл байлығын көрсететін т.б. мысалдар арқылы қазір біз құндылықтар түріне қатысты ұшан-теңіз тіл деректерін академик еңбектерінен оқимыз, пайдаланамыз. Мәселен, Ресей Ғылым Академиясының әлеуметтік зерттеулерінің мәліметі бойынша негізгі он төрт құндылықтың тұрақтылығы байқалады. Олар: адам өмірі, еркіндік, адамгершілік, қарым-қатынас, отбасы, жеке бақыт, ұрпақ көбейту, әрекеттің мәні және күнкөріс көзі ретіндегі жұмыс, игілік (кіріс, денсаулық), инициативтілік (дәстүрді құрметтеу), тәуелсіздік, мейірімділік, беделділік, заңдылық.

Құндылықтардың түрлерін анықтау адамның әртүрлі қажеттіліктері, мүдделері мен қалауларына қарай қарастырылады. Бұл ретте тіл мен құндылықтар әлемінің өзара байланысы және осы байланыстың тілдік фактілермен дәйектелуін академик Ә.Қайдар еңбектерінде жан-жақты талданған.

Ал енді осы құндылықтарды тіл арқылы сипатталуынан, тілдік деректердің академик Ә.Қайдар талдаған мазмұндық салмағынан түсіне аламыз, көңілге тоқи аламыз, санаға сіңдіре аламыз. «Халық даналығындағы», рухани құндылықтар, ұлттық идеологияға байланысты «Қазақ қандай халық?» еңбегіндегі танымдық сұрақ-жауаптар мазмұны құндылықтар әлемінің ерекшеліктерін баяндап, танымды кеңейтеді. Қазақ халқының ұлттық санасында ғасырлар бойы қалыптасқан табиғи қасиеттерін тіл деректері арқылы анықтап түсіндіреді. «Бір сауалға – мың жауап» тарауында қазақ қауымының өз пікірі арқылы, мәселен, жақсы жақтары мен кемшілігін, жағымды, жағымсыз әдетін, ақыл-парасаты мен пендешілік, салт-дәстүр, наным-сенім, т.б. қасиеттерін ұлттың рухани-мәдени құндылықтары деп тілдік деректермен талдайды. Мысалы: «Қазақ – ақжарқын халық». (көбінесе басқа ұлт өкілдерінің айтатын пікірі). Табиғатында жат адамды тосырқау, жатсыну әдеті жоқ, бірден онымен тез тіл табысып кететін қасиеті айтылып тұр. Қазақтың жақсыда жаттық жоқ деген логикасы да осы әдетіне саяды. «Қазақ – қасықтап жинап, шөміштеп шашатын халық» (Ел аузынан). Қазақтардың мал-байлықты жинауға келгенде, ұқыптылығын білдірсе де, алды-артына қарамай, оңды-солды шашатын, ысырап қылуға бейім халық екенін аңғартып тұр. Бұл әдет бір қарағанда намысына тырысса да, барлығы мен байлығын паш етуге тырысу болса, екінші жағынан бәсекелестік, өзін көрсету, мақтану сезімінде болса керек.

Осы еңбектің жалғасы ретінде жазылған «Қазақтар ана тілі әлемінде» деген үш томдық этнолингвистикалық сөздігін ерекше атаймыз. Бұл сөздік «Адам –Қоғам – Табиғат» деп аталатын көлемді үш кітапта қазақ ұлтының болмысына қатысты жүздеген тақырыптық топтарға бөліп, ұлт өркениеті, мәдениеті, рухани байлығы сияқты құндылықтарын сипаттайтын тілдік бірліктерді жіліктеп талдауын өзі айтқандай, «ұрпағына қалдырған аталы сөздері» дейміз.

Академик Ә.Т.Қайдар: «Ұлт даналығы тек сол ұлттың өз тілінде, өз ортасында және өз данагөй-ақылмандары арқылы ғана қалыптасады. Даналық сөздер халық еншісіндегі рухани мұра бола тұрса да, оның артында тұрған ұлттық рух, сол ұлтқа тән адам факторы бар» дейді.

