Лукашенконың тыныш жатқан Назарбаевта несі бар?
Беларусь президенті Александр Лукашенко тыныш жатқан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа телефон соғып, әлемдегі және аймақтағы, екі ел арасындағы саясатты талқылады.
Үйінен ұзап шыға алмай, ел бетіне қарауға беті жоқ боп отырған зейнеткермен аймақтағы саясатты талқылайтындай Лукашенконың не басына күн туды?
Ресейде өткен сенбілік бүліктен кейін жексенбіде Ақордада Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс жиыны өтті. Онда Ресейдегі бүліктің елімізге қалай әсер етері және оның алдын алу мәселесі сөз болып, әр салаға арнайы тапсырмалар жүктеген (бұл кезде Ресейде жағдай тұрақталған: Путиннің Кремльден қашпайтыны, «Вагнер» Мәскеуге жорығын тоқтатып, оның көсемі Е.Пригожиннің райынан қайтқаны белгілі болған).
Егер Беларусь президенті Лукашенконың Назарбаевқа телефон соғып, оның баспасөз қызметі жазғандай «әлемдегі және аймақтағы, екі ел арасындағы саяси жағдайды талқылағаны» болмаса, онда Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс өткен бұл жиыны бекер өтті деуге болар еді. Немесе оған мүлдем мән берілмес еді. Әрине, Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысында не айтылғаны бізге беймәлім. Бір анығы бүгінде Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатын Путин де, Лукашенко да жақтырмай жүргендей.
Саясатта «күнделікті өмірде немесе жаймашуақ жағдайда шеше алмайтын шешімді қандай да бір проблеманың арқасында, соның аясындағы айғай-шу кезінде шешіп алу керек» деген тәмсіл бар. Осыған сүйенсек, Путин әккі саясаткер ретінде осы бүлікті пайдаланып, «Вагнер» жорығы мен оның көсемі Пригожиннің еркелігін жазалаумен ғана шектелмейді. Қайта, осы бүліктен өзіне барынша пайда іздейді. Ішкі мәселеде Путин бұрынғыдан да қатаң шешімдер шығаруға, елдің әскери дайындығын барынша күшейтуге, кадрларды сапырылыстыруға білек сыбанып кіріседі. Ал сыртқы саясатта ол өз озбырлығына қолдаушы іздейді.
Мұндайда әлбетте салмақ, Қазақстанға түседі. Себебі арғысын айтпағанда, бергі отыз жылдықта Назарбаев Қазақстан мен Ресей арасындағы ғасырлар бойы байланған кіндікті қан шығармай кесіп тастаудың орнына, Еуразия экономика одағы, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы сынды түрлі ұйым-одақтармен одан әрі матап, дәнекерлеп тастады. Әрине, көрші болған соң байланыс керек, бірақ ол байланыс сауда-саттық, өнер, білім, мәдениет, спорт, экономикада болса жарасымды. Алайда, Мәскеуді ондай байланыс қанағаттандырмайды. Оның себебін түсіндіру үшін бірнеше факторды есепке алу керек.
Ең алдымен кешегі «Вагнер» бүлігі кезінде Түркия жетекшісі Ердоған Путинге керек болса әскери көмек көрсете алатынын айтқан. Ал Беларусь президенті Путин мен жендет Пригожиннің ортасында келіссөз жүргізуші болып шыға келді. Ал Қазақстан президенті Тоқаев болса, Путинге «Ресейде болып жатқан жағдай – Ресейдің ішкі шаруасы» деп, тартынып қалды. НАТО-ға мүше мемлекет – Түркияның жетекшісі, Кремльсіз таңы атпай қалған Беларусь басшысы елпілдеп-желпілдеп жатқан сәтте Қазақстан президентінің дәл осы сәтте бейтараптанып отырып алғаны Путинге ұнамайтыны анық.
Және бұл ұнатпаудың астары қалыңдау. Тоқаев Ресейдің Украинадан аннекциялап алған аймақтарын мойындамайтынын алдыңғы жылы ашық айтқан. Жақында ғана Еуразия экономика одағы болсын, басқа құрылым болсын, Қазақстан әскери және саяси одаққа қосылмайтынын тағы да білдірді. Осыдан кейін Путин мен Лукашенко бұл мәселеде Тоқаевпен сөздері жараспайтындарын түсінген сияқты. Мұндайда, әлбетте, Қазақстан тарапынан ешқандай «вопрос» болмайтын баяғы балдәурен еске түседі. Ақ орыс пен сары орыс бірігіп, енді Назарбаевты іске қосып көруді ойластырған секілді. Қанша дегенмен Назарбаев Еуразия кеңістігінде құрылған, құрылуы түрлі одақ пен ұйым атаулының авторы өзі екенін дәуірі жүріп тұрғанда ылғи да мақтанышпен еске салып қоятын. Одан бөлек, диктаторлық үштіктің белді мүшесі ретінде өзінен қайрылып кеңес сұраған ескі достарына білгенін айтудан тартынып қалмайтыны анық. Оның тағы бір себебі бар.
