Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
10:05, 13 Мамыр 2025

LRT ісі бойынша халықаралық іздеуде жүрген Талғат Ардан ұсталды

Талғат Ардан
Фото: ашық дереккөз

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің хабарлауынша, Astana LRT компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан Түркия аумағында ұсталды.

Ол бюджет қаржысын жымқырды деген күдікпен халықаралық іздеуде жүрген болатын. Ардан бірнеше жылдан бері құқық қорғау органдарынан жасырынып келген. Қазіргі таңда оны Қазақстанға экстрадициялау бойынша рәсімдер басталды.

Айта кетейік, 2020 жылы Ардан сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырылған. Тергеу деректеріне сүйенсек, LRT құрылысы кезінде миллиардтаған теңге жымқырылған. Бұл іс елдегі резонансты жемқорлық фактілерінің бірі ретінде тіркелген.

Талғат Ардан туралы не білеміз?

Талғат Ардан 2017 жылы «Астана LRT» ЖШС бас директоры қызметінен босатылды. Ол бұл лауазымға 2014 жылы тағайындалып, бұған дейін елорданың Жолаушылар көлігі басқармасында жұмыс істеген.

Ардан елордада Iveco маркалы жаңа автобустарды таныстырған тұлғалардың бірі болды. Сол кезде бір автобустың бағасы шамамен 270 мың доллар тұратыны айтылған. Ардан олардың заманауи қауіпсіздік, бейнебақылау, ақпараттандыру, диспетчерлік жүйелермен толық жабдықталғанын, сондай-ақ әлеуметтік осал және қозғалысы шектеулі жандар үшін ыңғайлы екенін атап өткен еді.

2015 жылы оның бастамасымен түнгі автобус бағыттарын іске қосу ұсынылған болатын – кешкі 23:00-ден таңғы 05:00-ге дейін. Ол кезде Ардан: «Жақын арада қоғамдық көлікпен жүрудің жаңа мәдениеті мен өзіндік тренді пайда болуы мүмкін», – деген пікір білдірген.

2014 жылдың сәуірінде Ардан елордада ақылды бағдаршамдар орнатуға 22 миллиард теңге бөлінетінін хабарлаған. Ол кезде тұрғындарға жұмысқа небәрі 20 минутта жету мүмкін болады деп уәде етілген.

2016 жылы ол LRT жобасы жайлы кеңінен айтып, жеңіл рельсті трамвайлар 2018 жылы іске қосылады деп мәлімдеген.

Ал 2017 жылдың ақпанында елорда әкімі Әсет Исекешев вокзал маңындағы тұрақтағы кептелістерге байланысты Талғат Арданға сөгіс жариялады. Әкім тұрақ жұмысын тексеруге өзі барған кезде көлік тығыны мен тәртіпсіздікті көріп, бұл мәселені шешуді тапсырған.

Сол жылдың шілдесінде Ардан қызметінен босатылды. Жаңа басшылық келген соң компания бірқатар келісімшарттардың орындалмағаны үшін сот істеріне тартылғанын хабарлады.

Тегтер: