Ливан мен Ирандағы шабуылдар құрбандарының саны шамамен 1600 адамға жетті
Ливанда Израиль шабуылдары салдарынан кемінде 1130 адам жараланған, ал Иранда 10 мыңнан астам бейбіт тұрғын жарақат алған.
Бұл туралы екі елдің денсаулық сақтау министрліктері мәлімдеді. Сондай-ақ Тегеранда тарихи ескерткіштер де зақымданғаны хабарланды.
АҚШ пен Израильдің Ливандағы әскери операциясы сегізінші күнге жалғасып жатқан кезде, Израиль шабуылдары салдарынан кемінде 394 адам қаза тапқан, олардың ішінде 83 бала бар. Бұл туралы 8 наурыз күні Ливанның Денсаулық сақтау министрлігі хабарлады. Министрлік мәліметінше, кемінде 1130 адам жараланған.
Израиль қорғаныс армиясы (ЦАХАЛ) 8 наурызға қараған түні Ливан астанасы Бейрутте нақты нысанаға бағытталған әуе соққысы жасалғанын мәлімдеді. Израиль тарапының айтуынша, шабуылдың нысанасы – Иран Ислам революциясы сақшылар корпусының (ИРСК) шетелдік операцияларға жауапты «Әл-Құдс» бөлімшесінің командирлері болған.
Ал Иран Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Хусейн Керманпур X әлеуметтік желісіндегі парақшасында Ислам Республикасында 1200-ден астам адам қаза тапқанын, ал 10 мыңнан астам бейбіт тұрғын жараланғанын мәлімдеді.
Керманпурдың айтуынша, қаза тапқандардың арасында 12 жасқа дейінгі 200 бала және шамамен 200 әйел бар. Сонымен қатар 1400-ге жуық әйел жараланған.
Медициналық инфрақұрылымға да зиян келген
Оның айтуынша, 25 аурухананың инфрақұрылымы зақымданған, олардың 9-ы жұмыс істемей қалған. Бұдан бөлек:
- 18 жедел медициналық көмек орталығы
- 2 аудандық медициналық орталық
- 17 кешенді медициналық қызмет көрсету орталығы
- 2 ауылдық медицина пункті
зақымданған. Сонымен қатар 14 жедел жәрдем көлігіне де зиян келген.
Керманпурдың сөзінше, Тегерандағы тарихи ескерткіштер де зақымданған, ал мұнай өңдеу зауытына жасалған шабуыл аймақтың экологиясына елеулі қауіп төндіруі мүмкін.
Алайда Ливан мен Иран денсаулық сақтау министрліктері келтірген бұл деректерді тәуелсіз дереккөздер арқылы тексеру әзірге мүмкін емес.
28 ақпаннан бері АҚШ пен Израиль Иран аумағына әуе соққыларын жасап келеді. Осы операциялар барысында Иранның жоғарғы жетекшісі Али Хаменеи және елдің бірнеше жоғары лауазымды тұлғалары қаза тапқаны хабарланды.
Оған жауап ретінде Иран Израильге, сондай-ақ Парсы шығанағындағы кейбір елдерге және аймақтағы АҚШ әскери нысандарына соққы жасауда.
«Хезболла» соғысқа араласты
Иран жағында «Хезболла» қозғалысы да соғысқа қосылып, Израильге ракеталар мен дрондар арқылы шабуыл жасаған. Бұған жауап ретінде Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне және Бейруттің оңтүстік шетіне соққы берді. Бұл аймақтарда топтың инфрақұрылымы орналасқан.
Израиль армиясының мәліметінше, «Хезболла» командалық орталықтарына, ракета қондырғыларына және қару қоймаларына жүздеген әуе соққысы жасалған.
Израиль тарапының хабарлауынша, Ливанның оңтүстігі мен Бейруттің оңтүстік аудандарынан эвакуация жарияланғаннан кейін шамамен 500 мың адам солтүстікке көшкен болуы мүмкін.
Ливан премьер-министрі Науаф Салам ел үкіметі «Хезболланың» әскери қызметіне тыйым салғанын, ал ұйым жауынгерлері қаруын тапсыруы тиіс екенін мәлімдеді.