Лудоман болған жігіт: «Өз командама қарсы ұтыс тіккен кездерім де болды»
Құмар ойындарға деген тәуелділік қазіргі қоғамда кеңінен етек жайған кесел.
Әлемдік денсаулық сақтау ұйымы лудоманияны ресми тұрғыда психологиялық ауру деп таныды. Психотерапевтер лудомандардың нейропсихологиялық механизмі нашақорлар мен маскүнемдерге ұқсайтындығын айтады. Сол үшін оны наркоман, алькоголиктер сияқты кешенді түрде емдеу қажет. Осы тұста 5 жыл бойы осы іспен айналысып келе жатқан «Sober Road» емдеу орталығының кеңесші маманымен сөйлесіп көрген едік.
– Аға, әңгімемізді бастамас бұрын тақырыбымызға қысқаша тоқталып, лудомания ұғымына анықтама бере кетсек.
– Лудоманияны мен ең алдымен ауру деп айтар едім. Бұл психикалық дерт (кейін физикалық ауруларға да ұласуы ғажап емес). Адамның өзін құмар ойындардан тежей алмайтындай тәуелділікке түсуі. Ең қорқыныштысы, мұндай жағдайда адам өзінің тәуелді екенін өзі де білмейді.
– Бұл қоғамға несімен зиянды?
– Лудоманияның зиянын, оның қатерін тек материалдық тұрғыда қарастыруға болмайды. Себебі ойынқұмарлық та адамға есірткіден кем әсер етпейді. Ойынға тәуелді болған адамдардың маскүнемдік пен нашақорлыққа да бейім келетіні содан. Жалпы лудомандар тұрақты стресс күйінде жүреді. Бұл адамның жеке дамуын, ойлау жүйесін тежеумен қатар түрлі қылмысқа да итермелейтін негізгі фактор болып табылады. Көп жағдайда лудоманияның соңы түрлі қылмыстармен, суицидпен аяқталып жатады. Оның қоғамға келтірер ең үлкен қаупі – осы.
– Бұл тәуелділіктен құтылудың қандай жолдары бар?
– Жалпы кез келген тәуелділік жағдайында клиникалық жолмен емделген жөн. Себебі сырттағы әлемде әсіресе лудомандар үшін триггерлар өте көп. Тәуелділік жағдайында адам өзін толықтай басқара алмайды. Сол үшін бұл мәселені оңашалау арқылы жүйелі түрде емдеу керек.
– Келген пациенттерге қандай шара қолданасыздар, қалай емдейсіздер?
– Ең алдымен, келген науқастармен «Кеңес» орталығындағы мамандар жұмыс істейді. Бұл кешенді емдеуге дейінгі даярлық кезеңі деуге де болады. Себебі клиенттердің бәрі емделуге дайын болып келмейді. Кейбіреулері тіпті өзінің тәуелділігін де мойындамай жатады. Ал кейбіреулердің әлі де ойнағысы келуі мүмкін. Бұдан кейінгі кезеңде біз 4 ай бойы сыртқы әлеммен байланысты үзіп, оңалту шараларын жүргіземіз. Біздің клиниканың реабилитацияға арналған екі үйі бар. Әрқайсысында консультанттар, психологтар тәулік бойы науқастармен жұмыс істейді. Емдеу барысында неше түрлі іс-шаралар қолданылады. Жаттығулар, жазбаша тапсырмалар, лекциялар тіпті кейде ойындар да жүргізіледі. Кейде дәрі-дәрмек қолдануға да тура келеді. Көбіне біз науқастарға өз ішіне үңілуге, реніштерін, қорқыныштарын, сырларын қағазға түсіруге, шығаруға үйретеміз. Бұл тапсырма кезінде маған да көп көмектескен. Ойынға тәуелді болған адамдар үнемі күйзелісте, стресте жүреді. Ондай кездерде ішкі толқыныстарды шығарып тұру өте пайдалы. Сонымен қоса біз консультант ретінде клиентпен етене жақын сөйлесеміз. Құмар ойынның қандай нәтижеге жеткізетінін, түбі бір тұйыққа тірейтінін түсіндіреміз.
Оңалту шараларынан кейін де емдеу аяқталмайды. 4 ай бойы сырттағы өмірден оңашада болған адам қоғамға бірден бейімделіп кете алмайды. Сол үшін біз науқастармен реабилитациядан кейін де біраз уақыт бойы байланыста боламыз. Бұл бізде «постлечебный процесс» деп аталады. Яғни науқас күндіз клиникада психологпен жұмыс істеп, түстен кейін қалыпты қоғамдық өмірге араласады.
– Осындай тәуелділігі бар адамдармен қай кезден бері жұмыс жасап жүрсіз? Осы салаға келуіңізге не себеп болды?
