Лукашенко Польшаға кірген дрондарға елінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді

Беларусь президенті Александр Лукашенко Польша мен Литва әуе кеңістігіне кірген дрондарға елінің қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
Бұл туралы ол мемлекеттік наградалар тапсыру рәсімінде айтты, деп хабарлайды БелТА.
«Польша мен Литваға ұшып жатқан дрондардың бізге ешқандай қатысы жоқ. Біз оған сабырмен, тиісті арналар бойынша жауап беріп отырмыз», — деді Лукашенко.
Оның сөзінше, Беларусь кейбір дрондарды атып түсіруге күш жұмсаған.
Польшадағы жағдай
10 қыркүйекте Польша билігі ел аумағында 20-ға жуық дрондардың кіргенін хабарлады. Премьер-министр Дональд Туск олардың «ресейлік» болғанын мәлімдеді. Ал Беларусь қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Павел Муравейконың айтуынша, Минск алдын ала ескерту жасағандықтан, Польша жедел әрекет етіп, әуе күштерін көтерген.
Ресей Қорғаныс министрлігі болса, Польша аумағындағы нысандарға дрондармен соққы беру жоспарда болмағанын айтты.
15 қыркүйек кешінде Варшавадағы үкімет ғимараттарының үстінен тағы бір дрон ұшып өтті. Польша билігі оны жойғанын, ешқандай оқ атылмағанын хабарлады.