Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:35

Луврдағы ұрлық: полиция төрт күдіктіні іздестіріп жатыр

Лувр
Фото: Gonzalo Fuentes/REUTERS

Франция астанасындағы әйгілі Лувр музейінде орын алған ұрлық оқиғасынан кейін полиция сегіз құнды экспонатты ұрлап, скутермен қашып кеткен төрт адамды іздеп жатыр.

Прокуратура мен президент Эммануэль Макрон тергеудің нәтижелі болатынына сенім білдірді.

Ұрлық қалай жасалды?

Париждің бас прокуроры Лора Беконың хабарлауынша, ұрлық Луврдың Аполлон галереясында — Франция патшалық әшекейлері сақталатын залда болған.

Ішкі істер министрі Лоран Нунес оқиғаны “өте тәжірибелі және жақсы дайындалған топ ұйымдастырған” деп сипаттады. Оның айтуынша, күдіктілер беттерін маскамен жауып, скутерлермен оқиға орнынан қашып кеткен. Алдын ала болжам бойынша, олар шетел азаматтары болуы мүмкін.

Бар болғаны жеті минут

Тергеу мәліметінше, ұрылар ауыр жүк көлігін пайдаланып, Луврдың бір терезесін сындырып, бірінші қабаттағы Аполлон галереясына тікелей кірген. Бүкіл операция небәрі жеті минутқа созылған.

BFM телеарнасы жариялаған бейнежазбада ұрылардың бірі сары жилет киіп, шыны витринаны сындырған сәті түсіп қалған. Кейін дәл сол жилет пен скутерлердің бірі полиция тарапынан табылған.

Не ұрланды

Қылмыскерлер Наполеон мен Жозефина коллекциясындағы сегіз құнды бұйымды алып кеткен. Олардың ішінде маржан тастар, алқа, жүзік және гауһар тастармен әшекейленген диадема бар.

Ал ұрылар асығыс кетіп, артында бір қымбат бұйым — асыл тасты тәжді тастап кеткен.

Париж прокуроры Лора Беко мәлімдегендей:

«Біз жуық арада ұрланған бұйымдарды қайтарамыз деп сенемін. Бұл топтың артында кәсіби ұйымдасқан қылмыстық желі тұрған болуы ықтимал».

Қазір іс бойынша 60-қа жуық тергеуші жұмыс істеп жатыр.

Лувр музейінің Аполлон галереясы – Франция тарихындағы ең қымбат жәдігерлер мен патшалық зергерлік бұйымдар сақталған орын. Бұл жолғы ұрлық соңғы онжылдықтағы ең ірі мәдени қылмыстардың бірі деп бағаланып отыр.

Тегтер: