Лола Каримова: Әкем Өзбекстанды азаматтық соғыстан сақтап қалды

Өзбекстанның экс-президенті Ислам Каримов елді азаматтық соғыстан қорғап қалды. Бұл туралы оның қызы Лола Каримова-Тилляева әкесінің қайтыс болғанына тоғыз жыл толуына орай жариялаған видеосында айтты.
Лола Каримова-Тилляева әкесін әдеттегідей жеке естеліктерімен еске алуға әзір емес екенін, бірақ уақыт өткен сайын Ислам Каримовтың өзіне айтқан кеңестерінің әділ болғанын тереңірек түсінетінін жеткізді.
«Бүгін әкемізді сүйіспеншілікпен еске алып отырған барша жанға алғыс айтқым келеді. Көпшілік менен көп нәрсе күтетінін білемін. Бірақ әзірге ол үшін дайын емеспін. Уақыт өте келе ол әңгіме айтылады. Қазір айтарым – әкемнің айтқан әрбір кеңесінің әділ болғанын барған сайын жақсырақ түсініп келемін», – деді ол.
«Өзбекстанды қақтығыстардан құтқарды»
Каримова-Тилляева әкесінің 1990-жылдары және 2000-жылдардың басында қабылдаған шешімдерінің маңыздылығын атап өтті.
«Бүгінгі әлемге қарасам, оның қаншалықты дұрыс болғанын жақсырақ түсінемін. Кейде оның саясатын төмендеткісі келетіндер табылады. Бірақ мен нақты айтамын: біздің бірінші президентіміз Өзбекстанды ішкі қақтығыстардан сақтап қалды. Егер Сирия мен Таяу Шығыстағы басқа елдерде болғандай трагедиялар бізді айналып өтсе, бұл оның даналық саясаты мен шешімді басшылығының арқасы», – дейді Каримова.
«Әкем тарихтағы орнын тапты»
Оның пікірінше, кейбір әңгімелер мен сұхбаттар Ислам Каримовтың есімін қаралауға тырысқанымен, бұл әрекеттердің ешқандай салмағы жоқ.
«Бұл күлкілі көрінеді. Себебі тарихтағы орнын алған адамды ешкім жоққа шығара алмайды. Әркім әр қырынан бағалауы мүмкін, бірақ ең бастысы – әкемнің еңбегі Өзбекстанды бүгінгі жолға алып шықты», – деді Каримова.
Мавзолейге ағылған халық
Сөз соңында ол Самарқандтағы Ислам Каримовтың кесенесіне барып, дұға оқып жүрген мыңдаған адамға ризашылығын білдірді.
«Мен үшін әкемнің өмір бойы халқына көрсеткен ықыласы мен сүйіспеншілігіне халықтың махаббаты мен дұғасы – лайықты жауап. Бұл сүйіспеншілік ол дүниеден өткеннен кейін де жалғасып келеді. Бүгін тағы да баршаңызға алғыс айтып, әкем үшін дұға етемін», – деді Лола Каримова-Тилляева.
Айта кетейік, Ислам Каримов 1990 жылдан 2016 жылға дейін Өзбекстанды басқарды. Ол 2016 жылы қыркүйекте дүниеден өтті.