Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдардың құны 88 миллион еуроға бағаланды

Францияның ең ірі мұражайы — Луврдан ұрланған асыл тастармен безендірілген зергерлік бұйымдардың жалпы құны 88 миллион еуро деп бағаланды. Бұл туралы Париж прокуроры Лор Бекко хабарлады.
Оның айтуынша, егер ұрланған бұйымдар бөлшектеліп немесе балқытылып сатылса, олардың нарықтық бағасы күрт төмендейді.
«Бәлкім, ұрылар мұны ойланып, зергерлік туындыларды бүлдірмес деп үміттенеміз», – деді прокурор радиодағы сұхбатында.
Ұрлық таңертеңгі уақытта болған
Луврдағы атышулы ұрлық 19 қазан күні таңертең жасалған. Тергеу дерегіне сәйкес, ұрылар саты арқылы ғимараттың екінші қабатына көтеріліп, терезені ашып, бірнеше минут ішінде Аполлон галереясындағы сегіз зергерлік бұйымды алып кеткен.
Париж прокуроры Лор Бекко New York Times басылымына берген сұхбатында былай деді:
«88 миллион еуро – үлкен сома, бірақ бұл тек қаржылық бағалау. Ұрланған туындылардың тарихи және мәдени құнын ақшамен өлшеу мүмкін емес».

Францияның Мәдениет министрлігі хабарлағандай, ұрланған заттар сақтандырылмаған, себебі мемлекет коллекцияларын сақтандыру шығындары тым жоғары.
«Мемлекет мұндай туындылардың кепілі ретінде өзі жауап береді. Бұл — Франциядағы қалыпты тәжірибе, өйткені мұражайларда зақымдану жағдайлары өте сирек кездеседі», – деп түсіндірді министрлік өкілі.
Тергеу мен күдіктілер
Қазір ұрлық ісі бойынша күдіктілер табылған жоқ. Тергеу ұйымдасқан қылмыстық топ әрекет етті деген нұсқамен жүргізіліп жатыр. Прокуратура тергеу тобын 60 адамнан 100 адамға дейін кеңейткенін мәлімдеді.
Сарапшылар не дейді?
Мәдени мұра саласының мамандары мұндай ұрлықтар көбіне өнер туындыларының бейнелік немесе тарихи құнын емес, олардың құрамындағы асыл тастар мен металдарды сату мүмкіндігін көздейтінін айтады.
Алайда прокурор Лор Бекко ескерткеніндей, егер ұрылар бұйымдарды ерітіп не бөлшектеп жіберсе, оларды нарықта толық бағамен сату мүмкін болмайды.
Бұл ұрлық Лувр тарихындағы ең ірі және ең ұйымдасқан мәдени қылмыстардың бірі болып бағаланып отыр. Тергеу жалғасуда, ал ұрланған жәдігерлердің тағдыры әзірге беймәлім.