– Мен негізі бұл клиникаға 2021 жылы пациент болып келгенмін. Ойынға тәуелді болып, сан соққан адамдардың қатарында мен де бармын. Қазір, шүкір, толықтай емделіп, қайта аяққа тұрып, өзім сияқты қиындыққа тап болған адамдарға көмектесіп жүрмін. Орталықтағы оңалту шаралары аяқталған соң маған осында консультант ретінде жұмыс істеуге ұсыныс келді. Мен де қуана қабылдадым. Біздің орталыққа осы мәселе бойынша қаншама адам келеді. Олармен сөйлесіп отырып кейде өзімді көргендей боламын. Өзім сияқты ойыннан опық жеген бір адамға болса да көмектессем деймін.
«Онда терезе де, сағат та болмайды»
– Ойынға тәуелділік неден пайда болады?
– Басында мен өзімді тәуелдімін деп ойлаған жоқпын. Тіпті жағдай әбден ушығып кеткен кезде де мендегі мәселе тәуелділік екенін мойындағым келмеді. Біздің қоғамда ұтыс, оңай ақша деген дүниелерді қалыпты санайды. Жай ғана қызығушылық, көңіл көтерудің соңы қалай ушығып кеткенін білмей қалады. Себебі бұл да сананың есірткісі. Ойынға кіргенде құдды басқа әлемде жүргендей сезінесің. Өмірдегі бүкіл күйзелістеріңді, қиыншылықтарың ұмытылып кеткендей болады. Ешқайда асықпайсың, онда терезе де, сағат болмайды. Бір кіргенде 3 тәуліктің қалай өткенін білмей де қаласың.
– Алғаш «ставкамен» қалай таныстыңыз, қай кезден бастап ұтысқа ақша тіге бастадыңыз?
– Мен ең алғаш букмекерлік кеңселер, ұтыс деген дүниемен 2009 жылы таныстым. Ол кезде 9-сыныпта оқитын едім. Қалтамдағы 500 теңгені тігіп, алғаш рет ұтылдым. Сөйтіп, футболға деген қызығушылығым біртіндеп құмарлыққа айналып, ірі көлемде ақша салып, ұтылған ақшаның орнын толтыру үшін тағы да үстемелеп тігіп жүрдім. Сөйтіп, өзімнің қалай тәуелді болып, қалай қарыздың астында қалғанымды білмей қалдым.
– Ең көп ұтылған ақшаңыз қанша?
– Есімде жоқ. Оданша мен сізге қарызымның жалпы сомасы қанша болғанын айтайын. Мен ойнай бастаған 2009 жылдан 2021 жылға дейін бас-аяғы 12 жылда 285 миллион теңгеге борыштар болдым.
– (Мен жаңылыс естіген болармын) 285 миллион?
– Иә, 285 миллион теңге. (Ол жедел қолына телефонын алды да 285 миллион теңгені долларға шақты).Қазіргі курспен 634 000 доллар.
— Қарызыңыздан толығымен құтыла алдыңыз ба?
— Жоқ. Жақын арада да бірден құтыла аламын деп айта алмаймын. Бірақ бүкіл қорқынышымды жеңіп, қарыз алған адамдарға барып, бетпе-бет сөйлестім. Қайтаруға әрекеттеніп жүргенімді айтып, бөліп-бөліп төлеуге келістім.
(Кейіпкердің осы жауабынан соң, мен бұл ауыр тақырыпқа қайта оралуды жөн көрмей, сұрағымды іркіп қалдым. Бөлме ішінде аздаған үнсіздік орнады).
Ресми мәліметтер бойынша қазақстандықтар ұтыс ойындарына жыл сайын 456 миллиард теңге жұмсайды екен. Елімізде биылғы жылы 350 мың адам лудоман ретінде тіркелген. Әрбірңнің мойнында орташа есеппен 10 миллион теңге көлемінде қарызы бар.
– Құмарлық неден туады?
– Мен бұрын өзімнің осы ойынқұмарлығымды қызығушылықтан деп білуші едім. Бірақ қазір клиенттермен сөйлесіп, өз басымнан өткен жағдайды бағдарлап көрсем, мәселенің түп тамыры отбасындағы тәрбие, қарым-қатынас, жылудың жетіспеуінен екен. Әлдебір іс бастар алдында жақындарымен ақылдасу, қиындық туындағанда көмек сұрау, немесе жай ғана жақын жандарыңның бар екенін түсінген адам мұндай жағдайға түспейді. Әрине, мен өз қателігім үшін ешкімді кінәламаймын. Бірақ адамдар тәрбиенің ошағы отбасы екенін ұғынса деймін. Мысалы мен балалық шағымды еске алсам, көз алдыма қарбалас жұмыспен күні бойы үйде болмайтын әке-шешем мен сол қарбаластықтан қашан көрсең бір жазылмайтын қабақтары ғана елестейді. Дастарқан басында төрт көзіміз түгел арқа-жарқа болып отырған кезіміз де есімде жоқ. Тіптен інім екеуміз күні бойы үйде жалғыз отыратынымызға үйренгенім сонша, кей кезде ата-анам жұмыстан келмей-ақ қойса, болмаса біз жатып қалғасын келсе екен деп тілейтінмін. Арадағы осы бір салқындық пен қорқыныштан мен ешқашан сырымды, ойларымды ата-анама айтпайтынмын. Кейін есейіп, өз қолым өз аузыма жеткен соң, үйден мүлдем жырақтап кеттім.
«Мені емдеу орталығына байлап алып барды»
– Өзіңіздің тәуелді болып қалғаныңызды қай кезде, қалай түсіндіңіз?
– Мен өзім 2011 жылдан кәсіпқой футбол командасында ойнадым. Ол кезде айлық, жағдай бәрі жақсы болды. Мен келген ақшаның бәрін ойынға тіктім. Бізде командалар арасында достық кездесулер болып тұрады. Сондай кезде мен өзім ойнап жүріп, өзім ақша тігетінмін. Тіпті кейде өз командама қарсы да ұтыс тіккен кездерім болды. Сөйтіп, 2018 жылға дейін осындай дел-сал күйде жүрдім. Мен тіпті өзімді ойынға тәуелді екенімді де білген жоқпын, кез келген уақытта қойып кете алатыныма сенімді болдым. Бір күні үйге келсем, ата-анам, бүкіл жақындарым жиналып, мені қайта оңалту орталығына апаратынын айтты. Енді көріп тұр ғой жағдайымды. Мен, әрине, қарсы болдым. Сөйтіп, олар мені емдеу орталығына байлап алып барды. Бірақ клиниканың дәл алдына келгенде мен қашып кеттім. Қолымда телефоным, қалтамда көк тиыным жоқ, туыстарымнан қашып, көшеде бағыт-бағдарсыз кетіп бара жатып, өзімнің қандай деңгейге құдырағанымды, өмірімді қалайша құртқанымды түсіндім. Менде бәрі болды. Отбасым, кәсіпқой спорттағы мәнсабым, абыройым, бизнесім, көліктерім бәрін-бәрін ұтысқа салдым. Ұтылдым.
– Бұл тәуелділіктен қалай арылдыңыз?
– Бұл енді жаңағы оқиғаның жалғасы. 2021 жыл еді. Ол кезде ставкадан картаға, казиноға көшкенмін. Қолымда барды түгелдей ойынға салып бітіргем. Бүкіл дүние маған мән-мағынасыз болып көрінді. Жылағым келеді, өзімді өлтіргім келеді. Сол кезде екі жыл бұрын мені апарған емдеу орталығы ойыма келді. Емделемін деп шештім. Сөйтіп, мамама, әйеліме хабарласып көмек сұрадым. Олар мені осы орталыққа алып келді.
– Қазірдің өзінде қоғамда қаншама адам осы дертке шалдыққан. Енді осы қиындықпен бетпе-бет келген адам ретінде соларға қандай кеңес берер едіңіз?
– Көмек сұраудан ұялмаңдар дер едім. Жақындарыңның көмегінсіз бұл дерттен арылу қиынға соғады. Олардың сөздеріне құлақ асып, өзіңе сырттай баға беріп көру керек. Менің қателігім – өзгелердің сөзіне құлақ аспайтындығымда болды. Бүкіл шешімді өз түпсанаммен қабылдайтынмын. Ал ол болса, әлдеқашан уланған еді.
– Мәселенің қоғамда осыншалық белең алып кетуіне не себеп?
– Сіз өзіңіз дәл қазір көшеге шығып, айналаңызға бір көз салыңызшы. Бір қарағаннан-ақ оншақты букмекерлік кеңсе, лотолардың жарнамасына көзіңіз түседі. Бұл өтпелі кезеңдегі мектеп оқушысынан бастап, студент, ересек адамның өзінің қызығушылығын оятады. Қазір бәріне ақша керек, ал жұмыс табу қиын. Содан кейін, әрине, оңай жолға жүгінесің. Бір рет, екі рет ойнайсың. Бірде ұтасың, бірде ұтыласың. Сөйтіп жүріп қалайша тұзаққа шырмалғаныңды, жем болғаныңды аңдамай да қаласың.
– Кейінгі жастарды ойынқұмарлықтан қалай сақтандырамыз?
– Қазір осы құмар ойындарға қарсы көптеген жұмыстар жүріп жатыр. Олардың бәрі, әрине, жақсы. Бірақ арамшөпті тамырынан жұлу керек. Жоғарыда айтып өткенімдей, тәуелділіктің негізгі себебі жалғыздықта. Қоғамда осыншама адамның құмарлық дертіне ұрынып, отбасын ойрандап, қарызға белшесінен батып отырғандығы отбасындағы тәрбиенің осалдығының көрсеткіші. Осы себепті баланың мұндай былықтан аулақ болуын қаласаң, онымен дос ретінде ашық сөйлес деймін. Өмірінде қандай өзгерістер, қандай жаңалықтар болып жатыр екен? Нені армандайтынын, болашақта кім болғысы келетінін сұрап біл. Егер баламен дос бола білсең, ол барлық сырын сенен бүгіп, жасырмайтын болады. Сол кезде қоғамда лудомандар ғана емес, наркомандар, алькоголиктер, қылмыскерлер де болмайтын еді деп ойлаймын.
– Ақтарыла айтқан әңгімеңіз бен берген ақпарларыңыз үшін көп рақмет, аға! Өміріңіз жарқын да берекелі болсын!