М. Әуезов атындағы ОҚУ-дың экс-проректоры 5 жылға сотталды

М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің бұрынғы бірінші проректоры, кейінірек уақытша ректор қызметін атқарған Қайрат Нұрманбетов бюджет қаржысын жымқыру ісі бойынша кінәлі деп танылды. Бұл қылмыстық іс бойынша тағы бес адамға айып тағылған.
Нұрманбетов 2024 жылдың қыркүйегінде Шымкент қаласының экономикалық тергеу департаменті қызметкерлерімен ұсталған еді.
Кеше Шымкенттегі қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сот үкімін шығарды.
Тергеу материалдарына сәйкес, Нұрманбетов 2022 жылы университеттің шаруашылық қамтамасыз ету департаменті басшысының әрекетін тексермей, мемлекеттік сатып алуларды конкурс өткізбей, бір көзден алу тәсілімен келісімшарттарға қол қойған. Кейін қаржы департаментінің басшысына үш жеке кәсіпкерге 140 млн теңгеден астам қаражат аударуды тапсырған. Оның ішінде 13 млн теңге жымқырылған.
Бұл қаражатты ұрлауға университеттің екі департамент директоры және екі кәсіпкер-көмекшісі қатысқан.
2024 жылы, Нұрманбетов уақытша ректор қызметін атқарып жүрген кезде, университеттің бас ғимаратының техникалық бесінші қабатын жөндеу туралы шешім қабылдаған. Бұл жолы да тендер жарияламай, екі ЖШС және екі жеке кәсіпкермен құрылыс материалдарын жеткізуге 116 млн теңгеге келісімшарт жасаған. Бұл әрекетке де қаржы және шаруашылық департаменттерінің басшылары тартылған.
«Салдарынан университетке 116 млн теңге көлемінде айтарлықтай материалдық залал келтірілді», – делінген іс материалдарында.
Сот барлық айыпталушылардың кінәсі дәлелденді деп шешті. Залал толық өтелгенімен, Нұрманбетовке нақты 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды және оған өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды.
-
Шаруашылық қамтамасыз ету департаментінің басшысы – 5 жыл 7 ай (шартты түрде).
-
Қаржы департаментінің басшысы – амнистияны ескере отырып, 5 жыл 7 ай (шартты түрде).
-
Қаражат жымқыруға қатысқан екі адам – 1 жыл бас бостандығын шектеу және 5 жыл 7 ай шартты жаза.
-
Ал үшінші көмекші, ақшаны заңдастыру бабы бойынша да айыпталған – 5 жыл 7 айға бас бостандығынан айырылды және мүлкі тәркіленеді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.