Сөздіктің бірінші томы «Адам» деп аталады. Адамзат қоғамындағы ең басты тұлға, әрі қоғам мен мемлекеттің басты құндылығы – Адам. Адам бар жерде құндылық та қатар жүреді. Құндылық адамға ғана қатысты емес, оны қоршаған ортаға да тікелей байланысты. Әр адамның таным-түсінігіне, көзқарасына байланысты әртүрлі сипатта болмақ. Қоғамда «рухани құндылықтар», «материалдық құндылықтар», «мәңгілік құндылықтар» сынды ұғымдар қалыптасқан. Ал осы құндылықтарды жасайтын – Адам. Адам құндылығы оның айтқан сөзі мен ісіне қарай бағаланады. Осыған сәйкес мынадай қорытындыға келеміз: құндылықтар қоғам мен адамнан тыс өмір сүрмейді; адамға қатыссыз ешбір зат өздігінен құндылық болмайды; құндылықтар адамның қызметіне, әрекетіне байланысты қалыптасады. Осылайша, адам мен құндылықтар өзара тығыз байланыста болады. Бұл ретте автордың үш сөздігінің ішінде бірінші «Адам» томына көбірек тоқталамыз.

Кез келген құндылықты анықтау үшін оған белгілі бір көзқарас, тұжырым керек. Зат, оқиға, құбылысқа баға беру, бағалау – адам баласына тән логикалық категория. Сол себепті бағалау дегеніміз, тіл + ойлау + шындық немесе ақиқат (реальды өмір) трихотомиясының нәтижесі болса, ал бағалаудың семантикалық категориясына бағалауыштық жатады. Сондықтан да, баға – адам санасында үнемі тоқтаусыз жүріп жататын процесс және ол адамның ойлау қабілеті арқылы іске асатын интеллектуалды-психикалық акт.

Бағалауыштық пен құндылықтар лингвистикалық тұрғыдан зерттеу қазақ тіл білімінде көп таралмаған, тек соңғы кездердің жемісі. Әлеуметтік бағалауыштық құбылыс – сөз мағынасында болатын компоненттердің бірі. Дегенмен бүгінгі таңда сөздің семантикалық құрылымындағы бағалауыштықтың орны толық анықталмай отырғандығы рас. Бағалауыштық лексика – қазақ тіл білімінде арнайы нысанға айнала қоймаған тілдік құбылыстардың бірі деген пікір бар. Біздіңше, академик қолданыс кезінде сөзге қосымша үстемеленетін, әлеуметтік топтың, жеке адамның, бір сөзбен айтқанда, субъектінің зат пен құбылысқа, іс-әрекетке беретін бағаның семантикалық категориясы бағалауыштық болса, оның мағынасын тілдік бірліктермен талдап көрсеткен.

Сөздікте саналы тіршілік иесі адам табиғатын толық, мүмкіндік болса жан-жақты ашып түсіндіру мақсатында автор адам болмысының өзін сегіз топқа бөліп талдаған. Жоғарыда біз көрсеткен он төрт құндылықтың бәрі тек адамға қатысты екендігі белгілі. Академик тілде сақталған тіл деректерін сөйлету арқылы Адам деген қасиетті тұлғаның табиғатын тереңірек тани түсуге болады деп ой түйеді. Адамның басқа тіршілік иелерінен ерекше даралануының себебі – оның зиялы қасиеттеріне байланысты екен. Бұл – адам өмірі, адамгершілік, қарым-қатынас, отбасы, жеке бақыт, мейірімділік, беделділік құндылықтар тұрақтылығының айғағы.

«Адам – Тіл – Әлем» жүйесінде адам және қоғам болмысы қалыптасуының негізгі мағыналар мен құндылықтар арқылы көрініс табуы назарға алынады. Бұл бағыттың мақсаты – тілдік тұлғаның ішкі әлемін танудың әдісі мен технологиясын анықтау, тілдік мәліметтер арқылы тұлға мен қоғамның құндылыққа деген көзқарасын зерттеу, тіл арқылы ең негізгі рухани құндылықтық категорияларды анықтау, айқындау.

Мәселен, қазақ салтында қалыптасқан қарапайым да әмбебап танымдық өлшемнің «жақсы-жаман» деген екіұдай тәсілі мен ұғымның сипатын, түсінігін тілдік фактілер арқылы дәлелдейді. Аталған таным өлшеміндегі «жақсылық пен жамандық» қоғамдағы тепе-теңдікті сақтайтын әрекеттің мәні және күнкөріс көзі ретіндегі жұмыс, игілік (кіріс, денсаулық), дәстүрді құрметтеу сияқтытұрақты құндылықтарды академик бинарлық жұптармен талдайды.

