Лувр музейін тонау ісі бойынша тағы бес күдікті ұсталды
Парижде және оның маңындағы Сен-Сен-Дени департаментінде Луврдағы ұрлық ісіне байланысты тағы бес адам ұсталды.
Париж прокуратурасының басшысы Лор Беконың хабарлауынша, ұсталғандар 30 қазан күні кешке қолға түскен. Алайда ұрланған экспонаттар әзірге табылған жоқ.
Бұған дейін, 26 қазанда, екі күдікті ұсталған болатын. Олар ұрлық және қылмыстық астасу баптарымен қамауға алынған. Le Figaro газетінің мәліметінше, күдіктілер кінәларын жартылай мойындаған.
Олардың бірі — 34 жастағы Алжир азаматы, бұрын да жол ережесін бұзғаны және ұрлық істері бойынша полиция назарына іліккен. Ол тергеушілерге өзін курьер ретінде жұмыс істегенін айтқан.
Екіншісі — 39 жастағы заңсыз таксист әрі курьер, бұрын да ұрлық ісі бойынша тергеуде болған.
Топтағы адамдар саны төрттен көп болуы мүмкін
Тергеу деректеріне сүйенсек, Луврды тонаған топтың құрамында төрт адамнан артық болуы ықтимал. Бұл туралы Le Figaro прокурордың сөзіне сілтеме жасап жазды. ДНҚ іздері күдіктілерге шығуға себеп болған.
«Қазірше мұражай қызметкерлерінің көмегімен ұрлық жасалды деген дәлел жоқ», — деді прокурор Лор Беко.
Қылмыс қалай жасалған
Тергеу нұсқасына сай, ұрылар 19 қазан күні күндіз музейге кірген. Олар ұрланған жүк көлігіне орнатылған сырғымалы баспалдақты пайдаланып, терезені кескіш құралмен ашқан.
Ұрланған бұйымдардың арасында — Наполеон Бонапарттың әйелі, императрица Мария-Луизаға сыйлаған асыл тастармен көмкерілген изумрудты алқа да бар.
Қазір француз полициясы ұрланған экспонаттарды іздестіруді жалғастырып жатыр. Тергеушілер бұл істің артында ұйымдасқан халықаралық топ тұруы мүмкін екенін жоққа шығармайды.