Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 10:00

Лувр музейін тонағандарға қатысты күдіктілер ұсталды

Лувр
Фото: Gonzalo Fuentes/REUTERS

Франция билігі өткен аптада Лувр музейін тонауға қатысы бар деген күдікпен екі адамды ұстады, деп хабарлайды AFP және BBC.

Париж прокуратурасы күдіктілердің қамауға алынғанын растады, бірақ олардың нақты саны мен тұлғалары әзірге жарияланбады.

Прокуратура дерегінше, күдіктілердің бірі 25 қазан, сенбі күні сағат 22:00 шамасында Париждегі «Шарль-де-Голль» әуежайында ұшаққа мінуге дайындалып жатқан жерінен ұсталған. Ол Алжирге ұшып кетпек болған. Екіншісі көп ұзамай Париж маңындағы Сен-Сен-Дени қалашығында қолға түскен.

Le Parisien басылымының хабарлауынша, ұсталғандар бұрын полиция тізімінде болған және дәл осы Сен-Сен-Дени ауданында тұрған.

100 миллион долларлық тарихи жәдігерлер ұрланған

Лувр музейіндегі ұрлық оқиғасы өткен жексенбі күні, яғни 19 қазанда, күндіздің өзінде орын алған. Қылмыскерлер музейдің терезесіне саты арқылы көтеріліп, әйнек пен раманы кесіп, ішке кірген. Олар құнды бұйымдар сақталған металл сейфтерді ашып, сегіз минутқа жетпейтін уақытта скутерлерге мініп, із суытқан.

Ұрлыққа бетперде таққан төрт адам қатысқан, оның екеуі ғимаратқа кірген. Тергеушілер олардың кәсіби қылмыскерлер екенін айтады.

Ұрланған бұйымдар мен шығын

Прокурор Лора Беккуа RTL радиосына берген сұхбатында ұрланған жәдігерлердің жалпы құнын 88 миллион еуро (шамамен 102 миллион доллар) деп бағалады.

«Бұл – орасан экономикалық шығын. Бірақ тарихи мұраға келген залал – ақшамен өлшенбейді», – деді ол.

Ұрланған бұйымдардың қатарында Наполеон Бонапарт пен Луи Бонапарттың өз жұбайларына сыйлаған алмас әшекейлері, диадемалар, маржан, сырғалар және түйреуіштер болған. Бәрі XIX ғасырдың туындылары және француз корольдік пен императорлық әулеттеріне тиесілі заттар.

Екі бұйым оның ішінде императрица Евгенияның тәжі — оқиға орнынан табылған. Тергеушілердің болжамынша, ұрылар оларды қашу кезінде тастап кеткен немесе жоғалтқан.

Тергеу жалғасып жатыр

Париж прокуроры Лора Беккуа күдіктілердің ұсталғанын растады, бірақ тергеу барысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат беруден бас тартты:

«Қазіргі мәліметтерді ерте жариялау тергеу мүдделеріне нұқсан келтіруі мүмкін. Бізде жүздеген тергеуші жұмыс істеп жатыр. Күдіктілер 96 сағатқа дейін тергеледі, содан кейін қосымша ақпарат беріледі», – деді ол.

Кей сарапшылардың пікірінше, ұрланған әшекейлер бұзылып, бөлшектеліп кеткен болуы мүмкін: яғни гауһар тастар мен бағалы металдар бөлініп, қара нарықта тарихи артефакт емес, жай материал ретінде сатылған.

Бұл оқиға Франция тарихындағы ең ірі музейлік тонаулардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Әділет министрі қауіпсіздік жүйелерінің істен шыққанын мойындап, елдің мәдени мұрасына зор нұқсан келгенін атап өтті.

Тергеу әлі де жалғасуда, ал Лувр басшылығы ұрланған жәдігерлердің қайтарылатынына үмітті.

Тегтер: