Лукашенко мен Қайрат Нұртас бәріміздің бетпердемізді ашты

«Сенікі дұрыс болу керек. Дұрыс болмаса да. Біреу бүкіл жүйеңді теріске шығарып, сенің өтірігіңді ашқысы келсе – ол террорист.
Қауіпті экстремист. Соттап жіберу керек. Оған, оның өзіне де, сөзіне де тыйым салу керек.
Сенікі – шындық, қалған миллиондаған қыртыңбайлардыкі – жалған. Бір-екеу емес, мыңдаған, миллиондаған адамнан жоғары тұратын «киелі» адамдар болады. Соның бірі – сенсің! Құдай адамның бәрін бірдей қылып жаратқаны рас, бірақ сені ғана олардың бәрінен ерекше қылып жаратты. Сол үшін сен билікте отырсың басшы болып. Мені қызметімнен алуға, маған «кет» деуге, мені ығыстыруға, итеріп тастауға, сайлауда да, басқа бәсекеде де жеңіп кетуге болмайды».
Лукашенко сияқты адамдар солай ойлайды-ау. Лукашенко мен Бердымұхамедовтар ғана емес, жалпы адамзат осындай заңмен жүріп-тұрып келеді. Біз бен белорустар түгіл, дамыған батыс елдерінің саяси кино-сериалдарына қарасаңыз да, солай екен. Билікке, байлыққа, атақ-абыройға жету үшін міндетті түрде керек жерде керек біреуді алдау керек, кемшілігіңді жасырып, мақтауыңды асыру керек, артыңның қуысын, жасаған ұрлығыңды білетіндердің үнін өшіріп, сен көздеген жерге бұрын жетуі мүмкін бәсекелесті аяқтан шалу керек. Ала жіпті аттауың керек, қысқасы. Ауылда қой бағып, бақшада шөбін өсіріп отырған қарапайым шаруа, зауытта қара тер болып, кезекті айлығын қуана күтетін, жұмыста кеше түскен азғантай сыйақысын алып, үй ішіндегі бала-шағасын қуантуға асығатын жай адам емес ондайлар. Олар шынымен, «биік» адамдар. Бала-шағаның ортасы, ошақ қасы деп жүрген тым қанағатшыл, Құдайдан қорқатын қарапайым пенделерден Лукашенколардай биліктің биігіне самғайтын «ұлы» тұлғалар шықпайды. Содан болар, биліктің биігіне көтерілгендердің көпшілігінде отбасы болмайды. Болса да, оныкі әдетте отбасы деген аты ғана. Күндіз-түні үй көрмей, ел билесең, әрине, қайдағы отбасы?
Лукашенко сол үшін шегіне алмайды. Өмір бойы көксеген биігінен қалай ол түсе салмақ? Ол енді өле-өлгенше президент болмаса, басқаша өмір сүре алмайды-ау. Қарап отырсаңыз, ол ешқандай да «елім, халқым, жерім» деген емес, «өзім» деген асқан эгоистің өзі болып шықты.
«Өзім» дегеннен шығады, қазақтың атақты әншісі Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Әбдікәрімова «Жаһан аруы-2020» деген сұлулық байқауына түсіп жатыр екен Қазақстанның атынан. www.mrsuniverseltd.com сайтында қатысушыларға онлайн дауыс беру ашылып, жұлдызды отбасының келіні екі-үш күнде 40 мың дауыс жинап үлгеріпті, әлемнің әр елінен қатысып жатқан басқа 83 аруды артында алыс қалдырып. Бірақ ол сайтта дауыс беру тегін емес, бір дауыс 5 доллар тұрады екен. Енді есептесеңіз, жұлдызды жұптың отбасы мен туған-жараны һәм өзге қолпаштаушылары әлгі атақты қалайда алу үшін 84,5 миллион теңге жұмсаған болып тұр. Байлығы сонша тасып жатыр екен, пандемия салдарынан табысынан айырылып, күнкөріске ақша таппай, әбден қиналып жүрген өз еліндегі отандастарына қайырымдылық көрсетуге болмас па еді?
Міне, тағы да «елім мен халқымнан» «өзім» деген сезім асқақ екенінің куәсі болар бұл.