Бір жаманның бір жақсысы бар, Жаман айтпай жақсы жоқ, Бір айғырдан ала да, құла да туады, Жаманнан жақсы туады – бір аяққа алғысыз, Жаманнан жақсы туады – адам айтса нанғысыз, Жақсының арты жын, Бір жаман мен бір жақсы әр жайда бар, Екі жақсы қосылар күн қайда бар? Автордың бұл арадағы пікір ерекшелігі мынада: «жақсы-жаман» бағаға негізгі объект жалпы адам болғанымен, нақтылы субъект ретінде олардың өзі әртүрлі және соған орай ерекшеліктері бар дейді. Демек, қазақтар Адамзатқа, ұлтқа ортақ игіліктер мен құндылықтарды әрқашан қара бастың қамынан биік қойғандығын алға тартады.

«Қазақ этносы – табиғатынан мықты, төзімді, бейбіт өмірді (Қой үстінде бозторғай жұмыртқалайтын заманды) қалайтын қарапайым халық. Ол – өзінің ішкі тіршілігінде «Туыстастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын!» деп қарайды» деген пікірін дәл қазіргі заман тұрғысынан қарасақ, онда бүгінгі қазақтардың өзімшілдігі, жаңа қазақ болып аталуы құндылықтар сипатының өзгеруін көрсетеді. Тілдік деректерге қарасақ, жақсы құндылықтарға қарама-қарсы антиқұндылықтар да алдымен адамға тиесілі.

Мысалы, қулықадамның екінші біреулерді алдағысы келіп, өзінің арам ниетін әртүрлі алдамшы іс әрекеттері, амал тәсілдері... Қулықтың астарында небір зұлымдық, арамдық, айлакерлік, сатқындық, пәтуасыздық, тоғышарлық қылықтар. Қулығын асыру, Қулығына найза бойламау, Сасық қулық, Түлкі қулық, қитұрқы, қу, бір ұртында майы, бір ұртында қаны бар, т.б.Бұл тілдік бірліктердің мағынасын жеке-жеке талдасақ, қоғамдағы құндылықтардың өзгерген түрі антиқұндықтардың картинасы шығады.

Қазіргі кезде қоғам және ел өмірінде болып жатқан түрлі оқиғалар мен жаңалықтарын бағалауға бағытталған жақсы/жаман құндылық категорияларының мағыналық құрылымындағы кодталған әртүрлі ақпараттарды айқындау қажеттігін ескерсек, академик Ә.Қайдар, әсіресе ұлт құндылықтарын анықтайтын тілдік деректер кодын анықтаған, талдап жазған.

Академик айтқан «Тіл – ұлттың рухани ұйытқысы», «Ұлт тұтасса ғана тіл көгереді» деген даналық сөзін еске алсақ, ана тіліне деген құрметіміз уақыт өткен сайын күннен күнге іс жүзінде дәлелденіп жатса, қанеки! Төменде бір ғана мысал:

Академик «Адам» деген сөздіктің бірінші томында жазады: «Тіл адам санасында сақталатын көп қырлы, жан-жақтылығы басым құбылыс болса, сөйлеу осы құбылыстың жарыққа шығуы. Сол арқылы адамзат тіл әлеміне терең бойлап, бүкіл құндылықтарға өзі төреші болады, өзі жеткізуші болады». Басты құндылықтың бірі – Тіл. Осы құндылық туралы талданған сөздер мен сөз тіркестерінің саны: тіл құдіреті туралы – 133, тілдің түрлері – 207, сөз табиғаты – 682, сөз түрлері және оған қатысты ұғымдар – 872, сөйлеуге қатысты тілдік бірліктер – 64, сөйлеудің түрлері және оған қатысты ұғымдар – 507, айтуға қатысты тілдік деректер – 85, айтудың түрлері – 74, дене мүшелерінің қатысуы арқылы тілдесу сипаттамасы – 159, түрлі тәсілдер арқылы тілдесу – 222. Барлығы: 2 805, демек, үш мыңдай! Бұл – ұлттық құндылықтар жүйесін қалыптастыруда тілдің өз әлеуетін танытуының бір мысалы ғана.

Академик жинаған, талдаған ұлт тілінің мұндай байлығы құндылықтар жүйесін зерттеп, зерделеуге мол мүмкіндік береді. Сондықтан да біз ұлттық құндылық категорияларымыз мен негізгі ұғымдарымызды тіл әлеуеті арқылы қалыптасқан ұлттық құндылықтар жүйесінің шеңберінен іздеуге бағыт сілтейді.

