Литва Ресей әскери ұшақтары шекарасын бұзғанын мәлімдеді
Литва президенті Гитанас Науседа Ресейдің әскери ұшақтары елдің әуе кеңістігін бұзғанын мәлімдеді. Ресей қорғаныс министрлігі болса, ұшақтар тек Калининград облысы үстінен ұшқанын айтып, бұл айыптауды жоққа шығарды.
Науседа X әлеуметтік желісінде:
«Бұл — халықаралық құқық пен Литваның аумақтық тұтастығын өрескел бұзу. Мұндай оқиғалар Еуропаның әуе қорғанысын күшейту қажеттігін тағы да дәлелдейді», — деп жазды.
Президенттің айтуынша, Литваның Сыртқы істер министрлігі Ресей елшілігінің өкілдерін шақырып, бұл «қауіпті әрі жауапсыз әрекетке» наразылық білдіретін болады.
Оқиға қалай болды
Delfi басылымының хабарлауынша, 23 қазан күні шамамен сағат 18:00-де Ресейдің екі әскери ұшағы — Су-30 және Ил-78 — Калининград облысына жақын Кибартай қаласы маңында Литва әуе кеңістігіне кірген.
НАТО-ның Eurofighter Typhoon жойғыш ұшақтары дереу әуеге көтерілген.
Алдын ала мәлімет бойынша, ресейлік ұшақтар Литва үстінен небәрі 18 секундтай ұшып өткен. Литва қарулы күштері мұны Ресейдің әуеде жанармай құю жаттығулары кезінде болған қателік деп болжайды.
Қазір НАТО ұшақтары шекара маңындағы әуе аймағын бақылап тұр. Литва премьер-министрі Инга Ругинене Facebook парақшасында:
«Жағдай толық бақылауда», — деп жазды.
Ресейдің жауабы
Ресей қорғаныс министрлігі Telegram-арнасы арқылы:
«23 қазан күні Су-30 ұшақтары Калининград облысы үстінде жоспарлы оқу-жаттығу рейсін орындады. Ұшақтар белгіленген бағыттан шыққан жоқ, өзге елдердің шекарасын бұзбады», — деп мәлімдеді.
Министрлік бұл деректі «объективті мониторинг растағанын» атап өтті.
Бұған дейін де осыған ұқсас жағдайлар болған
20 қыркүйек күні Польша шекара қызметі Ресей әскери ұшақтары Балтық теңізіндегі Petrobaltic бұрғылау платформасы үстінен төмен биіктікте ұшқанын хабарлаған. Бұл елдің эксклюзивті экономикалық аймағы бұзылғанымен, мемлекеттік шекарадан өтпеген.
Сол күні Эстония Қорғаныс күштері үш МиГ-31 ұшағы Фин шығанағы арқылы ел әуе кеңістігіне 12 минутқа кіргенін мәлімдеген. Ресей бұған да жауап беріп, «ұшақтар Вайндло аралынан 3 км қашықтықтағы бейтарап аймақта болған» деген.
10 қыркүйекке қараған түні кемінде 19 ресейлік дрон Польша шекарасынан өткен. Олардың көбі Беларусь жағынан ұшып келген. Дрондарға қарсы НАТО елдерінің жойғыш ұшақтары да жұмылдырылған.