Лукашенко Трамптың «Бейбітшілік кеңесіне» қосылуға келісті
Беларусь президенті Александр Лукашенко АҚШ президенті Дональд Трамп бастамасымен құрылған «Бейбітшілік кеңесіне» қосылу туралы құжатқа қол қойды.
Бұл туралы Беларусьтің мемлекеттік агенттігі БелТА хабарлады.
Лукашенко құжатқа сейсенбі, 20 қаңтар күні қол қойған. «Пул Первого» Telegram-арнасы жариялаған мәліметке сәйкес, АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио атына жолданған хатта Беларусь «Бейбітшілік кеңесінің» ережесін қабылдайтыны көрсетілген.
Reuters бұл қадамды Минск пен Вашингтон арасындағы соңғы жылдардағы оқшауланудан кейінгі жақындасудың кезекті белгісі деп бағалады. Агенттіктің еске салуынша, 2025 жылы Трамп әкімшілігі Беларуське қатысты санкцияларды ішінара жұмсарта бастаған. Бұл бірқатар саяси тұтқындардың босатылуымен байланысты. Трамп Лукашенконы бұған дейін «өте құрметті президент» деп те атаған.
Reuters дерегінше, АҚШ тарапы шамамен 60 елге жіберген кеңес ережесінің жобасында мүшелікті үш жылдан артық жалғастырғысы келетін мемлекеттер үшін 1 млрд доллар (шамамен 853 млн еуро) көлемінде жарна төлеу мүмкіндігі қарастырылған.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Трамптан осындай ұсыныс алғанын растады, алайда Киев бұл мәселеге қатысты түпкілікті шешім қабылдамаған. Зеленскийдің сөзінше, Ресей мен Беларусь бар кеңесте бірге болу Украина үшін қабылдауға қиын.
"Мен үшін Ресеймен қандай да бір кеңесте бірге отыруды елестету өте қиын. Ресей – бұл “соғыс кеңесі”, ал Беларусь те соның қасында", - деді Зеленский.
Алғашында Трамптың «Бейбітшілік кеңесі» Таяу Шығыстағы, әсіресе Газа секторындағы қақтығысты реттеуге арналған орган ретінде ұсынылған. 2025 жылдың қазан айында бұл құрылым БҰҰ-дан тиісті мандат алған.
Алайда кейін Трамп кеңестің өкілеттігін кеңейтуді көздейтінін білдірді.
Бұған дейін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан да ұсынысты қабылдағаны белгілі болды. 19 қаңтар күні Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Трамптың шақыруын «шынайы ризашылықпен» қабылдағанын мәлімдеді. Ол Таяу Шығыста тұрақты бейбітшілікке, мемлекетаралық сенімді нығайтуға және жаһандық тұрақтылыққа үлес қосуға дайын екенін айтты.
Германия үкіметі де ұсыныс алғанын растады. Сонымен қатар 19 қаңтарда Ресей президенті Владимир Путин де шақырту алған, алайда Мәскеу әзірге ресми жауап бермеген.
БАҚ мәліметінше, Трамп жалпы саны шамамен 60 мемлекетті «Бейбітшілік кеңесіне» шақырған. Олардың қатарында Түркия, Канада, Өзбекстан, Еуроодақ елдері және Еурокомиссия төрайымы Урсула фон дер Ляйен бар.
Кеңес құрамына сондай-ақ Марко Рубио, Трамптың арнайы өкілі Стивен Уиткофф, оның күйеу баласы Джаред Кушнер, Дүниежүзілік банк басшысы Аджай Банга және Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі Тони Блэр кірген. Кеңес төрағасы – Дональд Трамптың өзі. Газа мәселесі бойынша жоғарғы өкіл болып болгар дипломаты Николай Младенов тағайындалған.