Құндылықтар категориясында қоғамға қатысты әлеуметтік, саяси, діни, экономикалық, т.б түрлері бар. Бұл академик Ә.Қайдардың «Қоғам» атты екінші сөздігінде талданады. Мысалы, сенімділік, өндіргіштік, тиімділік сияқты ұғымдар экономикалық құндылықты білдіреді: Бай – бір жұттық; Тас түскен жеріне ауыр; Қысқа жіп күрмеуге келмеу; Шағын кәсіп – елге нәсіп.

Әлеуметтік құндылықтағы қайырымдылық, сыпайыгершілік: Ашуын ақылына басу, Үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без, Ұлы өскен ұзын киеді, қызы өскен қысқа киеді.

Әсемдік, үйлесімділік, симметрия құндылығы: Сыптай жігіт, Құралай көз, Құланның құлынындай;

Діни құндылық бойынша мойынсынушылық, төзімділік, сананың нұрлануы: Байлықтың алды – имандылық, Алланың бұйырғаны болады, Шүкір ету, т.б.

Денсаулық, жайлылық, дене қауіпсіздігі: киім кию мәдениеті де құндылық болып саналады. Сөздікте қазақтар киетін бөріктің 30 түрін, оған қатысты қалыптасқан 14 ұғымды талдап жазған.

Сөздіктің үшінші томы – «Табиғат».Мұнде жер, ауа, аспан әлемі, табиғат құбылыстары. Төрт түлік мал, жануарлар дүниесі, өсімдіктер дүниесі, т.б. деп бөлінген тараулар бар. Тіршілік нәрі болып отырған табиғатты сүймеуі, жақсы көрмеуі, оны бағаламауы мүмкін емес. Табиғатқа қатысты шөпті жұлма, суға (құдыққа) түкірме, ағашты кеспе, күлді баспа, құмырсқаның илеуін бұзба, сияқты тыйым сөздері табиғатты аялаудан туған тіпті жер дауы – жесір дауынан да қиын деп бағалаған.

Құндылықтардың түрлерін түсіну, бағалау, талдауға ұлт тілі қызмет етеді. Бұл оның ақпараттық мазмұнынан, адамдардың өзара коммуникативтік дискурсынан көрінеді.

Ұлттық сананың да, ұлттық қадір-қасиеттің де тірегі – тіл. Ұлттың тілін білмеген адам – өз ұлтының қасиетін танымайды, мойындамайды. Ұлттың рухани-мәдени тамырлары – ұлттық құндылықтардың нәр алар негізі. Қазақ халқының көреген сана-сезімі, кемелдігі мен кемеңгерлігі, даналығы мен тектілігі – ұлттық құндылықтар жүйесін жаңа дәуір биігінен жаңа көзқараста қарастыруға көмектесетін қасиеттері. Қазіргі күрделі әрі аумалы-төкпелі заманда құндылықтар жүйесінің алатын орны ерекше.

Технологиялық заман талабына сай өмір көшінен қалмау – адамзат мақсаты. Десек те, ХХІ ғасырдың даму жолында ұлттық құндылықтарымызды сақтау, ұлттық сананы жаңғырту аса қажет. Қазақ ұлтына тән өзінің ұлттық құндылықтары өзгелерден ерекшелендіріп көрсетеді. Мәселен, оның: тілі, ертегілері, мақал-мәтелдері, лиро-эпостық және эпостық жырлары, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы түрлері, менталитеті, мәдениеті, өнері, тағамдары, ұлттық қолөнері, тұрмыстық бұйымдары, ұлттық ойындары, т.б. басқа ұлтқа ұқсамайтын қазақи қасиеттері бар. Осылардың бәрі – ұлттық құндылықтарға жатады. Бұл құндылықтардың барлығы тек тілде ғана сақталады және тіл арқылы сипатталды. Аксиологиялық аспектіде мақал-мәтелдер фразеологизмдер, нақыл сөздер, сентенциялық тіркестер сияқты маңызды тілдік бірліктер арқылы берілетін құндылықтарды талдау ерекше коннотивтік және аялық білімді қажет етеді. Мұндай жан-жақты білімді игеруге, құндылықтар себебін, табиғатын танып білуге сүйенетін рухани мәдениетіміздің кілті шығармашылық тұлға ретінде танылған, атақты академик, ұлт құндылықтарының жанашыры Әбдуәли Қайдар еңбектерін насихаттау парыз! Бұл ағайдың өзі айтып кеткен игілік парызының өтемі болмақ.

Гүлдархан Смағұлова,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры