Лукашенко 20 саяси тұтқынға рақымшылық жасады
Беларусь басшысы Александр Лукашенко 30 желтоқсанда жарлыққа қол қойып, «экстремизм» баптары бойынша сотталған 22 адамды кешірді.
Олардың 20-сы — саяси тұтқындар. Бұл туралы Deutsche Welle басылымы Лукашенконың баспасөз қызметіне жақын «Пул первого» Telegram-арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Ресми мәліметке сәйкес, бостандыққа шыққандардың барлығы Мемлекет басшысының атына кешірім сұрап өтініш жазған, «кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген». Қазіргі таңда кешірілгендердің есімдері жарияланған жоқ. Сондай-ақ олардың елден шығарылған-шықпағаны туралы да нақты ақпарат берілмеді.
Құқық қорғау орталығы Вясна дерегінше, бостандыққа шығатындардың қатарында 15 әйел мен 7 ер адам бар. Олардың 11-інің кәмелетке толмаған балалары бар.
Айта кетейік, бұған дейін — 2025 жылғы 13 желтоқсанда Лукашенко АҚШ-тың Беларусь жөніндегі арнайы өкілі Джон Коул бастаған америкалық делегациямен келіссөздерден кейін 123 саяси тұтқынды босатқан еді. Ол тізімде беларусь оппозициясының жетекшілерінің бірі Мария Колесникова, экс-президенттікке кандидат Виктор Бабарико, сондай-ақ «Вясна» құқық қорғау орталығының басшысы, Нобель сыйлығының лауреаты Алесь Беляцкий болған. Ол кезде босатылғандардың барлығы Беларусь аумағынан шығарылған.
«Вясна» мәліметіне қарағанда, 2024 жылғы шілдеден бері Беларусь билігі кешірім тәртібімен жалпы 569 саяси тұтқынды босатқан. Алайда 2025 жылы кешірілген саясаткер Николай Статкевич елден кетуден бас тартқан соң, қайтадан колонияға жіберілген.
Сарапшылар бұл кешірім науқандарын Минск пен Батыс арасындағы келіссөздер аясындағы тактикалық қадам ретінде бағалайды. Дегенмен Беларусьтегі адам құқықтары ахуалы түбегейлі өзгерді деу әлі ерте екенін құқық қорғаушылар атап өтеді.