Лукашенко 52 саяси тұтқынды босатты, «Белавиа»-дан санкциялар алынды

Беларусь президенті Александр Лукашенко АҚШ өкілдерімен кездесуден кейін 52 саяси тұтқынды бостандыққа шығарды. Бұл қадам Минскіге қарсы салынған санкциялардың жұмсаруы және «Белавиа» әуе компаниясына қатысты шектеулердің алынуымен тұспа-тұс келді.
Минскіге АҚШ президентінің арнайы өкілі Кит Келлогтың орынбасары Джон Коул келіп, Лукашенкомен бес сағатқа жуық кездесу өткізді. Кездесу «беларусь-америкалық диалогтың жаңа кезеңі» деп сипатталды.
Коул Вашингтон тарапынан «Белавиа» компаниясына салынған санкциялар алынып тасталғанын мәлімдеді. Санкциялар алғаш рет 2023 жылы енгізілген болатын.
Сонымен қатар ол Дональд Трамптың арнайы хатын Лукашенкоға табыс етті. Онда АҚШ президенті беларусь басшысын туған күнімен құттықтап, теннисші Арина Соболенконың АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісін атап өткен. Коул Америка елшілігінің Минскіде қайта ашылуы мүмкін екенін де жоққа шығармады.
Бостандыққа шыққандар арасында оппозиция лидерлері бар
Кездесуден кейін Беларусь түрмелерінен 52 саяси тұтқын босатылды. Олардың арасында алты литвалық бар. Литва президенті Гитанас Науседа бұл қадам үшін Трампқа алғысын білдірді.
Лукашенко 14 шетел азаматын, соның ішінде Литва, Латвия, Польша, Германия, Франция және Ұлыбритания азаматтарын кешіргенін хабарлады.
«Наша Нива» басылымының жазуынша, босатылғандар қатарында белгілі оппозициялық саясаткер Николай Статкевич пен философ Владимир Мацкевич те бар.
Лукашенко кездесуде саяси тұтқындарды «тұтқын» деп атаудан бас тартып, оларды «саяси баптар бойынша сотталғандар» деп сипаттады. Ол олардың елден шығарылуы мүмкін екенін айтып, «үлкен мәміле» жөнінде пікір білдірді.
Құқық қорғаушылардың дерегінше, Беларусьте әлі де 1200-ден астам адам саяси баптар бойынша сотталып, түрмеде отыр.
Коулдың сапары Ресей мен Беларусьтің «Запад-2025» бірлескен әскери жаттығуларының алдында өтті. Бұл жаттығуларға дайындық аясында көршілес елдер қауіпсіздік шараларын күшейтті. Польша 12 қыркүйектен бастап Беларусьпен шекарасын уақытша жабатынын мәлімдеді. Ал Польша мен Латвия ресейлік дрондардың шабуылынан кейін Беларусь шекарасына жақын әуе кеңістігін жапты.