Лукашенко Time-ға сұхбат берді

Беларусь президенті Александр Лукашенко бірнеше ай бойы америкалық Time журналының журналисі Саймон Шустерден сұхбат алуды сұрап жүрген. Ақыры шілде айында Минскіде әңгімелесу мүмкіндігі туған.
Журналисттің жазуынша, сұхбатқа келісу үшін беларусь тарапы бірнеше рет байланысқа шығып, тіпті материал жариялаудың бағасын сұраған. Шустер бұл процесс ешқандай қаржылық төлеммен байланысты еместігін түсіндірген соң, тараптар сұхбат шарттарын бекіткен: әңгіме Минскіде өтіп, барлық тақырыптар алдын ала бекітілмейтін болған.
Путин мен Трампты кездестіру жоспары
Time мәліметінше, Лукашенконың басты мақсаты — Ресей президенті Владимир Путин мен АҚШ басшысы Дональд Трамп арасындағы кездесуді ұйымдастыруда делдал болу.
"Маған әлі түсініксіз — ол өз еркімен әрекет ететін бітімгер ме, әлде Кремльдің қолындағы марионетка ма", — деп жазады Шустер.
Минскідегі ұсыныс
Беларусь көшбасшысы АҚШ, Ресей және Украина президенттерін Минскіде кездестіруге дайын екенін айтқан.
"Мен осыны қолға аламын. Бейбітшілік үшін. Бірақ Зеленский қарсы болуы мүмкін. Егер келіссөздер ақылға қонымды жүргізіліп, Ресей Украинаға, ал Украина Ресейге белгілі бір келісім жасаса, бұл соғысты біржола тоқтатуға болады", — деді Лукашенко.
Ол сонымен қатар, егер тараптар бір-біріне әуе шабуылдарын тоқтатса, Мәскеу бітімге келуі ықтимал екенін жеткізді.
Сұхбат Лукашенконың Минскідегі резиденциясында, шағын кітапханада өткен. Журналисттің байқауынша, сөрелерде Александр Дугиннің еңбектері, ал бұрышта Владимир Лениннің портреті тұрған.