Назарбаев пен Тоқаевтың арасынан қара мысық жүгіріп өткен Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың жеке басының қауіпсіздігіне бейресми түрде Путин кепіл болып отырғандай көрінеді. Өйткені Назарбаевты қазір зейнетінің бейнетін көріп отыр деуге келмейді. Отыз жыл бойы естіген қолпаштау мен мадақ тоқтаған; жақындары түгелге жуық қызметтен шеттетілді; түрмеге түсіп жатқаны, бас сауғалап, шет ел кеткені, ауру болып, мүсәпір кеп танытып жатқаны, дүние-мүлкін «өз еркімен» мемлекетке қайтарып жатқаны бар, бір кездері отбасына дейін заңмен қорғалатын тұңғыш президент заңдық мәртебеден айырылып бітті. Отыз жыл «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс» болған адам үшін мұндай күйге түсу қорлықпен тең. Кеудесінде жаны барда қарымта қайтарғысы келмей тұрмайды. Ол үшін Путиннің айтқанына көніңкіремей жүрген Тоқаевтың беделін түсіру керек-ақ. Ол үшін, әрине, көмекті сол Путиннің өзінен алады. Ал Путин кешегі жағдайда өзі асыраған әскери жасағынан өзі шошып, қалтырап отырып, үйінен ұзап шыға алмай отырған зейнеткер Назарбаевқа телефон соқса күлкіге қалатынын біледі. Әлбетте, араағайын Лукашенко тұрғанда, Путин көп бас қатырып, әуре болмайды. Оның үстіне былтыр ғана Лукашенко Астанаға келіп, Назарбаевтың үйінде қонақта болып, «біз үшеу едік» деп, альбом ақтарып, сағынышын басып кеткені тағы бар. Қалай дегенде де, Лукашенконың аяқасты Назарбаевпен аймақтың жағдайын талқылай қалуы кездейсоқ емес.
Путинге кешегі бүліктен кейін абырой мен билігін сақтап қалуы үшін, келесі жылы президенттікке қайта түсетіндей беделі болуы үшін Еуразия кеңістігінде өз бастамасымен әскери-саяси одақ құру ауадай қажет. Ал өлімнен ұят күштіге салатын Назарбаевқа жоғарыда айтқандай, қарымта қайтару керек. Екі жақтың мүддесі бір – Тоқаевты тұқырту.
Лукашенко да қу. Назарбаевқа қоңырау соғып, саясатты талқыладым дегені Тоқаевты «елемеудің» амалы. Онысын Назарбаев та түсіне қойып, қаңтардан кейін айтқан сөзін ұмыта тұрғанды дұрыс көрген сыңайлы: «2019 жылы билікті өткізіп бергем, саясатқа қатысым жоқ, қарапайым зейнеткермін» деген сөзін Лукашенкоға айтпаған болып тұр. Айтса, батьканың баспасөз қызметі әлемдегі, аймақтағы және екі ел арасындағы саяси жағдайды талқылады деп жазбас еді. Демек, Назарбаев астыртын саясатқа араласуға бейілді. Мәскеудегі қолдаушыларын көріп отыр. Олар да жақында ғана сыйға алған Үшқоңырына көшіп барып, жаз жайлауда еркін жатпай қойған, Астанадан аттап шықпай, Ақорданың бүйірінде жатып алған зейнеткерге жел беріп көрсе, кім біледі… Өйткені, қалай десек те, Назарбаевшыл топтар әлі де ауқатты. Қаржылары жеткілікті. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желіні басып алған жалдамалы блогерлері де көп.
Бұл енді Лукашенконың Тоқаевты аттап кетіп, Назарбаевқа телефон соғуындағы себептен іздеген саяси жорамалымыз. Саясатта кездейсоқ ештеңе болмайтынын ескерсек, бәрі мүмкін. Зейнеткер қарымта қайтаруға кіріссе… Және жаралы аю Путинге арқа сүйесе, онда, жалдамалы жендеттердің бұлғағы бізді де айналып өтпегені деген сөз. Қазақстан президенті төтен шақырып алған Қауіпсіздік кеңесінің кешегі отырысында бұл мәселелерді қарастырған болар деп үміттенеміз...