Лос-Анджелестегі өрттен қаза тапқандар саны артты
Калифорнияның оңтүстігін шарпыған өрт салдарынан кем дегенде 24 адам қаза тауып, оннан астам адам із-түзсіз жоғалып кетті, - деп хабарлайды ABC News арнасы.
Телеарна Лос-Анджелес округінің медициналық сараптама департаментінің соңғы деректеріне сілтеме жасаған. Оған сәйкес 16 адам Итон каньонындағы өрттен және 8 адам Палисадстағы өрттен қайтыс болған.
Өрт сөндірушілер осы өрттердің жойқын зардаптарын ауыздықтауға бар күш-жігерін салып жатқаны атап өтілді. Мыңдаған құтқарушы Лос-Анджелес округінде халық тығыз орналасқан Палисадтағы ең үлкен өртті өшіруге тырысып жатыр.
Бұған дейін БАҚ 16 адам қайтыс болғанын хабарлаған болатын.
Лос-Анджелесті шарпыған өрт сәнді сарайлардың орнына күлді қалдырды. АҚШ президенті Джо Байден өрттерді ірі табиғи апат деп жариялап, АҚШ үкіметі алдағы алты айда қалпына келтіру шығындарының 100 пайызын өтейтінін айтты.